-->

ИНДУСТРИАЛДЫ ПАРК ИГІЛІГІ

Астанадағы № 1 Индустриалды парк инженерлік инфрақұрылыммен 65 пайызға ғана қамтылған. Негізгі мәселе бұл аймақты жылу жүйесімен қамтамасыз етуге тірелді. Қалалық инвестиция және даму басқармасының басшысы Әлішер Әбдіқадыров осылай деп хабарлап отыр. Паркте жұмыс істеп жатқан 41 кәсіпорыннан 10 нысан ғана (24 пайыз) орталық жылу жүйесіне қосылған.

Қалған кәсіпорындар автономдық жылу жүйесімен отыр. Соның салдарынан біраз қаржысы қазандықтарды ұстауға жұмсалуда. Ал бұл өз тарапынан шығып жатқан өнімнің бағасына кері әсерін тигізуде. Биыл 10 кәсіпорын­ды орталық жылуға қосу жоспарланды.
Осы күндері қаланың өндірістік аумағында 3 мыңдай адам нәпақасын айыруда. Жұмысқа келу және қайту мәселелері бойынша түйткілдер бар. Оның себебі, бұл аймаққа № 64 автобус қана барады. Таңертең және кешке оның лық толатыны айтпасақ та, түсінікті шығар.
Жалғыз бағдардың өзі № 1 Индустриалды парк аумағын толық қамтымайды. Содан жұмысшылар, әсіресе, қыс мезгіліне қиналады. Бұл мәселені шешу үшін кейбір кәсіпорындар жұмысшыларды тасымалдау үшін көлік жалдайды. Бұл да біраз шығын әкеледі. Сондай-ақ,
аймақта автобус аялдамалары мен кәсіпорындардың орналасуын сілтейтін белгілер де жоқ.
Жалпы, аймақтағы жылу трассасының ұзындығы 3,4 ша­қырымды құрайды. Парк аумағы автокөлік жолда­рымен 96 пайызға, су желі­сімен 98 пайызға қамтылған.
№ 1 Индустриалды парктің пайдасына келсек, оның аумағында осы күндерге дейін 830 млрд теңгенің өнімі шығарылды. Соның 20,9 миллиарды – экспортқа негізделген өнімдер. Бюджетке содан 48,6 млрд теңгесі түсті. Coca-cola, General Electric, Alstom, Patentes Talgo, Selena, Ipek Kagit сынды трансұлттық компаниялардың қатысуы­мен индустриалдық жобалар жүзеге асырылуда.
Шетел инвесторлары мен өзге де трансұлттық компаниялармен бірге бірнеше жоба қолға алынды. Олардың қатарында Calatrava (АҚШ), NYK line (Жапония), Altynbas (Түркия), Sinozonto Mining (ҚХР), Acibadem (Түркия), Дана Холдинг (Сербия), Imasa
(Испания), Jumore (ҚХР), CISCO, IBM, Microsoft, Autodesk, IBM (АҚШ) сынды компаниялар бар.
Былтыр аймақта «Selena insulations» ЖШС құрылыс материалдарын өндіруді бас­таса, Ipek Kagit қағаз өнім­де­рін шығаруды қолға алды, ал «SWISSGROW» ЖШС тыңайтқыштарды шығару­мен айналыса бастады. Ал­ғашқы кә­сіп­орында Польша, қалған екеуіне Түркия инвес­тор болды.
Әлішер Әбдіқадыровтың сөзінше, № 1 Индустриалды парк аумағында 5-7 пайыз ғана бос орын қалды. Қазір № 2 Индустриалды парктің жобасын жасау жұмысы аяқ­талды. Оған халықаралық
кеңес­шілер, атап айтсақ, Син­га­пур
елінің «Jourong» ком­пания­сы тартылды. Келесі жылы оның инфра­құрылымының құрылысы басталуы тиіс. Құрылысқа мемлекет­тік ин­вес­тициялармен қатар жеке ин­вес­торлар, кейбір ны­сандарға мемлекеттік жеке әріптестік тетігі қосылады. Қазіргі таңда № 2 Индус­триалды парктің инфра­құры­лымдық жобалары бойынша Қытай инвесторларымен келіссөз­дер жүруде. Қос
парк­ті қос­қанда, оларға 100 жобаны жү­зеге асыру жоспарланды.

Аманғали Қалжанов

Жауап қалдыру

Сіздің email-адресіңіз жарияланбайды.Қажетті өрістер таңбаланған *

*