Пятница, 22 Сентябрь 2017
-->

ІЛИЯСТЫҢ ШӘКІРТІ ЕДІ ҒАЛИ АҚЫН

Астанадағы Ұлттық академиялық кітапха­­на­да қазақтың көрнекті ақыны Ғали Ормановтың 110 жылдығына арналған «Ғали ғибраты» атты әдеби-танымдық кеш өтті.

Бастауыш сыныпта оқимын. Бірде Моншақ апайымыз балаларға Ғали Ормановтың «Алғашқы адым» деген өлеңін жаттап келуге тапсырды. Үйге келгеннен кейін «Ана тілі» кітабындағы тілге жеңіл, таңғы шықтай мөлдіреп тұрған лирикалық туындысын жаттап алдым. Көңіліме бірден қона кетті. Ертеңгі сабаққа барғанша қоярда-қоймай үйде айтып жүрдім. Сол жыр әлі күнге дейін жадымда жатталып қалды.

Жарбиған жаман тон, тымақ,
Жабысып кетті үстімде.
Жанайын деген бір шырақ,
Жалтылдап кетті ішімде, – деп жетім баланың ауылынан қалаға арман қуып баратын сәті шынайы өрілген. Ұстазым да тапсырманы тыңғылықты орындағаныма ырза болып, жоғары баға қойды. Міне, содан бері Ғали Ормановтың есімін ұмытқан емеспін. Жоғары сыныпқа барғанда ақынның көп томдық жыр кітабын қызығып оқыдым. Ғали Орманов өз қатарындағы ақындардың бірегейі саналады. Оның шығармашылығы жа­йында көрнекті суреткер Ғабит Мүсірепов көлемді мақала жазған.

Әдеби кешті Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, белгілі ақын Несіпбек Айтұлы жүргізді. Жас кезінде үлкен ақынның көзін көріп, әңгімесін тыңдаған ағамыз ол туралы тамаша әңгіме өрбітті.

– Ғалекеңді біз көрдік, қолы­нан дәм татып, батасын алдық. Жасынан жетім қалып, балалық шағы қиындыққа толы болды. Қазақ поэзиясының жүйрігі Ілиястың шәкірті еді Ғали ақын. Ағамыз өз естелігінде Ілиястың қалай әсер еткенін жазған. Қара сөздің аса ірі майталманы болатын. Қазақ лирикасының басында тұрған шайыр. Кешегі Тұманбай, Сағи, Ізтайларға жол салған ақын. Өткен ғасыр қайшылыққа толы болғаны белгілі. Отызыншы жылдары қазақ руханиятына қатер төнген тұстарда, әдебиеттің әйгілі тұлғаларын бір-біріне айдап салған кезеңде аса сабырлық танытып, «ақырын жүріп, анық басқан», артынан сөз ермеген, аса таза, тек туған халқы мен қазақ әдебиетіне қызмет еткен адам еді, – деп бір қайырып өтті ақын ағамыз.

Одан кейін сөзді талантты тұлғаның қызы Жамиға Орманова алды. Бүгінде жасы сексенге келген апамыз әкесі туралы жиналғандарға қоңыр дауысымен қызықты естелік айтты. Ақынды көрмеген кейінгі буын одан үлкен әсер алып, Ғали Ормановты жақын танығандай болды.

– Көбінесе әкемізді жұрт­шы­лық аузына алғанда Жамбыл­дың хатшысы бол­ған деп айтады. Расында, ол кісі 1938 жылы Орталық Комитеттіңтапсырмасымен Жамбылдың хатшысы болып тағайындалды. Ақынның аузынан шыққан өлеңдерін жазып отырды. 1946 жылы атамыздың 100 жылдығын атап өткенде, әкем ол кісінің бар мұрасын жинақтап, үлкен кітап шығарды. Сонымен қатар, әкемнің Жамбылдың қасына барған сәттен атамыз қайтыс болғанға дейін күнделік жүргізген. Оның тек баспасөзде үзінділері жария­ланды. Толық кітап болып басылған жоқ. Күнделік латын тілінде жазылған. Түпнұсқасы менде сақтаулы тұр. Жамбыл атамыз әкемді ерекше жақсы көріп, сыйлаған. Алматыға келгенде біздің үйге түсетін. Мен онда баламын. Атамызды өз көзіммен көрдім. Әкем әке-шешесінен ерте айырылып, жетім болып өседі.

Оған Ілияс Жансүгіров көп қамқорлық жасаған. Жоғары оқу орнына түсуге бағыттаған. Әкем өте еңбекқор адам болды. Көптеген поэзиялық кітаптары жарық көрді. Аудармамен айналысты. Оның есімі сол кездегі Кеңес одағының «Жүз үздік ақын» деген таңдамалы жинаққа енді, – деді ақынның қызы. Белгілі ғалым Серік Негимов те ардақты азаматтың шығармашылығына кеңірек тоқталды.

Ғали атамыз талантты тәр­жімашы болған. Туысқан халықтар мен орыс әдебиетінің көрнекті өкілдерінің туын­ды­ларын ана тілімізге мөл­діретіп аударған. Әсіресе, Л.Толстойдың «Анна Каренина» романын тамаша тәржімалаған. Өз шығармалары да бірқатар шет тілдеріне аударылған.

Шара барысында елордадағы Ғали Орманов атындағы №7 мектептің оқушылары ақынның өлеңдерін оқыды. Сонымен бірге, мектеп мұра­жайында тұрған айтулы тұлға­ның кітаптары мен тұ­тын­ған заттарынан көрме ұйымдастырылды.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Print Friendly, PDF & Email
PDF24    Отправить статью как PDF   

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*