«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Ілгерлеу бар, бірақ баяу

0 36

Елордада қалдықтарды басқару және «жасыл» энергия саласын дамыту мәселелеріне арналған «Green Energy & Waste Recycling Forum – GEWR’19» IV Еуразия­лық бизнес-форумы өтті. Алқалы жиында «жасыл» энергетиканы дамытудың және қалдықтарды басқарудың негізгі түйткілдері талқыланды. Негізгі мақсат – табиғатқа, адам ағзасына зиянды қалдықтарды қайта өңдеу саласын тұрақты дамыту арқылы циркулярлық экономиканың қалыптасуына, парниктік газдардың шығарылуын азайтуға және энергияның баламалы түрлерін өндіруге елеулі үлес қосу.

«Жасыл» энергия» – тазалық кепілі

Бүгінгі таңда қоршаған ортаның ластануы ең өзекті мәселеге айналып отыр. Әлі есімде, жиырмасыншы ғасыр­дың жетпіс-сексенінші жылдары «Табиғат, адамзатқа табын!» деп ұрандатқанымыз. Сонда деймін-ау, табиғат – адамзаттың тал бесігі әрі адам табиғаттың ажырамас бөлігі екенін қаперімізге де алмаппыз. Социализмнің ұр да жық өктемдігіне алданып, адамсыз – табиғат, табиғатсыз адам өмір сүре алмайтындығын түйсігімізбен қабылдамағанымыз соншалық, қоршаған ортаға елеулі залал да келтіріппіз. Сөйтсек, тіршіліктің құт-берекесі саналатын табиғатты аялау керек екен.
«Адам мен табиғаттың тілдескені – өмірдің үндескені» демекші, жаңа ғасырда қоршаған ортаны қорғау бүкіл әлемдік қоғамдастықтың алдында тұрған маңызды міндетке айналды. «Жасыл» энергияны өндіру, айналаны зиянды қалдықтардан тазартуға, таза сумен және санитариялық тазалықпен қамтамасыз етуге, адамдардың әл-ауқатын жақсартып, ғаламшарды қорғау саласында шешуші іс-қимылдарға көшуге жетелейді. Демек, «Жасыл» – энергия, экологияның, қоршаған ортаның тазалық кепілі.
Бүгінде, елімізде заман талабына сай көптеген индустриялық бағдарламалар өмірге келіп, қолданысқа еніп, жүзеге асып жатыр. Соның арқасында өнім өндіретін өнеркәсіптер саны артуда. Ал өнеркәсіп қатары толыққан сайын сөз жоқ, өнеркәсіп қалдықтары да шығады. Оның сыртында қаншама тұрмыстық қалдықтар бар. Сол қалдықтарды өңдеп, қайта іске жарату – кезек күттірмейтін міндет. Егер ондай қадамға бармасақ, экологияға кері әсерін тигізіп қана қоймай, адамзаттың өміріне қауіп төндіреді, залал әкеледі. Түрлі ауруларға шалдықтырып, айықпас дертке ұшыратуы әбден мүмкін. Осы мәселеге Елбасы да көп көңіл болып, елімізде «Экология және қоршаған ортаны қорғау» министрлігі ашылды. Алдағы уақытта жаңадан экология­лық кодекс қабылданбақшы.

Салауатты өмір салты – таза орта

«GEWR» ассоциациясы Қазақстанда он жылдан артық жұмыс жасайды. Құрамында 50-ден артық кәсіпорын бар. Осы мекемелерге заңдық тұрғыда қолдау көрсетіп, қалдықтарды технологиялық жолмен қалай өңдеу керектігі жөнінде ақыл-кеңес беріп, жабдықтарды қайдан алатындықтары туралы бағыт-бағдар көрсетіп, жол сілтейді. Қазір еліміз бойынша өнеркәсіп қалдықтарын 30 пайыз, тұрмыстық қалдықтарды өңдеу 10-11 пайызды құрап отыр. «Жасыл» экономика аясында 2050 жылға дейін бұл межені 50 пайызға дейін жеткізу көзделуде. Айта кету керек, алдыңғы жылдары Қазақстанда қалдықтарды өңдеп, сұрыптайтын шағын және орта бизнес кәсіпорындары 115 болса, былтыр 2018 жылы олардың қатары 150-ге жетті. Алайда алда атқарылар жұмыстар санаты шаш етектен.
Жалпы, салауатты өмір салтын ұстанудың бір ұшы – қоршаған ортаның таза болуында жатыр. Сондықтан, өңделмеген қоқыстан адамның ағзасын әлсірететін түрлі микробтар, улы газдар мен бактериялар ауаға ұшатыны әлімсақтан белгілі. Олай болса, табиғаттың зардабын тартпау үшін қоршаған ортаны қорғауымыз керек. Отанымыздың жүрегі саналатын бас шаһарымыз ластанудың жоғары деңгейдегі қалалар тізімінен орын алып отыр. Астанамызда ауа қабатын ластайтындай ірі кәсіпорындар жоқтығына және орфографиялық жағдайы қолайлы болғанына қарамастан ластану жағынан деңгейі жоғары қалалар санатына кіргені өкінішті-ақ. Негізінен, Нұр-Сұлтан қаласында атмосфералық ауаны ластаушылардың басым бөлігін автокөлік құрайды. Үлес салмағы – 53 пайыз. ЖЭС-1 және ЖЭС-2 – 25 пайыз, басқа да стационарлық көздері (автономды қазандық, жеке кәсіпорындар, мемлекеттік мекемелер) 17 пайызды қамтиды.
Әрине, қол қусырып қарап отырған ешкім жоқ. Теңізге құйған тамшыдай болса да атқарылып жатқан жұмыстар баршылық. Мәселен, «Астана-Энергия» АҚ табиғатты қорғау іс-шаралары бойынша азот тотықтарын басу, күлді азайту сияқты біршама игі іс жүзеге асты. Нәтижесінде астаналық ЖЭС көмір қалдығы күл шығаруды жылына 450 тоннаға дейін қысқартты.
Есiл өзенiнiң ауқымының ластануы да көңіл көншітпейді. Сарыбұлақ бұлағы тасқын сулардың ғана емес, Есiл өзенiне барып құйылатын сарқынды сулардың да қашыртқысы қызметiн атқаратын техногендiк су арнасы болып отырғаны жанға батады. Оған себеп лас қалдықтар құбыры жүйесiнiң тозығы жеткендiгi дейді мамандар.
Мемлекетіміз әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіруге қадам жасап жатыр. Ол дегеніміз әлемдік өзгеріс­терден барынша пайда табуға мүмкіндік беретін даму стратегиясын қалыптастыруды талап етеді. Соның бірі жаңа технологиялар саласында ел индустриясын үздіктер қатарына іліндіру де бар. Алпауыт 30 елдің қатарына еніп, бәсекеге қабілетті бола білудің алғы шарты қоршаған ортаны қорғап, қалдықтарды азайту жағын кеңінен қолға алу, экологияға зиян келтірмейтін жаңа қондырғылар орнату басты назарға алынбақ. Айталық, Еуропа елдері қалдықтардың 93 пайызын өңдейді екен. Қалған 7 пайы­зын түтін шығармай жағып жіберетін көрінеді. Сол себепті қалдық деген мүлде қалмай, жүз пайыз өңделеді. Біздің ел де осындай өркениет­ке қол жеткізуі керек.
Әрине, еуропаның жағда­йын игеру оңай емес. Дегенмен, сол деңгейден көрінуге талпынуымыз қажет-ақ.
Ерке Есілдің жағасында орналасқан асқақ қала Нұр-Сұлтан – жаңа ғасыр ғажабынан жаралған әлемдегі ең жас астана. Сонымен қатар үлкен құрылыс алаңына айналды. Ал құрылыс салынып жатқан жерде қалдықтардың да болуы – заңдылық. Еуропада қатып қалған цемент қалдықтарын қайта өңдеп, шикізат есебінде іске асыратын көрінеді. Картон қағаз қалдықтарын да жинап қағаз фабрикасына өткізіп, қайтадан жаңа қағаз шығарады. Еліміздің бас қаласында да плас­тик, қағаз, тамақ, құрылыс қалдықтарын бөлек-бөлек жинау енді-енді жолға қойылуда.

Пластмасс ыдыс ағзаға зиян

Мына бір деректі оқырман назарына ұсына кеткенді жөн санап отырмын. Әлемде жыл сайын 500 млрд пластик қап пайдаланылып, әр минут сайын 1 млн пластикалық бөтелке сатылады және сатып алынатын көрінеді. Пластик ыдыстарды өндіруге 17 млн баррель немесе жылына 2,7 млрд литр мұнай жұмсалады. Өткен 2018 жылы бұл өзекті мәселеге байланысты әлемнің 127 елі пластиктен жасалған өнімді пайдалануды шектесе, 30 ел плас­тикалық пакеттерді ақылы етіп, 27 мемлекет қоршаған ортаға зиянды кейбір материалдарды пайдалануға ты­йым салды. Қазіргі уақытта Қазақстанда да полиэтилен пакеттерін сауда орындарында тегін үлестіруге шектеуді енгізу талқылануда.
Осы орайда еліміздегі Coca-Cola компаниясы пластик ыдыстарды жоюға түбегейлі ден қойып, 2030 жылға қарай өз тауарының 100% эквивалентін жинауға және өңдеу­ге жәрдем көрсетуге ниет білдірді. Бірқатар елдердің үкіметтері мен экологиялық ұйымдары да аталған бастаманы қолдап, Қазақстанда да пластикалық қалдықтарды жинауға және одан әрі өңдеу­ге қатысты тиімді шаралар қабылдауды талап етті.
Өткен жылы Шымкент маңында пластикті қайта өңдеу зауыты іске қосылды, Алматыда тамақ өндірісіне пайдалануға арналған ПЭТ-гранулалар өндіру зауытының құрылысы жоспарлануда.
Нұр-Сұлтан қаласындағы жиналған қалдықтарды жинап-өңдеумен жылына 300 мың тоннаға дейін қалдық сұрыптауға мүмкіндігі бар «Имабе Иберика» испан технологиясы бойынша салынған «KazRecycleServices» ЖШС-ы айналысады. Бұл кешен қалдықтардың барлығын сұрыптаудан, өңдеуден және брикеттеуден өткізеді. Пластмасс қалдықтары полимерлі түйіршік және ұсақталып туралған пластикалық бөтелкелер (флекстер) ретінде жаңа өнімдерді алуға мүмкіндік берсе, макулатураны өңдеу отқа жанбайтын, құрылысқа қолданатын экологиялық мақта (эковата) өнімін алуға жол ашады.

Нұр-Сұлтан қаласындағы қатты тұрмыстық қалдықтар жинау, тасымалдау, сұрыптау, өңдеу және көму арқылы жүзеге асады. Қаланың аумағы 24 учаскеге бөлініп, арнайы жасақталған 2815 контейнерлік алаң және 14000-нан астам қоқыс салатын контейнерлер қойылған. Қоқыс қалдықтарын шығаруға 73 техника екі ауысым бойынша жұмыс жасайды. Оның ішінде 25 техника құрғақ қалдықтарды сары түсті контейнерлерден жинаса, қалған 48 техника жалпы қалдықтарды шығарумен айналысады. Күн сайын қаланың аумағынан 1000 тоннаға жуық қалдық шығарылады.

Әсіресе, күнделікті өмірде бір рет пайдаланатын плас­тик стақандар, тәрелкелер, қасықтар мен шанышқы сияқты ыдыс-аяқтарды көптеп кездестіреміз. Міне, жаз айының қызған шағы. Күн аптап ыстық. Қала тұрғындары көкке шығып, көл басына барып тынығып қайтуға көптеп ағылады. Табиғат аясына шыққан соң, қолданысқа ыңғайлы деп міндетті түрде біржолғы ыдыстарды пайдаланады. Бұл ыдыстардың бір жағынан арзан әрі жуып уақыт кетіріп жатпайсың. Өкінішке қарай, осы ыдыстарды көл жағасында қалай болса солай шашып кетіп, салғырттық танытады. Ал оның ауаға, ағзаға зиянды тұстары бірнеше есе көп екенін жете түсіне бермейтіні қынжылтады. Адамның денсаулығына әкелетін зияны ұшан-теңіз, айтар болсақ, денең түршігеді.
Кейбіреулер өртеп те жатады. Бір рет пайдаланатын пластикалық ыдыстарды мүлде отқа жағуға болмайтынын мамандар қанша мәрте ескертсе де, түсіністікпен қабылдамайды. Ал өте көп мөлшерде тасталған мұндай ыдыстар қаланы түгел қоқыс аумағына айналдырып қана қоймай, ауаны ластайды.
Қаламызды экологиялық таза ұстау мен көрік келбетін сақтау мақсатында әкімшілікпен тиісті шаралар тұрақты түрде жүргізіліп отырады. Сонымен қатар, көктемде жүргізілген экологиялық айлық кезінде қала маңында пайда болған 185 рұқсат етілмеген қоқыс алаңдары анықталып, толықтай жойылды.
Кейінгі кезде тұрғындар арасында сары жәшіктегі қоқыс пен қара жәшіктегі қоқысты бір машина жинап алып кетеді деген әңгіме шаң беріп қалып жүр. Осындай нақты деректің куәгері болсаңыз, суретке түсіріп, мекенжайды көрсетіп, қалалық әкімшілікке жолдасаңыз болады. Өйткені бұл жайт ережені бұзу болып болып табылады. Әр жәшіктегі қоқыс екі түрлі машинаға тиелуі тиіс.
Сөз түйіні. Қоршаған ортаның экологиялық тазалығы – баршаның ісі. Сондықтан қоршаған ортаға, табиғатқа, тіршілікке жанашырлықпен қарайық. Қоқыс тастауда абай болайық. «Адамның табиғатсыз күні жоқ, табиғаттың оны айтар тілі жоқ» ­деген.

Бейбіт ОСПАН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды