«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

ХАЛЫҚҚА ЖАҚЫН БАСШЫ

0 3

Сарыарқа ауданының әкімі Арман Тұрлыбек кезекті есептік кездесуін Жеңіс даңғылы, Мәскеу, М.Әуезов, Ә.Жангелдин көшелерінің шегінде тұрып жатқан тұрғындармен өткізді.

Аудан әкімі алдымен өткен жылдың қорытындыларын, атқарылған істердің ауқымына тоқталды. Жиналған көпшіліктің сауалдарына көшпес бұрын, Арман Тұрлыбек әлеуметтік желіні белсенді пайдаланатынын, оның тұрғындармен үнемі байланыс­т­­а болуына септігі тиетінін айтты.  Айта кетсек, әкім өзінің жеке ұялы нө­мірін жария етіп, тұрғындардан 5000-нан аса қоңырау қабылдаған. WhatsApp секілді танымал мессенджер арқылы 10 266 смс-хабарлама түскен.
Сарыарқа ауданы аппаратында Telegram мессенджерінен («Сарыарқа әкімдігі», «Ауданның құқықтық тәртібі», «Аудан ПИК-і») қоғамдық бақылауды қамтамасыз ету үшін және тұрғындармен кері байланыс үшін үш чат ашылған. Өткен жылы осы Telegram арқылы 9092 өтініш қаралған. Одан басқа, Facebook парақшасын дамытып, Instagram-да ресми парақша ашылып отыр.
«Аталмыш диалог алаңы бізге де, тұрғындарға да аудан­ның өзекті мәселелерін шешуге көмектеседі. Барлық арыз-­өті­німдер талдаудан өтеді, мүм­кін­дігінше тез арада шара қолданып жатамыз. Тұрғындардан келіп түскен «Жол картасына тапсырыс» бізге барлық проблеманы оңтайлы шешуге жәрдемін тигізді» деді Арман Тұрлыбек.
Бұл бұқарамен байланысты оңтайландыратын тәсілдердің көптеген мәселелердің шешілуіне немесе оған қатысты жауабын алуға әсері мол. Ендігі жерде талабы бар тұрғын әкімді іздеп табанын тоздырмайды.
Әйтсе де, аудан тұрғындарының әкіммен жеке кездесуіне де халық көп жиналып, жылы тілектерімен бөлісуге асықты. Жиынға келген көпшілік бір ауыздан аудан аппаратының жұмысына оң баға берді. Қалада өмір сүру қауіпсіз, қолайлы қалаға айналып келеді. Абаттандыру, қаланы көр­кейту жұмыстары алға басқан. Аудан бас­­шысының жұмысын әр салаға бөлінген қар­жының қайда қалай жұмсалып жатқанын да әлеуметтік желілер арқылы танысуға болады. Мұның өзі жергілікті атқарушы органдар мен халықтың арасы жақындай түскені де  оң қадам екенін білдірді.
Бір байқағанымыз, ауданның әр жерінде өткен осындай жиындарда ПИК жұмыстарына көңілі толмайтыны айтылуда. Әрине, заңдылық бойынша, оның басшыларын сайлау – тек тұрғындардың құзыретіндегі нәрсе. Дегенмен, тұрғындардың қолы жетпеген, сөзі өтпеген кейбір басқарушы компаниялардың жұмысына әкімдіктің араласуын өтінді.
Бір жақтан алғанда мұндай кездесулер халықтың белсенділігін арттырып, айналасында, нақты тұрып жатқан жеріндегі болып жатқан жайттарға бейжай қара­мау­ға үйретеді. Бұл тек қана аудан әкімінің есебі емес, бірлесе отырып, түйіні күрделі мәселелерді де жүйелі шешуге арналған алаң ретінде де қала басқару дәстүріне еніп келеді.

Айгүл УАЙСОВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

он бір + 7 =