«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Халық өз таңдауын жасады

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Президенті болып сайланды

0 40

Сонымен, еліміздегі Президент сайлауы да өз мәресіне жетті. Бұл жолғы сайлауда 6,5 млн қазақстандық ­Қасым-Жомарт Тоқаевты таңдады. Қазіргі Президент сайлаушылардың 70,76 пайыз дауысына ие болды. Мұндай ақпаратты кеше сайлаудың алдын ала қорытындыларын жариялаған Орталық сайлау комиссиясы таратты.

Дауыс саны бойынша екінші орында саяси додаға «Ұлт тағдыры» қозғалысының атынан қатысқан Әміржан Қосанов орналасқан. Ол сайлаушылардың 16,2 пайыз (1472733 адам) дауысын жинаған.
Үшінші орында – 5,2 пайызбен (478153 адам) «ақжолдық» Дания Еспаева, төртінші – 3,2 пайыз­бен (294271 адам) «ауылдық» Төлеутай Рақымбеков, бесінші – 2,7 пайызбен (190304 адам) кәсіп­одақтардың үміткері Амангелді Таспихов, алтыншы – 1,82 пайызбен (167249 адам) халықшыл-коммунист Жамбыл Ахметбеков, жетінші орында 0,92 пайызбен «Ұлы дала қырандары» қозғалысының жетекшісі Сәдібек Түгел тұр.
Айтпақшы, кеше түнде жарияланған exit poll-дың дерегінде сәл айырмашылық болған. «Қоғамдық пікір» зерттеу институты жүргізген сауалнаманың нәтижесінде Қ.Тоқаев – 70,13 пайыз, Ә.Қосанов – 15,39 пайыз, Дания Еспаева – 5,32 пайыз, Жамбыл Ахметбеков – 3,86 пайыз, Төлеутай Рақымбеков – 3,03 пайыз, Амангелді Таспихов – 1,41 пайыз, Сәдібек Түгел 0,86 пайыз дауыс жинаған еді.

Мегаполистер арасында елорда көш бастады

Жексенбінің түнінде ОСК-да өткен қорытынды брифингте ОСК төрағасының орынбасары Константин Петров жалпы тізімдегі 11947995 адамның 77,4 пайызы еліміздегі 9920 және шетелдегі 48 сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауын жасағанын хабарлады. Сайлау процесіне бақылаушы ретінде әртүрлі шетелдік ұйымдар тарапынан 1013 адам қатысты.
Бір қуанарлығы, республикалық маңызы бар үш қаланың ішінен Нұр-Сұлтан көш бастап, сайлаушылардың 68,9 пайызы дауыс берген. Шымкенттіктердің 67,6 пайызы, алматылықтардың 52,2 пайызы сайлауға қатысты.
Облыстар бойынша бөліп қарасақ, ерекше белсенділік танытқан Алматы облысының тұрғындары екен, онда сайлаушылардың 89 пайызы азаматтық ұстанымын білдірген. 84,9 пайыз көрсеткішпен екінші орында Ақтөбе және Шығыс Қазақстан облыстары, 84,8 пайызбен үшінші орында Түркістан облысы орналасқан. Ақмола облысында сайлаушылардың 83,4 пайызы, Атырау облысында – 71,2 пайызы, Жамбыл облысында – 81,3 пайызы, Батыс Қазақстан облысында – 66,3 пайызы, Қарағанды облысында – 77,3 пайызы, Қызылорда облысында – 81,6 пайызы, Қостанай облысында – 84,1 пайызы, Маңғыстау облысында – 68,9 пайызы, Павлодар облысында – 81,2 пайызы, Солтүстік Қазақстан облысында 79,8 пайызы дауыс берген.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды