«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Халқымызға алғыс айтты

0 27

Достық үйінде Алғыс айту күніне орай мерекелік шара өтті. Оған Астана қаласы әкімінің орынбасары Нұрлан Нүркенов және Парламент депутаттары, Қазақстан халқы ассамблеясының өкілдері қатысты.


Кеше былтыр ғана бой көтерген Достық үйі, шын мәнінде, достықтың шат күлкісі шалқыған шаңырағына айналды. Мерекені тойлау­ға келген өзге этнос өкілдері қиын-қыстау жылдары қамқорлық көрсеткен қазақ халқына ризашылықтарын білдірді. Елорда әкімінің орынбасары Нұрлан Нүркенов жиналған қауымды Алғыс айту күнімен құттықтап, ізгі лебізін жеткізді.
Қалалық Қазақстан халқы ассамблеясы кеңесінің төрағасы Әміржан Әлпейісов бүгінгі мерекенің түпкі мәніне тоқталды: «Жалпы, Алғыс айту күні деп отырғанымыз­бен, шындап келгенде, бұл күні өзге этнос өкілдері қазақ халқына алғыстарын айтады. Өйткені халқымыз сонау отызыншы жылдардағы қуғын-сүргін, Екінші дүниежүзілік соғыс уақытында бізге келген қаншама ұлт өкілдерін қиындықтан сақтап қалды. Сол кездері өздері екі аштықты, отызыншы жылдағы зұлматты, одан кейінгі қанды қырғынды басынан кешіп отырса да, басқа жақтан келген отбасылармен барымен бөлісіп, жанашырлық көрсетті» деді ол.
Шара аясында түрлі этнос өкілдерінің ұлттық тағамдар мен қолданбалы өнер қа­йырымдылық жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Бұдан түскен қаржы Қарағандыда үйдің құлауынан зардап шеккен сегіз отбасыға баспана салып беру үшін «Асыл адам» қоғамдық қорына тапсырылды. Мереке соңы «Қазақстан – біздің ортақ үйіміз» атты концерттік бағдарламаға ұласты.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды