-->

Гүлжан Әспетова, Қазақстанның халық әртісі: АКТРИСАНЫҢ ӨЗІ ҚАЛАҒАН РӨЛДІ ОЙНАҒАНЫ – БАҚЫТ

Қазақ сахнасында Қарагөз, Құртқа, Фатима ханым, Найман-Ана, Толғанай секілді ғажап бейнелердің галереясын жасаған Гүлжан Әспетованың өнер әлемі өзгеше өрімімен ерекшеленеді. Бір қарағанда табиғаты суықтау, қаталдау көрінетін актрисаның ішкі әлеміне үңілсеңіз, қаншама құнды қазынаға кенелесіз. Биылғы жылы дарынды өнер шебері өмірінің тағы бір белесіне шығып, мерейтойлық жасқа толды. Осы орайда талантты тұлғамен жүздесіп, өткен күндерге бір сапарлап қайтқан едік.

0r3a4257

БАСҚА ДӘУІРДІҢ БАЛАСЫ БОЛДЫҚ

– Cіз екі ғасыр тоғысында қазандай қайнаған Алма­тыдағы әкемтеатрдың белді актрисасы бола жүріп, енді ғана астаналық деген атақ алып, керегесі кеңейіп жатқан театрға келдіңіз. Кейбір өнер адамдары елорда менің екінші тынысымды ашты деп айтады. Сізге жаңа ортаның әсері болды ма?
– Айналайын, күрделілеу сұрақ екен. Әрине, жоғары білім алып, өнерге құлаш ұрып қанаттанған, жалындаған өмірімнің ең бір шұрайлы шағы өткен Алматыны қиып кету маған оңай болған жоқ. Жас күнімде табалдырығын жасқана аттап, отыз жыл бойы саналы ғұмырымның тең жарымы өткен заңғар жазушы атындағы театр туған төркінімдей еді. Ол бір жылдары әкемтеатрда күрделі ахуал қалыптасып, бес-алты жыл көлемінде көңілімнен шығатын рөлде ойнай алмай, жаным жабырқап жүрді. Сол тұста көрнекті режиссер, Халық қаһарманы Әзербайжан Мәмбетов Астанаға ауысып, осындағы Қаллеки театрының бас режиссері болып тағайындалды. Сонда Әзекең: «Гүлжан, менімен бірге жүр, барлығын жаңадан бастаймыз, сен менің мектебімді көріп, тәжірибе жинақтаған өнер адамысың, жаңа жерге бара жатырмын, сен маған көмек бер, мен саған қолдау көрсетем, бастысы, шығармашылық орта қалыптастырайық» деп ниеттестік білдіріп, осында бірлесіп жұмыс істеуге шақырды. Сөйтіп, енді қабырғасы қаланып жатқан елордаға 1999 жылы қоныс аудардым. Жылы жақта өскендіктен, алғашқыда солтүстіктің суығын жатырқадым. Қазір Алматыға барсам, елордаға жеткенше асығамын. Сонымен, Әзекең сахнаға шығарған қойылымдарға ассистент болдым. Ол кісі елордалықтарға Шыңғыс Айтматовтың «Ана-Жер-Анасын» қойып, мен сондағы Толғанайды ойнадым. Бұл – өте күрделі образ. Трагедиялық кейіпкерді ойнағанда адамның ішкі әлемінде қайшылықтар көбейіп, көрерменді қалың ойға батырады. Сонымен бірге, «Ғасырдан да ұзақ күнде» – Найман-Ананы, Ә.Сарайдың «Балуан Шолағындағы» – Балуанның анасын, Ф.Буляковтың «Күйеуге шыққан кемпірлеріндегі» – Фатиманы, В.Дельмардың «Баянсыз бағындағы» – Люси Куперді, Дж.Патриктің «Қым­батты Памеласында» Памеланы сахнаға шығардым. Осы театрға келгенде орта жаста едім. Сондықтан көбінесе әлеу­меттік, трагедиялық аналардың бейнесін сомдадым.
Астанаға келгеннен кейін тынысым ашылды деп айта алмаймын. Соншалықты шығармашылық өзгеріс болған жоқ. Бірақ бекіген рөлімді шынайы шығара білу үшін ұзақ еңбектендім. Актрисаның өзі қалаған рөлді ойнағаны – бақыт. Жасымнан ұсақ-түйекті, күбір-сыбырды қаламайтын, турасын айтқанды жақсы көретін мінезді адаммын. Осында да өнеріме қызғанышпен қарағандар болды. Әуезов театрында үлкен мектеп бар еді. Сенің талантыңды әріптестерің мойындап, сыйлап, ізгі лебіздерін білдіреді.
Ол кездегі театрды Алматыдағы әкемтеатр­мен салыстыруға мүлдем келмейтін. Қысқасы, өнер иесіне Алладан берген қабілет болса, ол ешқашан жоғалмайды, қайта өсіп, жанданып, биіктейді.
– Бала күніңізден актриса болам деп армандадыңыз ба?
– Біздің ауыл таудың қуысында ор­наласқан отыз-қырық үйлі шағын елді мекен еді. Қазіргі Жамбыл облысының Меркі ауданына қарайды. Ол жердің табиғатын сөзбен жеткізу мүмкін емес. Таудың етегінде аршалар өсіп, бұлақтар сыңғырлап ағады. Бала күнімде ну тоғайдың арасында қаптаған елік өріп жүретін. «Тоғайда жабайы қабандар бар» деп әке-шешеміз елікті көруге жібермейді. Кешкілік ымырт үйірілгенде қасқыр ұлып, айналамыз азан-қазан болады. Әкемнің аңшылық өнері бар еді. Міне, осындай ғажайып табиғат аясында өскен қыз баланың жаны нәзік, сезімтал, өнер адамы болуы заңды деп ойлаймын. Мектепте орысша оқығанмен, ата-анам қазақы дәстүрді берік ұстаған, өнерді түсінетін, адал еңбекті қанағат тұтқан, шүкіршілігі мол адамдар болды. Үлкен ағам ауданда лауазымды қызмет атқарды. Жоғарғы сыныпта соның қолында оқыдым. Кітапты жақсы көретін, білімді еді. Үйінде әлем классиктерінің кітаптары самсап тұратын. Менің де соларға қызығушылығым оянып, күндіз-түні кітаптан бас алмадым. Сол кітаптардан білім нәрін жинап қана қоймай, өмірге деген көзқарасымды қалыптастырдым. Қиялымды байытып, шығармашылық қабілетімді өсірдім. Роман­тикаға жақын болып, тауға шығып, тастармен тілдесіп, Шыңғыс Айтматовтың «Ақ кеме» повесіндегі арманшыл баланың басындағы күйді кештім. Біз басқа дәуірдің баласы болдық. Ол кезде мектептегі мұғалімдердің де білімі терең еді ғой, бізге өзге елден жер ауып келген сауатты ұстаздар сабақ берді. Көршілес Қырғыз елінің әртістері ауылға келіп, спектакль қояды. Соларға қызығып, мектепішілік мәдени шараларға қатысып, шағын қойылымдар әзірлеп, басты рөлдерді ойнадым. Мұғалімдерім маған риза болғанда: «Сенің қабілетің бар, саған актриса болу керек» деп айтады. Содан актриса болуды армандадым.
– Бірақ әке-шешеңіз сіз ұнатқан мамандық иесі болғаныңызды қала­маған секілді…
– Шындығында, анам әртіс болуымды ұнатқан жоқ. Бірақ әкем қолдап, тілеулес болды. Ағам медициналық жоғары оқу орынға барғанымды дұрыс көрді. Бірақ өзім қалаған жолдан айнығым келмей, арман қуып Алматыға келіп, консерваторияның актерлік бөліміне түстім.
– Сіз дипломдық жұмы­сыңызда Мұхтар Әуезовтің «Қарагөз» дра­масындағы бас кейіпкерді ойнапсыз. Сол бейне сіздің жолыңызды ашты деп айтады…
– Құрманғазы атындағы консерваторияда оқып жүргенде, екінші курстан бастап қазақ­тың көрнекті композиторлары Сыдық Мұхамеджанов, Шамғон Қажығалиев, Кенжебек Күмісбеков секілді азаматтар қызмет істеген оркестрге бір топ жастың арасынан концерт жүргізушісі болып қабылдандым. Әрі актерлік мамандықта оқығандықтан театрға барып, тәжірибе жинау мақсатында массовкаларға қатыстым. Онда айтулы тұл­ғалардың бәрі бар. Соларды сыр­тынан көрсек, ұялып, қа­шамыз. Нұр­мұхан Жан­төриннің дауысы естілсе, дір-дір етеміз. Хадиша Бөкеева қасымыздан өтіп бара жатқанда үнсіз ғана бас изейміз. Біз оларға адалдықпен, тазалықпен қараймыз. Сөйтіп, оқуды да бітіретін уақыт келіп, дипломдық жұмысымда «Қарагөзді» ойнадым. Оған комиссия төрағасы болып Әзербайжан Мәмбетов келді. Сонда ол кісі отыз үште ғана екен, маған үлкен кісі секілді көрінді. Содан Әзекең менің ойнаған рөліме риза болып, әкемтеатрға жұмысқа шақырды. Театрға барып жұмыс істеуге батылым болмады. Жиырмадан асқан шағымда еліміздегі бас театрда қызмет істеу мәртебесіне ие болдым. Әкемтеатрдың қабырғасында жүріп, ғажайып көркем арулар мен ханшаларды сомдадым. Алдыңғы буынның өнерінен өзгеше ой түйіп, өзімнің соқпағымды іздедім.

ӘР АКТЕРДІҢ ӨЗ ЕРЕКШЕЛІГІ БАР

– Алдыңғы буын деп қал­дыңыз, сіз солардың бар­лы­­ғымен сахнада өнер көр­сеттіңіз, кейінгі­лерге олардың қандай ерекше­ліктерін айтар едіңіз?
– Бүгінде сап-сары сағынышқа айналған ол кезеңдер менің өмірімнің жарқын шақтары деп айтамын. Олардың жүріс-тұрысы мен адами қасиеті, бекзат болмысы, сыйластық қатынастары өзгеше болатын. Жастарға қатал болып көрінгенімен, арғы жағына үңілсеңіз, іштей елжіреп, қамқорлық танытып тұрады. Солардың өнерінен тәжірибе жинадым. Олардың бәрі маған тот баспайтын саф алтын секілді көрінеді. Сәбира Майқанова апайдың кең жүректілігі мен бетке айтатын қасиеті ерекше еді. Кейде қатты айтқанымен, жөнін түсіндіріп айтсаңыз, өзінің қатесін біліп, кешірім сұрайтын. Хадиша Бөкеева апамыз Санкт-Петербургтің театр өнері институтын бітірген ақсүйек кісі болды. Адамға тік тұрып қарайды. Маған осы қарағаны ұнайтын. Фарида Шәріпованың алғырлық қасиеті мен тексті жылдам жаттап алып, интонацияны дұрыс қоя білетін сөз саптауы ерекше еді. Шолпан Жандарбекованың грим салғаны, әдемілігі, киім кигені жарасымды болатын. Зәмзәгүл Шәріпованың әрбір сөзді орнымен қолданып, дикциясы айрықша әдемілігі мен дауысының көркемдігі көрерменді тартып тұратын. Осындай әрбір актердің өз ерекшелігі бар.
Нұрмұхан Жантөрин ағадан тәлім алдым. Ол әрбір рөлдің бейнесін кітаптан іздеп, көп оқып жүреді. Қазір ешкім олай жұмыс істемейді. Ол мені «Гүлгүл» деп атады. «Сен басқаларға ұқсамау үшін образды кітаптан ізде, поэзияны оқы, бір жерден кейіпкеріңді тауып аласың» деп ақылын айтады. Ыдырыс Ноғайбаев ағамен де қойылымда қатар ойнадым. Ол секілді сахнада ешкім пауза ұстай алмайды. Паузаны ұстағанда көрерменнің өзі тілсіз қалады. Таланты кем актер пауза ұстаса, жұртшылық мазақ қылар еді. Оның бойындағы бұла күш ұлы актерде ғана болады деп ойлаймын. Асанәлі Әшімовпен де сахнаға бірге шықтым. Бір спектакльде оның жұбайын ойнадым. Сонда ол: «Асықпа, Гүлеке, асықпа» деп көрерменге рөлді шынайы жеткізе білудің сырын түсінетін. Киноактер ретінде танымалдылығы одан басқа ешкімде болған жоқ. Әнуар Молдабеков жанып тұрған от еді. Сәбит Оразбаев домбырасымен термелерін айтқанда киіз үйде отырып, қымыз ішіп, қазақы ауылға барып келгендей сезімді бастан кешуші едік.
– Сізді жұртшылық «Не­сібелді» деген фильм арқылы жақсы таниды. Бірақ сіз киноға сирек түскен секіл­дісіз. Оған не себеп?
– Ол фильмнің материалы жақсы болғанымен, режиссерлік, операторлық жұмыстары әлсіздеу болды деп ойлаймын. Психологиялық жағынан тереңдетіп, тамаша етіп түсіруге болушы еді. Фильм жарыққа шыққаннан кейін көшеде немесе басқа ортада кездескен әйел азаматшалар: «Сіз кинода мені сомдаған секілдісіз, ол менің өмірім» деп көзге жас алып, жылағандар болды. Сонда киноның түпкі мәнін түсіндім. Фильм бас-аяғы он бес күнде түсірілді. Режиссері Шәріп Бейсенбаев деген жақсы азамат еді, көп актрисаның ішінен мені таңдады. Кинода анам болып ойнайтын Бикен Римовамен өмірде жақын араластым. Жолдасы белгілі драматург Шахмет Құсайынов мені жақсы көріп, «Моя парода» деп әзілдейтін. Сонда бұл кісі неге олай айтады екен деп ойладым. Сөйтсем, ағам мені бойым ұзын, аққұба болғандықтан, «Көкшетаудың қызы» деп жорамалдаған. Бір күні ағама жөнімді айтып едім, ол кісі: «Оңтүстікте сендей көркем қыздар болады екен ғой» деп күлді.
Одан кейін де «Қазақфильм» кино­студиясының «Тоғы­зыншы ұлдан қорық», «Жау», «Мосфильмнің» «Киттер кеткенде», «Ақ бақсы» және «Еңлік-Кебек» телефильміне түстім. Мұның бәрі әкемтеатрда жүргенде жарыққа шыққан киноларым, Астанаға ауысқаннан кейін фильмге түскен жоқпын.

ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ӨНЕР МӘҢГІЛІК ӘЛЕМ

– Апай, биыл – сіз үшін мерейлі жыл. Үлкен белеске көтерілдіңіз. Өмірде жеткен жетістігіңізге марқаясыз ба, әлде жүрегіңізді ауыртып жүрген өкінішіңіз бар ма?
– Шығармашылық өнер мәңгілік әлем секілді. Шеберліктің өзі шексіздік. Өнер жолында жүрген адамға «толдым, болдым» деген сөз жараспайды. Соншалықты марқаятындай түгім жоқ, әлі де жанымды салып жұмыс істегім келеді. Нағыз талантты өнер адамының табиғаты сезімтал, жаны жараланғыш. Дүниеге тереңдеп үңілген сайын, өмірге көзқарасыңыз өзгереді. Ұзақ жылдардан бері ұстаздық жолды өнермен қатар алып, шәкірт тәрбиелеп келемін. Қазіргі жастарға көңілім тола бермейді. Кітап оқымайды, ізденіс аз, әр рөлге салмақтап үңілмейді. Осында дарынды актер Нүркен Өтеуіловпен бірқатар қойылымда қатар ойнадық. Сонда ол: «Апай, мен сіздің актерлік шеберлігіңізден көп өнеге алдым» деп айтады.
Бүгінде материалдық құн­дылық алға өрлеп барады. Бұрынғылар «Ақшамен бірге шайтан жүреді» деп айтушы еді. Адалдықты ант еткен адамның өмір жолы қиындыққа толы болады. Бір жетістікке жету үшін оған күрескерлік қасиетпен бірге, табанды мінез де болу қажет. Арды ойлаған адамның жүрегінде Алланың нұры тұрады. Сондықтан менің әлемім басқа, менің көзқарасыммен өмір сүру өте қиын. Ешкімнің ала жібін аттамай, атаққа таласқан жоқпын. Тек қана өнер деп ғұмыр кешіп келемін. Жетпіс жылдық мерейтойымды жасайық деп ешкімге өтініш жасаған жоқпын. Баяғыда Сәбира Майқанова апам: «Бұйырса болады, бұйырмаса ештеңе етпейді» деп отырушы еді. Бастысы, басымыз аман болсын! Жақсы адам – мамандық емес. Кімнің жақсы, кімнің жаман екенін бір Алла біледі. Өмірде актер болып ойнағанымен, сахнада түк ойнай алмайтын әртістер бар. Оны өмірдегі парадокс деуге болады.
– Белгілі режиссер, өмір­лік жол­дасыңыз Виктор Пұсырманов туралы айтып өтесіз бе?
– Онымен консерваторияда оқып жүргенде таныстым. Бізден жоғары оқыды. Мен оған 2-курста тұрмысқа шықтым. Ресей жерінде туған, өмірі қиындыққа толы азамат. Әке-шешесінен жастай айырылып, Балалар үйінде өсіп, жас күнінен тауқыметті көп тартты. Өмірде төрт құбыласы түгел пенде жоқ қой. Ол өте еңбекқор, көп оқитын, ізденімпаз еді. Алматыдағы консерваторияны аяқтағаннан кейін Мәскеудегі Кіші театр мен «Мосфильм» киностудиясында тәжірибе жинақтады. Әуезов театрында З.Шашкиннің «Ақын жүрегі», Ә.Тәжібаевтың «Халқы туралы аңыз» және Н.Хикметтің «Елеусіз қалған есіл ер» спектакльдерін қойды. Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының бас режиссері болды. Онда Ә.Тәжібаевтың «Қыз бен солдат», Т.Ахтановтың «Махаббат мұңы» және С.Жүнісовтің «Жаралы гүлдер» секілді қойылымдарын жұртшылыққа ұсынды. Кейін Олжас Сүлейменовпен танысып, киностудияға барып, көркем фильмдер түсірді.
– Апай, сіз кешегі қазақ театрының іргесін қолымен қалаған алыптарды көзіңізбен көріп, солардың деңгейіне көтерілдіңіз. Қазіргі театр өнеріне көңі­ліңіз тола ма?
– Бүгінде жұртшылыққа жол тартқан спектакльдердің бәрін «классика» деп айту қиын. Дегенмен театр әлеміндегі жаңаша өзгерістерді байқауға болады. Бұрынғыдай өмірдің шынайы бейнесін айқай-шумен, жылап-сықтаумен емес, адамның ішкі дүниесіне үңіліп, психологиялық иірімдермен көрсетуге ұмтылған талпыныстар қуантады. Бір жағынан, қойылымның тартымды болуы драматургияға байланысты. Қандай мықты актер болсаңыз да, драматургия әлсіз болса, одан өрелі өнер шықпайды. Одан кейін режиссер мықты болу керек. Марқұм Әзербайжан ағамызда сұс бар еді, одан актердің өзі ығып, орнын біліп тұратын. Талантты адам текті жерден шығады, шынайы ортада шыңдалады. Шын дарын иесі ғана үлкен өнер жасап, өзіндік өрнегін қалдырады. Талантсыздан ештеңе күтпейсіз.
– Шынайы сыр бөлісіп, ақтарылып айтқан әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан: Азамат ЕСЕНЖОЛ

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*