Гүлнәр ТӨЛЕГЕНОВА, Астана қаласы Денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары: АДАМ САУЛЫҒЫ – ҚОҒАМ БАЙЛЫҒЫ

– Сәлеметсіз бе? Гүлнәр Қапсеметқызы, менің танысым кейбір дәрілерді тегін рецепт арқылы алатынын айтты. Сонда Астанада мұндай тегін дәрілерді кімдер ала алады?

– Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексіне сәйкес, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін Қазақстан Республикасының азаматтары және оралмандары ала алады. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің шеңберінде белгілі бір аурулары бар азаматтардың жекеленген санаттары уәкілетті орган бекітетін тізбеге сәйкес амбулаториялық деңгейде дәрілік заттар және медициналық мақсаттағы бұйымдармен қамтамасыз етіледі.

– Осыдан он жыл бұрын әкем инфаркт алған. Ол кезде ауылда тұратынбыз. Қазір елордаға көшіп келдік. Енді емделіп, қаралу үшін қайда барсақ болады?

– Егер де сіздің әкеңіз қазіргі кезде Астана қаласының тұрғыны болса, онда оған тіркелу орны бойынша қалалық емхананың учаскелік терапевтіне немесе кардио-логына хабарласу қажет. Кардиологта диспансерлік есепке тұру қажет, онда оған диагнозына сәйкес қажетті зерттеу жүргізіледі және тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі ая­сында тегін дәрі-дәрмек алуға рецепт жазылып беріледі.

Қажет болған жағдайда, емхана маманы тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында әкеңізді госпитализациялау бюросының порталы бойынша мамандандырылған бейінді бөлімшеге стационарлық ем алуға жолдауы мүмкін, ол жер­де көрсеткіштерге байланыс-ты диагностикалық зерттеу-коронароангиографияны жасау және одан әрі емдеу мәселесін шешеді. Қалалық деңгейде мұндай зерттеу №2 аурухананың интервенция­лы кардиология бөлімшесі жағдайында жүргізіледі.

– Қайырлы күн, Гүлнәр Қапсеметқызы, жоғары мамандандырылған медициналық көмек алғым келеді. Республикалық медициналық ұйымда емде­луге квотаны қалай алсам болады?

– Қазақстан Республи­касы Денсаулық сақтау министрлігінің 2011 жылғы 5 қаңтардағы «Мамандандырылған және жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсету ережелерін бекіту туралы» №986 бұйрығына сәйкес стационарлық көмек түріндегі жоғары мамандандырылған медициналық көмек жергілікті және республикалық деңгейдегі медицина ұйымдарында көрсетіледі.

Қаланың медицина ұйымдарында жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік болмаған жағдайда, емхана ма­маны пациенттің құжаттарын республикалық медицина орталығына госпитализациялау мәселесін шешу үшін комиссияның қарауына, Астана қаласының Денсаулық сақтау басқармасына жолдайды. Бұл үшін қажетті құжаттар тізімі біздің басқарманың сайтында көрсетілген.

Басқарма комиссиясы құжат келіп түскеннен бастап, екі жұмыс күні ішінде ұсынылған құжаттарды қарастырып, пациенттің республикалық медицина ұйымына дәлелді жіберілуін анықтайды және шешім қабылдайды.

Оң шешім қабылданған жағдайда, комиссия жолдаманы госпитализациялау бюро порталында тіркейді және жолдамамен бірге құжаттарды жолдаған меди­цина ұйымына табыстайды. Госпитализациялауға жол­дама алған медицина ұйымы госпитализациялау күні ту­ралы пациентке хабар береді. Бұл туралы толық ақпарат біздің басқарманың сайтында жарияланған.

– Мен – Айдос Қасымұлымын. Айтыңызшы, алдағы уақытта Астанада қанша жаңа денсаулық сақтау мекемесі ашылады?

– 2012 жылдың аяғына дейін Астана қаласындағы оңтүстік шығыс шағын ауданының оң жақ беті орналасқан жері теліміндегі амбулаториялық-емханалық кешенінің және Астана қаласындағы №12 көшесі мен Абылай хан даңғылының қиылысындағы аймақта орналасқан көпсалалы №2 балалар ауруханасының ашылуы жоспарланып отыр. 2013 жылдың аяғына дейін Астанадағы балаларға арналған 250 орынды қалалық жұқпалы аурулар ауруханасы мен ауы-сымына 150 келіп-кетушіге арналған емханасы бар 250 төсек-орынды медициналық-әлеуметтік оңалту орталығы, сондай-ақ, Есіл өзенінің сол жақ жағалауындағы №19 көшенің оңтүстігіндегі ауысымда 350 келушіге арналған емхана ашы­лады деп жоспарлануда.

– Қазіргі кездегі Астана қаласының демографиялық көрсеткіштері қандай?

– Статистика департаментінің мәліметі бойынша, бүгінде Астана халқының саны 20 356 адамға өсіп, 758 007 адамды құрап отыр. 2011 жылғы халық санағы бойынша қалада нақты тұрып жатқан адам саны 824 338 болса, туу көрсеткіші 6,8 пайызға төмендеп, 1000 тұрғынға 24,38 пайызды құрады. Ал халықтың табиғи өсуі – 19,56 пайыз. Астана бойынша жалпы өлім көрсеткішінің де төмендеуі байқалады.

– Мемлекет басшысының өзі денсаулық сақтау саласын дамытуға ерекше маңыз беріп отырғаны белгілі. Бұл бағытта біздің қаламызда да көптеген жұмыстар жүргізілуде. Дегенмен, халық арасында медицина қызметкерлерінің жұмысына көңіл толмаушылық ту­ындауда. Осы мәселе қалай шешілуде?

– Астана қаласының Денсаулық сақтау басқармасы халыққа амбулаториялық-емханалық және стационарлық көмек көрсететін қаланың барлық медицина ұйымдарында көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру бойынша үлкен жұмыс жүргізіп жатыр. Бізде ішкі аудит қызметтері жұмыс істейді, барлық медици­на ұйымдарының штаттарында ұсынылатын медициналық қызмет сапасын бақылау жөніндегі бас дәрігерлердің орын­басарлары бар, олар ай сайын тұрғындардан келіп түсетін өтініштер мен шағымдардың сапасына сараптама және мони­торинг жүргізеді. Проблемалық сұрақтардың бірі қала амбулаториялық-емханалық ұйымдардың шамадан тыс жүктемесі болып табылады. Аталған проблеманы шешу мақсатында құрамында ауысы­мына 250 адамды қабылдауға арналған консультативтік-диагностикалық емханасы бар 350 орынды көп бейінді балалар ауруханасы мен оңтүстік-шығыс ауданының оң жағында ауысымына 500 адамды қабылдауға арналған амбулаториялық-емханалық кешен құрылысы аяқталды. Бұл объектілерді енгізу оң жағалаудағы № 6, № 7 қалалық емханалардың жүктемесін төмендетіп, Алматы ауданының тұрғындарына қолжетімді медициналық көмекті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.Бұдан басқа, Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетімен меморандум дайындалды, ЕҰУ 11 мыңнан астам студентіне қызмет көрсету бойынша медициналық қызметті ұйымдастыруға 700 шаршы метр жайды ұсынды. Қазіргі кезде ай бойы емха­нада қабылдау жүргізіліп жа­тыр. Сондай-ақ, үстіміздегі жылдың 1 қаңтарынан бастап, АМСК ұйымдарында тіркеу орындарының жұмысы қалпына келтірілді: телефон және wеb-сайт арқылы алдын ала жазылу жүргізіледі, Саll-орталық – көп каналды теле­фон байланысы орнатылды, зейнеткерлерге, мүгедектер мен Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне жеке қызмет көрсету ұйымдастырылды. Сенім телефоны жұмыс істейді. Тіркеу орындары көп канал­ды телефон байланысымен қамтамасыз етілді, қосымша телефондар орнатылды, тіркеу орындарындағы қызметкерлер саны арттырылды.

– Біздің қаламызға шеттен ағылушы азаматтар көп. Оларға медициналық қызмет қалай көрсетіледі?

– Қазақстан Республи­касы Денсаулық сақтау министрлігінің 2011 жылғы 30 қыркүйектегі № 665 бұйрығына сәйкес, иммигранттарға медициналық қызмет көрсету тегін негізде медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі ая­сында және Қазақстан Ре­спубликасы Үкіметінің 2009 жылғы 19 қарашадағы № 1887 қаулысымен бекітілген азаматтардың тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін алуды қамтамасыз ету Ережелеріне сәйкес, №2018 қаулысымен бекітілген аурулар тізбесіне сәйкес, айналадағыларға қауіп төндіретін жіті аурулар кезінде тегін медициналық көмек көрсетіледі, басқасы Қазақстан Республикасымен ратификацияланған халықаралық шарттармен қарастырылмаған жағдайда. Медициналық көмекке мұқтаж жаңа туғаннан 18 жасқа дейінгі балалар тегін қабылданады. Қалған жағдайларда медициналық көмек өз еркімен медициналық сақтандыру немесе жұмыс берушінің қаражаты есебінен ақылы түрде көрсетіледі. Тарихи отанына ора­лу мақсатымен келген имми­гранттар (оралман, этникалық қазақ және оның отбасы мүшелері) Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінің тізбесін бекіту туралы» 2009 жылғы 15 желтоқсандағы №2136 қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасының азаматтары­мен бірдей тегін медициналық көмек алады.

– Астанада ана мен бала өлімін азайту мақсатында қандай шаралар жүргізіліп жатыр?

– Әкімдіктің басшылық етуімен ауыр патологиясы бар барлық әйелдерді перзентха­наларда аймақтандыру немесе орталықтандыру принципі жүйелендірілді, мұндай прин­цип көрсетілетін көмектің сапа­сын бақылауға мүмкіндік берді. Қалалық және республикалық мекемелермен өзара әрекет ету регламенті дайындалды. Ол бала көтеру жасындағы әйелдерді уақытылы анықтау мен сауықтыруға мүмкіндік берді.

Қалада жыл бойы жоғары білікті кадрлармен жасақталған жылжымалы шұғыл брига­далар қызмет етеді. Олар ке­зек күттірмейтін және ауыр жағдайларда көмек көрсетеді.

Акушерлік және педиатриялық практикадағы барлық ауыр жағдайларға монито­ринг жүргізіледі. Ауыр жағдай туындаған кезде шұғыл ха­барлау сұлбасы қызмет етеді. Онкологиялық диспансер ба­засында тәжірибелік оқыту бағдарламалары өткізілді, онда 17 адам оқытылды. 2012 жылдың қыркүйек айында тағы 12 адамды оқыту жоспарланып отыр. 177 медицина қызметкері кезек күттірмейтін жағдайлар бойынша тренингтен өтті. Литвадан, Оңтүстік Кореядан, Белоруссия мен Израильден сарапшыларды шақырумен перинаталдық технологиялар бойынша оқыту өткізілді.

2011 жылдың қараша айын­да Астана қаласы әкімдігінің оқу-клиникалық орталығымен бірлесе отырып, Ұлттық ғылыми медициналық орталық негізінде 10 адам оқытылды.

Ультрадыбыстық перинаталдық скрининг орталықтандырылды. Бұл шара нәресте өлімінің құрылымындағы туабіткен ақаулар дамуының жоғары пайызы нәтижесінде қолданылды.

Денсаулық сақтау басқармасының бастамасымен тәуелсіз аудит жүргізілді. Науқас балалар санының артуына байланысты №2 қалалық бала­лар ауруханасын Абылайхан көшесіндегі жаңа ғимаратқа көшіру және №1 қалалық ба­лалар ауруханасын Тәуелсіздік көшесі бойындағы ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізілгеннен кейін көшіру жоспарланып отыр. Желтоқсан көшесіндегі ескі ғимаратта мүгедек бала­ларды оңалту орталығын ашу жоспарланып отыр. Қаланың барлық емханаларында күндізгі стационарлар бар. Онда 1287 бала емделді. №3 қалалық пер­зентхана базасында 10 орынды нәрестелердің неонаталды хирургия орталығы ашылды. Онда 35 нәрестенің 26-сына операция жасалды.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Сонымен қатар

фотошебер: шыны мен сыры

Газетіміздің өткен сандарының бірінде «Астана және астаналықтар» айдарын елордаға да, елімізге де танымал фототілшілерге арнаған …

One comment

  1. Құрметті. Гүлнар Қапсеметқызы сəлеметсіз бе?
    Өтініш хат
    Мен Жұмаханов. Анарбай. Рысбекұлы. 1994 жылы туылғанмын. Түркістан қаласы. Шорнақ ауылының тұрғынымын.
    Туғаннан 1 топ мүгедекпін, диогноздарым, (хр остемелид) гидроце полия, спиномозгавая грижа нежный поропарез, сізден өтінерім. Алла ризалығы үшүш емделуге көмектесіңізші. Түркістан Шымкент қалаларындағы врачтар көмектеспи жатыр, бір-біріне жібереді ешкім мойнына алғысы келмиді, өтінемін маған көмектесіңізші, өтінішімді жауапсыз қалдырмаңызшы, сізден үлкен үміт пен жауап күтемін. Байланыс номерлерім. 8707-951-63-94 8705-695-05-94.

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған