«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Гүл шаһардың шырайы

0 18

Қазіргі таңда елорда еріксіз таңдай қақтыратын тамаша сәулетімен ғана емес, жайқалған жасыл желегімен де көз тартады. Арқа төсінде қоныс тепкен астанамызды осыдан жиырма жыл бұрын нағыз гүлді шаһарға айналады десе, ешкім сене қоймас еді. Сондықтан оның бүгінгідей гүлордаға айналуы шынымен де тамшылап төгілген тер мен ерекше шығармашылық еңбектің жемісі екені анық.


Биыл бас қаладағы 162288 шаршы метрге 8 жарым миллионнан астам гүл егіледі деп жоспарланған. Оның ішінде, Алматы ауданы бойынша – 50436 шаршы метр, Есіл ауданы бойынша – 80999 шаршы метр, Сарыарқа ауданы бойынша – 16155 шаршы метр, ал Байқоңыр ауданы бойынша 14698 шаршы метр жер қызылды-жасылды гүлмен көмкеріледі. Бұл көрсеткіштің ширегінен астамы, нақтырақ айтар болсақ, 2102750 гүл көктем айларында өткен жалпықалалық акция барысында отырғызылды.
Нұр-Сұлтандағы гүл шаруашылығы саласына қатысты жұмыстардың шамамен жартысынан астамын «Астана көгалдандыру құрылысы» мекемесі жүргізеді. Елорданы ертегідегідей ерекше шаһарға айналдыруда бұл ұйымның сіңірген еңбегі зор. Қаланың көп жерінде көзіңе шалынатын ұлттық ою пішініндегі гүл текшелері де – осы ұйым қызметкерлерінің еңбегі.
Аталған мекеме директорының орынбасары Бибігүл Бектемісованың айтуынша, елордада егілетін гүлдердің жартысынан астамы – біржылдық гүлдер. Мұның себебі астананың қатаң климатына байланысты болса керек.


– Бүгінде жергілікті табиғатқа жерсінген 30 шақты гүл тұқымы бар. Оның ішінде шырайгүлдің (петуния) қызылды-жасылды 11 түрі мен барқытгүлдің (тагетес) 4 түрі кең таралған. Оларды нағыз «астаналық» гүлдер деп айтсақ болады. Бойы да, өсімі де біркелкі әрі ыстық-суыққа төзімді, – дейді ол.
Аталған кәсіпорын гүлдерді арнайы жылыжайда өсіреді екен. Біржылдық гүлдің орташа бағамы – 70 теңге, ал көпжылдық гүл 1500-2000 теңге аралығында бағаланатын көрінеді. Сондай-ақ гүл саудасында өзге өңірлерге де тапсырыс береді.
Қазірде елордалықтар мен қала қонақтары Ақордадан «Хан Шатыр» орталығына дейін бірнеше шақырымға созылатын сулы да нулы желекжол бойындағы гүлдер тізбегін жағалай серуендеп тамашалауына болады. Сондай-ақ басқа да даңғылдар мен көшелердің, ғимараттардың, саябақтар мен скверлердің аумағындағы гүл мүйістері де жетерлік.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды