Четверг, 22 Июнь 2017
-->

ҒЫЛЫМСЫЗ ҚОҒАМ АЛҒА ЖЫЛЖЫМАЙДЫ

Астанадағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың хал­қымызға ар­на­ған «Қазақстанның үшін­ші жаңғыруы: жа­һандық бәсекеге қа­бі­леттілік» атты Жолдауы талқыланды. Жиынға жоғары оқу орнының ғалымдары мен студенттері қатысты. 

– Елбасының халыққа Жолдауы қашан да ерекше маңызы бар оқиға саналып, алдағы таңда мемлекеттің дамуы мен экономикалық-әлеу­меттік саласының бағытын айқындап береді, – деп бас­тады сөзін университет ректоры. – Биылғы жолдаудың ерекшелігі – Мемлекет бас­шысы экономиканың техно­логиялық дамудың жаңа моделін ұсынып отыр. Бұл дегеніміз – ғылым мен инновация және адам капиталының сапасы көтеріледі деген сөз. Біздің ғалымдардың армандап жүрген ойлары Жолдауда жазылғандықтан, оған өте қуаныштымыз. Ғылымсыз қоғам алға жылжымайды. Жолдауда ғылыми-зерттеу инс­титуттарын құру, оқулық бағ­дарламаларын өзгерту, ағыл­шын тілін дамыту туралы нақты тапсырма берілген.
Ал оны жүзеге асыру – бәрі­міздің де алдымызда тұрған міндет, – деді ол.
Содан кейін Ақылбек Кү­рішбаев «Қазіргі таңда Елбасының Жолдауын іске асырудың жоспары даярланып жатыр. Біз оған үн қосуымыз қажет. Күні кеше Білім және ғылым министрлігіне, сондай-ақ, Ауыл шаруашылығы ми­нистр­лігіне хат дайындадық. Онда Қазақ агротехникалық университетінің базасында ғылыми-зерттеу университетін құру мен техникалық базаны күшейту және оқытушылардың жалақысын көтеру жайында жаздық. Әрине, оның бәрі ел бюджетіне байланысты болғанымен, біз мемлекеттік гранттардың көлемін ұлттық университеттердің деңгейіне дейін көтеруді ұсынып отырмыз» деп өзекті ойдың түйі­нін тарқатты.
Сондай-ақ, оның айтуынша ақпан айында С.Сейфуллин атындағы Қазақ агро­теx­ни­калық уни­вер­­ситеті мен Қа­рағанды об­лы­­сының әкімдігі арасында мемо­рандумға қол қойылып, кенді өлке аймағына оқу орда­сының қашықтықтан басқару теxно­логияларынан бастап мал мен жер шаруа­шылығы саласындағы ғылыми жаңалықтарды таныс­тырып, ірі ауыл шаруашылығы кә­сіп­орындарында студент­терді іс-тәжірибеден өткізуді жос­парлап отыр екен.
Сонымен бірге, жиында экономика факультетінің деканы Әлия Сабыржанқызы мен энергетикалық факуль­теттің 1-курс студенті Мариям Жал­ғасбаева жарыссөзге шығып, Елбасының Қазақстан халқына арнаған Жолдауы жайында жылы пікірлерін білдірді.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*