«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Ғылымның ұясын бұзу жақсылыққа апармайды

Серік НЕГИМОВ, филология ғылымдарының докторы, профессор:

0 306

Алдағы 3 шілде күні Серік ағамыз жоталы жетпіс жасқа толады. Қазіргі отандық әде­биет­тану ғылымының алдыңғы шебінде жүрген ғалымның еңбектері жайында ауыз толтырып айтуға болады. Бүгінге дейін оның зерделі қаламынан 700-ден астам ғылыми, әдеби-сын мақалалар туды. Бірнеше зерттеу кітаптары жарық көрді. Фольклортану ғылымының дамуына жаңаша серпін берді. Талантты шәкірт тәрбиелеп, ұлағатты ұстаз атанды. Қысқасы, елгезек, сергек қалпынан өзгермей, құр аттай шауып жүретін ағамызбен мерейтой қарсаңында жолығып, әсерлі әңгіме өрбіткен едік.

– Жақында еліңізге барып, бір аунап-қунап келіпсіз. Қызыл­жардан қандай әсермен оралдыңыз?
– Қазақ баласы үшін туған жерден қасиетті ұғым жоқ. Мен оны бала күнімнен бойға сіңіріп өскен адаммын. Сондықтан ата-бабамның, әке-шешемнің сүйегі жатқан киелі мекенді қай­да жүрсем де, жадымнан шығарған емеспін. Жылдың басында Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті менің мерейтойыма орайластырып, ғылыми конференция өткізуді жоспарлап қойған екен. Жерлестерім соған әдейілеп шақырды. Оған жалғыз бармай, бас қаладан бір топ зия­лы қауымды ертіп бардым. Қызылжардың төрінде «Қа­зіргі фольклор және әде­биет­танудың көкейтесті мәсе­лелері» атты келелі жиын өтті. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры, академик Дихан Қамзабекұлы «Серік Негимов және Алаш мұрасы» аталған тақырыпта баяндама жасады. Мемлекеттік Елтаңбаның авторы, сәулетші Жандарбек Мәлібеков менің шығармашылығымдағы ұлы жыраулар поэзиясына тоқталды. Ақын, ғалым Серікзат Дүйсенғазин айтыс өнері жайында салмақты ой өрбітті. Тарих ғылымының докторы Марат Әбсәметов кітаптарымдағы тарихи деректерді сөйлетті. Конференция жоғары деңгей­де ұйымдастырылды. Жерлес­те­рім мерейімді асырды. Университет­тің құрметті профессор атағын берді. Бір сөзбен айтқанда, туған жерімнен пыраққа мініп қайтқандай әсермен оралдым.
– Бәрі қайырлы болсын! Сіздің сыншы, фольклортанушы, өлеңтанушы секілді қырларыңызды білеміз. Ал өзіңізді кім деп бағалайсыз?
– Қысқа қайырсам, мен әдебиеттанушымын. Бірақ бұл қалпақпен ұрып алатын оңай сала емес. Мұның да құрық бойламайтын ұңғыл-шұңғылдары жетеді. Әлбетте, әдебиеттанушы болу үшін оның тарихын, үрдісін, жалпы, сөз өнерінің шежіресін жетік білген жөн. Мәселен, өз басым, біздің заманымызға дейінгі ғұн дәуірінен бастап, кейінгі Аттила, Күлтегін, Шыңғысхан, Алтын Орда мемлекеті, Қазақ хандығының тұсы, одан бергі XVIII-XIX ғасырға дейінгі кезеңдерді тапжылмай сүзіп шықтым. Әсіресе, Алтын орда тарихы жөнінде ағылшынша, немісше, французша, орысша басылған тарихи әдебиеттерді құмартып оқыдым. Осы кітаптарда «хан», «қаған», «сақ», «ноян» және «көбеген» деген сөздер тура осылай жазылған. Мәселен, «көбеген» деп ханның балаларын айтады екен. Осыған қарап, қазақтың тілі өте бай екендігіне көзіңіз жетеді. Мысалы, оғыз эпосының тарихы бес мың жылға созылған. Аталарымыздың киіз үйінің тарихы да осы шамада. Содан-ақ, бүгінгі қазақ жерінде біздің бабаларымыздың көнеден мекендегенін білесіз.
– Біраз кітаптарыңызды қарап шықтым. Ғылыми еңбектеріңіздің өзі үш-төрт саланы қамтиды. Соны өзіңіз таратып айтып бересіз бе?
– Мен әуелден алғашқы зерттеу жұмысымды қазақ өлеңін танудан бастағам. 1972-75 жылдар аралығында Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтында істеген жылдары қазақ өлеңінің үш элементі, яғни интонация, дыбыс, ырғақты алып, тереңірек үңілдім. Кейін бұл теориялық еңбегім «Өлең өрімі» деген атпен 1980 жылы жарық көрді. Мұның күні бүгінге дейін мәні жоғалған жоқ. Одан кейін ақын-жыраулар поэзиясының көркемдігін зерттедім. Басы – сонау Қазтуған, Доспамбет, Марғасқа, Шалкиізден басталып, кейінгі Бұхар, Үмбетейге созылатын жыраулар поэзиясы әлем әдебиетіндегі құбылыс. Бұлар жырау ғана емес, мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатына араласқан белді тұлғалар болды. Ал ақындарды мен жыршы-ақындар деп бөлемін. Олар өздері шығарған жырды домбырамен немесе қобызбен айтып, жұртқа жеткізді. Негізінен, біздің әдебиетіміз сахна әдебиеті болған. Қазақтың сал-серілерін де қағыс қалдырған жоқпын. Сегіз сері, Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Мәди, Шашубай, Құлтума, Ғазиз, Жаяу Мұса, Естай, Кенен секілді дүлдүлдер жайында ғылыми еңбек жаздым. Шығармашылығымның тағы бір саласы – қазақтың би-шешендері болды. Оны жазуға себеп болған 1992-97 жылдары Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының ректоры – Сейілбек Исаев. Ол мені Ғылым академиясынан аталған оқу ордасындағы Қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушілігіне шақырды. Егемендік алған шағымыз. Ректор әдебиеттануға жаңа пән енгізейік деген ұсынысын айтты. Онда ол «шешендік өнердің теория­сы мен тәжірибесі» жайындағы пән болсын деп қолма-қол ойымды айттым. Ертеректе, әдебиет және өнер институтында белгілі ғалым Балтабай Адамбаевпен қызметтес болдым. Жас кезіміз. Көп нәрсеге онша мән бермейміз. Балтакең шешендік өнердің бәрін зерттеп қойған шығар деп жүргем. Сөйтсем, бұл саланың да ашылмаған қыры жетеді екен. Содан отыра қалып, бес ай ішінде «Шешендік өнер» деген кітабымды жаздым. Бұл пән Қыздар институтының барлық факультетінде оқытылды. Кейінірек әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде оқу сабағына енгізілді. Соңғы он жыл көлемінде қазақтың қабырғалы қаламгерлерінің творчествосы туралы тынбай жазып келемін. Шашубай мен Доскей ақынның кітабын құрастырдым. Қазақтың ән-күй тақырыбына арналған новелла, эсселер жинағын шығаруға мұрындық болдым. Алашқа аты жайылған ардақтыларымыз туралы біршоғыр эссе жаздым. Көңілім толатын тағы бір дүние – айтулы ғалым Мәлік Ғабдуллиннің өмірі мен шығармашылығы жайында филологиялық-деректану зерттеуім басылды.
– Жақсы, аға. Енді кейінге ше­ге­рілсек. Алыс ауылда өстіңіз. Он жылдықты аяқ­таған­нан кейін совхозда қара жұ­мысшы болыпсыз. Сол кезде ғалым боламын деп ойладыңыз ба?
– Адамды алға жетелейтін күш – арман. Бала күнімнен арманшыл жан болып ержеттім. Біздің ауылда еті тірі, қимылы ширақ, жақсы мен жаманды сараптай білетін Дос­кей деген қария болды. Сол кісі 1964 жылы ту сонау жер түбіндегі Алматыға барады. Алатаудың етегіндегі әсем қалада біздің ауылдан шыққан жақын ағайыны Қазақ КСР Министрлер кеңесі жанындағы Мемлекеттік құпияны сақтау жөніндегі комитеттің төрағасы Әбдірашит Шала­баевтың баласының үйлену тойына қатысады. Әбдірашит ағамыз отызыншы жылдардың ортасында Новосібір қаласында Батыс сібір өлкесінің органы «Қызыл ту» газетінің бас редакторы болған. Қарамағында орынбасар болып Ғабиден Мұстафин жұмыс істеген. Сол тойда Сәбең, Ғабиден болған екен. Доскей қарт солардың бәрімен дастарқандас болып, әңгімесін тыңдаған. Ақсақал елге келгеннен кейін соның бәрін ауылдастарына жырдай қылып айтып берді. Онда мен 8-ші сыныпта оқимын. Қарттың айтқандарын аузымның суы құрып тыңдаймын. Ол менің көңілімді жықпай көргендерін қайта-қайта айтады. Содан менің Алматыға деген құштарлығым оянды. Шындығын айтқанда, өткен ғасырдың алпысыншы жылдары қазақ ауылдарында білімге деген құмарлық сұмдық болды. Соғыстан кейін жабырқап қалған елдің еңсесі көтерілді. Сол кезде Сәбит Мұқановтың, Хамза Есенжановтың, Тәкен Әлімқұловтың, Тахауи Ахтанов­тың, Әлжаппар Әбішевтің жарық көрген кітаптарын ел адамдары қолға тигізбей оқыды. Әсіресе, біз секілді бота тірсек бозбалаларға Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы қатты әсер етті. «Жұлдыз» журналының 12-ші санында сын жазып жүрген қаламгерлердің суреттері берілетін. Соның бәрін қалдырмай оқып, осындай сыншы болсам деп ойлаймын. Оңашада ойымды дәптерге өлең етіп өремін. Сол дәптерді ұзақ жылдар жақын досым сақтап, өмірден өтер алдында туыстарына беріп кетіпті. Жақында қолыма түсті.
– Бұрын ол дәптердің бар екенін білген жоқсыз ба?
– Жоқ. Ойымнан шығып кетіпті. Енді қызықты қараңыз, сол дәптердің алғашқы бетіне Әдебиет және өнер институты деп жазып қойыппын. Мектепте оқитын баламын ғой. Оны қайдан білгеніме әлі таңмын. Сөйтіп, 1966 жылы Алматыға арман қуып келіп, ҚазГУ-ге құжаттарымды тапсырдым. Конкурс өте күшті болғандықтан, сырттай бөлімге түстім. Группаластарымның көбі ересек. Қыркүйекте сабақ басталды. Бізге Мәлік Ғабдуллин, Кәки Аханов, Ханғали Сүйіншәлиев дәріс оқыды. Кеңес Одағының батыры, үлкен ғалым Мәлік ағамыздың лекциясын тыңдау бір бақыт қой. Ауылға ерекше әсермен оралдым. Мектеп-интернатқа тәрбиеші болып орналастым. Одан кейін совхоздың қара жұмысына жегілдім. Қопадан қамыс шабамыз. Бірде үсті-басым шаң болғандықтан, киімдерімді қағып жатыр едім, анадай жерде қарап отырған әкем: «Осылай шаңның ішінде жүре бересің бе? Сен секілді балалар қалада оқып жатыр» деп зілсіз кейіді. Аузы ауыр адам еді, осы сөзі жаныма батып кетті. 1968 жылдың қаңтарында Алматыға қысқы сессияға келдім. Оны жақсымен аяқтап, университеттегі оқу бөлімінің бастығына бардым. Өңі жылы орыс кісі екен. Жылы сөйлесті. Мән-жайымды айтып түсіндірдім. Сынақ кітапшамды көріп «ертең кел» деді. Бардым. Күліп қарсы алып, «іштей оқуға қабылдандың» деді. Бұған әкем қатты қуанды. Мені курстастарым Меккеден келгендей қарсы алды. Уәлихан Қалижан, Фаузия Оразбаева, Бақыт Балғарина секілді талантты жастардың ортасына түстім.
– Университеттегі ұстазда­рыңыз туралы айтсаңыз?
– Қазақ әдебиеттану ғы­лымы­ның корифейі Бейсенбай Кенжебаевтың дәрісін тыңдадым. Профессор Темірғали Нұртазиннің лекциясы қызықты болатын. Ағып тұрған шешен. Табиғаты актерге келетін. Әйгілі меценат Маман байдың баласы Ыбырай Маманов сабақ берді. Зейнолла Қабдоловтың қырықтағы қылыштай қайратты кезі. Зекең сөйлегенде бір сиқырға енесіз. Дипломдық жетекшілігіме Тұр­сынбек Кәкішев бекітілді. Бұл кісі маған «Сәкеннің өлең өрнегі» деген тақырыпта жазуға кеңес берді. Содан жұмысымды бастап кеттім. Бірде Тұрсекең маған: «Мен докторлық қорғаймын. Уақытым аз болып тұр. Саған жетекші Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының аға ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы Мырзабек Дүйсенов болады» деді. Сөйтті де мені академияға жетектеп алып келіп, Мырзакеңмен таныстырды. Өте кішіпейіл азамат екен.
– Дипломыңызды қорғау қиынға түскен жоқ па?
– 1971 жылы 8-ші маусымда 8-ші болып қорғадым. Комиссия мүшелері болған ұстаздардың бәрі ризашылығын білдірді. Университеттің ғылыми кеңесі мені Ғылым академиясына жолдамамен жіберді. Академия маған Мәскеудегі Горький атындағы әлем әдебиеті институтына барасың деді.
– Содан Мәскеуге бардыңыз ба?
– Бірақ әкем бұл ұсынысты қолай көрмеді. «Балам, алдында ағаң, артында інің жоқ. Осы Алматыда жүре бергенің жөн болар» деп ақылын айтты. Сонда да Мәскеуге барып көрейін деп ойладым. Ондағы ауа райы да көңіліме онша ұнамады. Әдеби институтқа кіріп, сондағы бір үлкен ғалымға жолықтым. Ол маған: «Оқуға түстіңіз, енді диссертацияңыздың тақырыбын белгілеңіз» деді. Мен оған «өлең құрылысынан жазамын» деп едім, ол болса «Бізде өлеңді зерттеген атақты ғалымымыз сырқаттанып қалды. Өздеріңізде өлең жүйесін терең зерттеп жүрген Зәки Ахметов, Мұрат Қарамаев бар ғой. Онда Алматыға барып, сонда жалғастырыңыз» деді. Содан қуана елге оралдым. 1971 жылы желтоқсан айында ұстазым Мырзабек ағам мені Ғылым академиясы президиумының хатшысы Жақан Ержановқа алып кіріп: «Серіктің кандидаттық диссертациясының 70-80 пайызы дайын. Енді институтқа жұмысқа орналасуға бір орын болса» деген өтінішін айтты. Ол жаңа жылға дейін күте тұр деді. Мереке өтті. Ешқандай хабар жоқ. Ақыры, бұл шаруа сиырқұйымшақтанып бара жатты. Ақпан айының басында Жазушылар Одағының алдынан басым салбырап кетіп бара жатыр едім, біреудің қолы иығымнан сарт ете түсті. Қарасам, Әбдірашит Шалабаев ағам. Жай-күйімді көріп: «Еңсең неге түсіп кеткен?» деп сұрады. Мен оған жұмыссыз жүргенімді айттым. Ол мені кабинетіне апарып, Әдебиет және өнер институтының директоры Әди Шәріповпен хабарлас­ты. Қысқасы, сол институтқа ағамның көмегімен лаборант болып орналастым. Бірақ оған төленетін айлық жоқ екен. Бұл қызмет штатқа кірмеген. Сонда Мырзабек Дүйсенов ағам өз қалтасынан маған бір жыл бойы айлық төлеп тұрды. Кейін оған институт ақшасын қайтарып берді. Осыны ойласам, көзімнен жас шығады. Егер Мырзакең маған жәрдемдеспегенде, менің жолым басқа арнаға түсер еді деп ойлаймын.
– Ғылыми ортаның әсері қалай болды?
– Өмірлік көзқарасым, дүние­танымым осында қалыптасты. Институтта Мұхамеджан Қара­таев, Әбділда Тәжібаев, Мәлік Ғабдуллин, Ысқақ Дүйсенбаев, Мырзабек Дүйсенов, Рақманқұл Бердібай, Әнуар Дербісалин секілді ғибратты ғалым­дар еңбек етті. Әлкей Марғұлан ағамыз институттың ғылыми кеңесінің мүшесі болды. Академик Зәки Ахметовпен ағалы-інілідей сыйластым. Әди ағамыз да жақсы адам болатын. Академик Темірбай Дарханбаев, Орынбек Жәутіков, Ісмет Кеңесбаев секілді тұғырлы тұлғалардың алдын көрдім. Олар бізге білгенін айтып, тәжірибелерімен бөлісті.
– Саналы ғұмырыңыз Қаныш атамыз құрған Ұлттық Ғылым академиясының шаңырағында өтіпті. Бүгінгі осы ғылыми орда­ның жай-күйіне қалай қарай­сыз?

– Бұл ұлтымыздың ары мен ұятына айналған киелі орда еді. Оны Қаныш Сәтбаев өз қолымен құрды. Қазақстан Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы кезінде Нұртас Оңдасынов академия ғимаратының іргетасын құйып жатқанда «қазақтың ғылымы күмістей таза болып, жарқырасын» деп күміс тиын шашыпты. 1958 жылы 14 желтоқ­санда еңселі ғимараттың ашылуы болғанда заңғар жазушы Мұхтар Әуезов үйінде той жасапты. Осындай ұлылар қадір тұтқан қастерлі ордамыздың елеусіз қалғаны жаныма батады. Қазір ғылым академиясы қоғамдық ұйымға айналды. Ондағы ғылы­ми институттардың бәрі Білім және ғылым министрлігіне қарайды. Енді бұрынғыдай академия болмауы да мүмкін. Сонда біз асылдарымыздың алдында күнәһарлық іс жасадық.

– Қатты айтқан жоқсыз ба?
– Жоқ. Осы сөзім – сөз. Елдің мықты болуы – ғылымға, өнер­ге, руханиятқа байланысты. Ғы­лым­сыз ешқашан мемлекет дамымайды. Әлихан Бөкейханов «Құдайдан кейін күшті нәрсе – ғылым, ғылымнан кейінгі күшті нәрсе – дәстүр» деп айтқан. Сондықтан ғылымның ұясын бұзу жақсылыққа апармайды.
– Бүгінгі әдебиеттану ға­лымы­ның даму барысына көңіліңіз тола ма?
– Қазір елімізде жоғары оқу орындарының көптігінен аяқ алып жүре алмайсыз. Олардың көбінде филология факультеттері бар. Осы бағыттағы ғылым докторлары мен кандидаттары да жетерлік. Бұрынғыдай докторлық, кандидаттық қорғау диссертациялық кеңестері жабылды. Мұны да қош көрмеймін. Біз әлі күнге 1958 жылы басылған Мәлік Ғабдуллиннің «Қазақ халқының ауыз әдебиеті» атты оқулығын пайдаланып келеміз. 1965 жылы жазылған Зейнолла Қабдоловтың әдебиеттану теориялық еңбегі де тарихи қызметін атқарды. Енді одан бері қанша жылдар жөңкіліп көшті. «Бабалар сөзінің» жүз томдығы жарық көрді. Алаш қайраткерлерінің мұралары ортамызға оралды. Осы дүниелердің бәрі ғылыми қолданысқа енген жоқ.
– Неге?
– Ұйымдастыру кемшін.
Оған кім бас-көз болу керек?
–Жоғары оқу орын­да­рын­­дағы қазақ әдебиеті кафедра­сының меңгерушілері ұйытқы болған жөн. Негізінде, жоғары оқу ордасының ядросы – кафедра. Бірақ қазір кафедра университеттердің оқу бөлім­деріне бағынады. Олар оны ұршықша айналдырады. Жұ­мыс істеуге мүмкіндік бер­мейді. Университет дегеніміз оқымыстылардың қауымдастығы ғой. Оқымыстыларсыз университет жоқ. Онда ғылыммен айналысатындар ғана болу керек. Ғылымға қатысы жоқтар оның маңайынан жүрмеген дұрыс. Қазір ғылымның келешегін ойлайтын адам аз. Қағазбастылық жаулап алған. Соған ертелі-кеш көміліп отырамыз. Ғалымға іздену үшін сағат та бөлінбейді.
– Тәуелсіздік алғанымызға біраз жыл болды. Кеңестік кезде жазылған әдеби шығармаларды саралаудан өткізу қолға алынды ма?
– Айта алмаймын. Ғылымның өз ұстанымы бар. Кеңес одағы ыдырады. Дербестік алдық. Енді атақты, аузы дуалы ғалым­дарымыз фольклор мен әдебиет­тану бағыттары бойынша тұжы­рымдама жасау керек болатын. Бұны дер кезінде пайдалана алмадық.
– Ол сіздің қолыңыздан келмеді ме?
– Жоқ. Мен қатардағы көп ғалымның бірімін. Сөзім ешкімге өтпейді. Оған лауазымды тұлға болу қажет.
– Сіз алғаш Ақмола елорда болғанда осында келіп, қайтадан Алматыға кетіп қалдыңыз. Бас шаһарды жатырқадыңыз ба?
– Ол былай болды. 1997 жылы Алатаудың етегінен еліміздің бас ордасы Арқаға көшті. Сол кезде мені Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Амангелді Құсайынов қызметке шақырды. Ұсынысты құп алып, қуана келдім. Бірақ бәрі мен ойлағандай болмады. Күнұзақ сүргінмен жүремін. Жазу-сызу, кітап оқу жайына қалды. Кітапхана қоры да жетімсіз. Ақиқатын айтқанда, ғылыми әлеуетім төмендеп кетті. Астана болу оңай емес екен. Содан 2000 жылы Алматыға оралып, ҚазҰУ-дағы профессорлық жұмысымды қайта жалғастырдым. Бес жыл ішінде қалпыма келіп, 2005 жылы осында оралдым.
– Аға, біраз дүниені қаузадық. Туған күніңізбен қатарласып, бас қаланың 20 жылдығы да жақындап қалды. Сол жайында лебізіңізді білдірсеңіз?
– Елбасы еліміздің бас ордасын Алматыдан қазақ жерінің қасиетті төріне көшіргені тегін емес. Ұлы Даланың діңгегі – Ақмола. Бұл өңірде небір өркениет өрістеген. Елорданың іргесіндегі Бозоқ қалашығы тоғыз жолдың торабында қоныс тепкен. Сары­арқа жерінен ықылым заман жәдігерлерінің шамамен 1 миллион жылдай бұрынғы жұр­нақтары ұшырасады екен. 1966 жылы шалғай ауылдан арман қуып, ару Алматыға Целиноград арқылы жетіп едім. Ал бүгін осы жерде әлемге атағы жайылған Астананың асқақ тұлғасы жүре­гімді керемет сыр мен жырға бөлейді. Бұл – Тәуелсіздіктің жемісі. Астананың айшықты табыстары елі-жұртымызды әрқашан шаттандыра берсе екен деймін.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Азамат ЕСЕНЖОЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды