«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Ғажапқа толы ғарыш

0 47

Бейсенбі күні бас шаһарда қалалық архив мекемесінің ұйымдастыруымен Ғарышкерлер күніне орай «Ғарыш: жаулап алу шежіресі» атты көрме ашылды.


Көрме үш бөлімнен тұрады. Әр бө­лімнен қария тарихтың шежіресі сыр шертіп тұр. Айталық, алғашқы бөлімге тәжірибелік космонавтиканың негізін қалаушы, конструктор, академик Сергей Королевтен бастап, 1961 жылдың 12 сәуірінде қазақ жеріндегі Байқоңыр ғарыш айлағынан әуе кеңістігіне аттанған адамзат баласының арасынан шыққан тұңғыш ғарышкер Юрий Гагарин туралы сол кезде жазылған ескі газет тігінділері ұсынылды. Бұл басылымдардан соғыстан кейінгі жылдардағы ғарышты зерттеуді бастаған ғалымдардың еңбектерімен де толығырақ танысасыз. Сондай-ақ жердің алғашқы жасанды серігінің макеті де көз тартады. Осы материалдарды елордалық мұрағат пен «Қазақстан ғарыш сапары» компаниясы дайындаған.
Экспозицияның екінші бөлігінде – Валерий Семеновтың жеке коллекциясынан алынған дүниелер қойылды. Мұнда ғарышкер Гагарин туралы жазылған кітаптар, газет-журналдар, маркалар мен конверттер көзге жылы ұшырайды.
Үшінші бөлім қазақтан шыққан ғарышкерлер – Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев және Айдын Айымбетовке арналды. Бұл жерден космонавтардың өмірбаяндық деректері, ғарышқа ұшқан уақыттарының ұзақтығы туралы ақпарат және қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жазылған кітаптар мен фотосуреттерді көресіз. Қорыта келгенде, бас-аяғы жинақы көрмеден келушілер ғарыш әлемі мен ғарышкерлер туралы тың мағлұматтармен танысты.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды