«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Ғарыш кемесі көкке ұшты

0 47

12 сәуір Бүкіләлемдік авиация және космонавтика күніне орай Райымбек батыр атындағы №50 «Қазғарыш» мектеп-лицейінде мерекелік шара өтті. Бұл күні мектеп оқушыларымен бірге ғарышқа ұшқан үшінші қазақ Айдын Айымбетов жасанды ғарыш кемесін ұшырды.

«Гагариндік старт» деп аталған шара тұңғыш ғарышкерді еске алуға арналды. «Қазғарыш» лицейінің үздік оқушылары Әлішер Дөненов, Жанат Шакимов және Денис Цыгулев Мәскеу уақыты бойынша күндізгі тоғыздан сегіз минут кеткенде көгілдір аспанға өздері жасаған ғарыш кемесін ұшырып, шарларды көкке жіберді.
Оқушыларды құттықтауға келген Айдын Айымбетов:
– Баршаңызды адамзат алғаш рет ғарышқа аттанған күнмен құттықтаймын! Мықты денсаулық тілеймін, ең бастысы, еліміздің ас­паны ашық, жұлдызы жарық болсын! – деп оларды білімді болуға шақырды.
«Жасыл экономиканы қолдау және G-Global-ды дамыту коалициясы» бұл күнге 3 айдай уақыт дайындалған екен. Бірлестіктің басқарма төрайымы Салтанат Ра­қымбекова бүгінгінің балалары ғарыш кемесінің макетін жасап, «ақылды» технологияларды пайдалана отырып, жарықтандыру, білім алу мәселелерін оңтайлы шешіп отыр дейді. Оның айтуынша, адамзат үшін технология кезеңі басталып кетті. Оқушылардың заман талабына ілесуі аса маңызды.
Іс-шара «Байқоңырым – бойтұмары ғарыштың» атты салтанатты жиынға ұласып, артынша келген қонақтар көрме тамашалады.

Гүлдана ТАЛҒАТҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды