«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Ғалым ғибраты

0 47

Қай тілдің болмасын зерттеп-зерделеудің тағылымды тарихы мен өзіндік қиындықтары да бар. Осы орайда ұлағатты ұстазымыз, ғалым, танымал лингвист, филология ғылымдарының докторы, профессор Нұрсұлу Жамалбекқызы Шаймерденованың жалпы тіл ғылымының өзекті мәселелерін зерттеп, тіліміздің рухани әлеуетін өркендету ісіне қосқан үлесі қомақты.

Шәкәрім Құдайбердіұлы өзі­нің «Үш анық» ат­ты философиялық трактатында: «Осы дүниеде көзге ілінбейтін кішкентай жандылардан бастап адамдарға шейін – бәрі өзі һәм нәсілін жақсылықта болып өсіп-өнуіне қам қылады. Мұны «барлық таласы» дейді. Бұл – жаратылыстың берік жолы. Сондықтан барша адам шамасына қарай қайбірі өзі үшін, қайбірі барша адам үшін жақсылық, бақ іздейді. Ақыл қарауында адам толығы барша адамға бақ іздеген болады» дейді. Біздіңше, жер бетіндегі барша адамзат баласына бақ іздейтін адам ғалым, ұстаз болса керек. Осындай ғалымдық, ұстаздық деген ұлы жолда өзіндік соқпағын салуға бар ғұмырын арнаған адамдардың бірі Нұрсұлу Жамалбекқызы деп білемін. Осы саналы ғұмырында ғалым тіл ғылымының дамуына жан-жақты үлес қосып қана қоймай, Қазақстан-Ресей ғылымы арақатынасының жаңа арнада дамуына серпін берді.
Нұрсұлу Жамалбекқызы бұрынғы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті филология факультетінде (қазіргі – Əл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Алматы қ.) білім алады. Кейіннен Мəскеу мемлекеттік педагогикалық университетінің аспиранты (қазіргі – Мəскеу мемлекеттік педагогикалық университеті, Мəскеу қаласы) атанып, ғалымдық жолды таңдайды. «Экспликация семантики языковых единиц и лексикографичес­кие дефиниции» тақырыбында докторлық диссертация қорғады. 1999 жылы «филология ғылымдарының докторы» ғылыми дəрежесі берілді. 2001 жылы тіл білімі мамандығы бойынша профессор ғылыми атағы берілді. 2007 және 2011 жылы екі мәрте ҚР БҒМ «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағы берілді. Сондай-ақ ғалым ғылым мен техниканың дамуына үлесі үшін ҚР БҒМ-нің Мемлекеттік ғылыми стипендия иегері атанды. 2012 жыл Ш.Уəлиханов атындағы КМУ Ғылыми кеңесінің шешімімен «Құрметті профессор» атағын алды.
Ұстаздық жолын Шымкент педагогикалық университетінің орыс тілі кафедрасының оқытушысы болып бастады. Əл-Фараби атындағы ҚазҰУдың жалпы тіл білімі кафедрасында 10 жылдан астам уақыт шәкірт тәрбиелеп, ұстаздық етті. Нұрсұлу Жамалбекқызы ғалымдық жолмен қатар басшылық қызметті қатар алып жүрді. Ол Қазақстан-Ресей университеті жанындағы халықаралық қатынастар мен геосаяси зерттеулер институтының Тəуелсіз мемлекеттерді зерттеу орталығының басшысы, «Парасат» Қазақстанның көпсалалы институтының гуманитарлық зерттеу­лер орталығының директоры қызметін атқарды. 2016 жылдан бастап қазірге дейін Ш.Уəлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің профессоры болып еңбек етеді.
Сонымен қатар ғалым көптеген кәсіби және қоғамдық ұйымдардың мүшесі ретінде жас талапкерлердің ғылым жолына бағыт алуына көмектесіп, шәкірттеріне үлгі болып келеді. Ғалымның белсенді ғылыми өмірі халықаралық конференциялар мен форумдардағы көптеген басылымдар жəне баяндамаларында көрініс тапты. Ол – Қазақстандағы жəне шетелдегі, оның ішінде Германия, Польша, Ресей, Словения жəне т.б. орыс, қазақ, ағылшын тілдеріндегі 200-ден астам ғылыми басылымдар, баяндама тезистерінің авторы. Ғалым 9 филология ғылымдарының докторы жəне 27 ғылым кандидаты, сондай-ақ 20-ға жуық магистр тәрбиелеп, ғылым жолына бағыттады.
Тіл ғылымында жеткен жетістіктерінің барар диірмені оқыту үдерісі екені белгілі. Осыны өмір тәжірибесінен, ұстаздық тәжірибесінен түйгенін Н.Шаймерденова тілтануда ғана емес, тілдің әдістемесі ғылымында да елеулі еңбек етті. Мәселен, орта жəне жоғары мектептер үшін орыс тілі оқулықтары мен оқу бағдарламаларын құрастыру – профессор қыз­метінің тағы бір саласы, мұнда ғалымның шығармашылық əлеуеті табысты түрде іске асады.
Тілдің қоғамдағы қызметі туралы әрдайым толғамды пікір айтып жүретін Елбасы соңғы жылдары бұл мәселеге ерекше көңіл бөлуде. Президент Нұрсұлтан Назарбаев тіл мәселесін сауатты ұлттық саясатпен тығыз байланыста қарас­тырады. Республикада Қазақстанның барлық этностарының мәдениетін, тілін, дәстүрін дамыту үшін қажетті жағдайдың бәрі жасалған. Ассамблея қызметі Қазақстанның этносаралық қатынастар мәселелерін тиімді шешетін ел ретіндегі халықаралық беделін арттыруға ықпал етеді. Осы орайда ғалымның Ассамблея аясында атқарып жүрген іс-шарасы да көп. Бүгінде ғалым – Қазақстан халқы Ассамблеясының ғылыми-сарапшылық кеңесінің мүшесі, Орыс тілі мен əдебиеті оқытушыларының қазақстандық қауымдас­тығының мүшесі, «Ресей жоғары оқу орындарының түлектері» қазақстандық қоғамдық бірлестігінің құрметті президенті.
Ғалымның қазақстандық-ресейлік достық қарым-қатынасы жəне екі мемлекеттің ғылыми ынтымақтастығын нығайту ісіндегі үлесі жоғары бағаланды. Айталық, 2007 жылы А.С.Пушкин атындағы мемлекеттік медальмен, 2008 жылы Ресей халықаралық ғылыми жəне мəдени ынтымақтастық орталығының атынан «За вклад в дело Дружбы» құрмет белгісімен, ал 2017 жылы Ресей Федерациясы Сыртқы істер министрлігі тарапынан «Ықпалдастығы үшін» төсбелгісімен марапатталды.
Студенттiк шақ, одан кейiнгi ұстаздық қызмет, ғылым жолы – өмiрiнiң қай кезеңi де Нұрсұлу Жамалбекқызы үшiн кiлең сәттiлiктен тұрған емес. Алайда, ғалым кездескен қиындық атаулының бәрiн тынымсыз еңбек, iшкi ерiк-жiгерiнiң күштiлiгi арқасында жеңіп келеді.
Нұрсұлу Жамалбекқызының басқаға ұқсамайтын ғалымдық келбетін танытатын бір ерекшелігі – тілді зерттеумен қатар балалар әдебиетіне де ден қоюы.
Осы бағытта 2012 жылдан бастап Н.Шаймерденова «Ананың ертегілері» деп аталатын серияның авторы бола отырып, балалар əдебиеті, балалар шығармашылығы саласындағы əдеби-ағартушылық бағытты дамытып келе жатыр. Бұл бағыттағы есте қаларлық жобалардың бірі – балалар мен ата-аналарға арналған «Бірге оқимыз, сурет саламыз жəне армандаймыз» деген шығармашылық лабораториялар циклі болды.
Бұл еңбектердің қай-қайсысы болмасын, ғалымның жас буынға, кейінгі ұрпаққа үлгі болатын тағылымға толы туындылар.

Жәмила ӨМІРБЕКОВА,
Л.Н.Гумилев атындағы
Еуразия ұлттық
университетінің доценті

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды