ҒАЛИ ҒИБРАТЫ

Биыл қазақ әдебиетіне ХХ ғасырдың соңғы ширегінде келіп, қазақ поэзиясының қалыптасуына, дамуы­на, өсіп-өркендеуіне ерекше үлес қосқан ақынның бірі Ғали Ормановтың туғанына 110 жыл толды. Қаламызда ақынның атында іргелі білім ошағы – №7 мектеп-гимназиясы бар. Қаншама уақыттан бері белгілі ақынның жырын насихаттап, оқушыларға рухани байлықты насихаттап жүретін бұл ұжым биыл да артында айрықша ізін қалдырған Ғали Ормановтың өмірі мен шығармашылығына арналған керемет кеш өткізді.

«Жастар» театрындағы әдеби-сазды шығармашылық кешке тектінің тұяғы, жалғыз қызы Жәмиға Орманова мен немерелері қатысты. Еске алу кеші мектеп мұра­жайындағы ақынның тұтынған дүниелері, тарихи экспонаттар мен кітап­тары қойылған көрмемен ашылды.
– Ғали ақын қазақ поэзия­сы­ның жүйрігі Ілиястың шә­кірті еді. Ағамыз өз есте­лі­гін­де Ілиястың өзінің шығармашылығына қалай әсер еткенін жазған. Ғалиді қазақ лирикасының басын­да тұрған шайыр деп бағалаймыз. Кешегі Тұманбай, Сағилар жол салған ақын. Қайшылыққа толы өз заманында артынан сөз ермеген, тек қазақ әдебиетіне, туған халқына адал қызмет еткен адам еді, – деді ақын Несіпбек Айтұлы өз естелігімен бөлісіп. Ал ақынның жалғыз қызы Жами­ға Орманова әкесі туралы әсерлі әңгіме тиегін ағы­тып, оқушылардың сауалдарына жауап берді.
– Ол кісі 1938 жылы Орталық Комитеттің тапсырмасымен Жамбылдың хатшысы болып тағайындалды. Ақынның өлеңдерін жазып отырды. Әкем Жамбыл атамыздың қайтыс болған күніне дейін күнделік жүргізді. Оның үзінділері ғана баспасөзде жарияланып жүр. Толық кітап болып басылған жоқ. Латын тілінде жазылған күнделіктің түпнұсқасы менде сақтаулы тұр, – деді ол.
Ғали атамыз талантты тәр­жімашы болған. Туыс­қан ха­лықтар мен орыс әде­биетінің көрнекті өкіл­дерінің туындыларын ана тілімізге аударған.
– Тәуелсіз ел атанып, тө­бемізге ту тігіліп, тіліміз­дің мәртебесі артып, әлемге атымыз танылып жатқан кезеңде ұлттың, елдің бола­шағы – жас ұрпақ тәрбиесіне де мықты көңіл бөлінуі керек. Мектебіміздің жас жет­кіншектері Ғали Орманов өлеңдерімен сусындап, нәр алып, бой түзетуде. Мұндай игі шараларымыздың легі толастамау керек, – деді мектеп директоры Жанат Тұрысбекқызы.
Ақын бала атанған Ғали ауыл өмірінің қыр-сырын танып өседі. Туған жердің топырағына аунап, мөлдір ауасын жұтып ержетеді. Ешкіөлмес – Ғалидың қуат алған, нәр алған сарқылмас бұлағы, қиялына қанат бай­лаған, Қазақ еліне атын жайған шабыт көзі. Туған жердің тұнып тұрған сұлу табиғаты ақындыққа от бермеуі мүмкін емес. Ғали Ормановтың сөзіне жазылған Серік Сыздықовтың «Ауылға» әнін жас әнші Оралбек Тастанбеков орындап, көпшіліктің ықыласына бөленді.
Кеш барысында қалалық «Сарыарқа» ұлттық аспаптар ансамблі, «Наз» тобы, сонымен қатар, Шәмші Қалдаяқов атындағы Оңтүстік Қазақстан облыстық филармониясының әншілері Тұрар Әлменов, Гүлзада Нұржанова, 16 жас­тағы күйші-композитор Ғала­мат Бейсеқожа өнерлерін көрсетті.

Сонымен қатар

«Алтын сақаны» №73 мектеп алды

«Бұлақ көрсең, көзін аш…» дейді дана халқымыз. Дәл осы аталы сөзді мақсат еткен «Зерделі» ақыл-ой …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған