«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Ғаламторда табыс табу мүмкін бе?

0 81

Әртүрлі желілер мен сайттарда «үйде отырып ақша тап!», «Мен қалай миллионер болдым» деген сынды жарнамалар қаптап жүр. Осы рас па деген сұрақ ойыңызға келді ме?

Өкінішке қарай, интернет арқылы миллионер болу – өте қиын және тәуекелшіл шешім. Себебі жоғарыда айтылған жарнамалар көбінде құмар ойындарға негізделген ақша табу жолы. Сонымен қатар алаяқтарға жолығып қалу қаупі де бар. Жеңіл пайда жақсылыққа әкелмейтінін осындайда ескерген жөн. Сондықтан миллионер болғыңыз келсе, еңбек етіңіз. Бұл жерде ғаламтордың берер көмегі аз. Дегенмен қарапайым талаптар үшін ғаламтор табыс көзі бола алады.
Интернетте бизнес жасау­дың ең таралған түрлері әлеуметтік желідегі оқырмандарға негізделген. Желі қолданушыларының да өз парақшасын барынша қызықты етіп адам жинауға деген ұмтылысын осымен түсіндіруге болады. Ғалам­торда фолловерлердің құ­діреті арқылы бос уақытты келесідей жолдармен та­бысты ете аласыз.
Жарнама. Желідегі белсенді аудиторияңызды қалыптастырған соң сізге жеке адамдардан бастап әртүрлі компанияларға дейін жарнама туралы ұсыныстар түсе бастайды. Егер сіздің танымалдығыңыз орта деңгейде болса тапсырыстар да сондай болмақ. Бұндай жарнамалардың бағасы оқыр­мандар санына байланысты нарықта кем дегенде 1000 теңгеден басталады.
Оған қоса, «ютуб» желісі арқылы табыс табу да қазір өте танымал және сұранысқа ие. Алдымен тақырып таңдап канал ашасыз. Одан әрі видеоңызға қосылатын жарнаманы қанша көп адам көрсе, сонша қаражатыңыз еселене береді.
Франшиза. Келесі бір интернет кәсіп ол – франшиза. Бұл жерде сіз бағасы 5000 теңге тұратын сілтеме сатып аласыз. Біріншіден, осы сілтеме арқылы өтіп өз ак­каунтыңызға жазылушылар жинап, танымалдылығын арттырасыз. Инстаграм же­лі­сінде 1 оқырман саны 2-3 теңгеге тең келеді. Ал Вконтакте желісінде 1000 оқырманы бар топты 5000 теңгеге дейін сата аласыз. Екіншіден, бір рет сатып алған франшиза сілтемесін сол бағада басқа адамдарға сансыз рет сатуға болады. Сіздің сілтемеңіз арқылы тіркелген әр адамға қосалқы бонус алып отырасыз. Кейін бұл бонустар лүпіл мен жазылушыларға айырбасталады.
Тапсырмалар орындау. Бұл тәсіл оңай болғанымен айтарлықтай табысты емес және алаяқтарға тап болып уақытыңызды босқа жоғалтып алуыңыз да мүмкін. Сондықтан ең дұрысы бұл істі бастамас бұрын сенімді сайттарды іздеп тапқан жөн. Тапсырма орындау, әртүрлі файлдарды тарату, түрлі топтар мен адамдарға жазылу арқылы сипатталады. Әр орындалған тапсырмаға бонустар жиналады, кейін бұл бонусты қаражатқа айналдыра аласыз.
Интернет-дүкен. Үйде отырып ғаламтор арқылы ақша табудың тағы бір жолы осы. Сол арқылы үйден шықпай-ақ саудаңызды жүргізіп отыруға болады. Бұл сатып алушыларға да өте қолайлы болғандықтан қазіргі таңда айтарлықтай танымалды­лыққа ие.

Гүлнұр БАЙДУЛЛАЕВА,
Л.Гумилев атындағы
Еуразия ұлттық
университетінің студенті

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды