«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Ғаламдық жаңалық өндіріске ене ме?

0 17

Назарбаев Университетіндегі Қазақстан, АҚШ және Ресей азаматтарынан тұратын ғылыми топ физика саласы бойынша ғаламдық жаңалық ашты. Олар графен деп аталатын жіңішке, жеңіл болғанмен, төрткүл әлемдегі қазіргі ең мықты электрөткізгіш материалды микро және наноэлектроникада қолданудың жаңа әдістерін ойлап тапты.

Құрбанғали Тыныштықбаев, Қанат Байғарин, Зинетула Енсепов, Евгений Омелин және Дмитрий Рощупкин атты ғалымдар өте аз энергетикалық шығындар кезінде графенмен жиілігі жоғары акустикалық белгілерді күшейтуге болатынын анықтады. Олар тиісті тәжірибе жасағанда графенді пьезокристалл – электрэнергиясын механикалық энергияға айналдыратын материалға жақты.
«Біздің жаңалығымыз – қорғаныс өнеркәсібі, медицина, ұлттық қауіпсіздік, ғарыштық байланыс қызметімен айналысатын халық­аралық компанияларға таптырмайтын құрал. Графенді бүкіләлемдік интернет желісіне пайдалануға болады. Бірақ бұл жаңалықты коммерцияландыруға зияткерлік құқықты Назарбаев Университеті әлі иеленген жоқ. Қазір инвесторлармен жобаны коммерцияландыру жөнінде келісімдерді жүргізіп жатырмыз» дейді профессор Зинетула Енсепов.
Ресейдің Жаратылыстану ғы­лымдары академиясы, Ғылыми жаңалықтар мен өнертабыстар авторларының халықаралық академиясы, Ғылыми жаңалықтардың халықаралық қауымдастығы бұл жаңалықты мойындап, ғалымдарға ресми түрде куәлік пен Нобель сыйлығының лауреаты Петр Капица атындағы медаль тапсырды.
Осыған қатысты алғашқы зерттеу АҚШ-тың Applied Physics Letters атты белгілі ғылыми журналында 2015 жылы жарияланғанын айта кетейік. Одан кейін тәжірибеден өтіп, толықтырылды. Кейіннен журналға қайта басылды. Ғалымдардың айтуынша, олардың жаңалығына әлемдегі біраз ғалым қызығушылық танытып жатыр.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды