«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Газға көшу қалаға да, қалтаға да тиімді болса…

0 29

Экологияны қорғаушы мамандар көлікті жүргізуге, үйді жылытуға газды пайдалану әрі тиімді, әрі пайдалы екенін алға тартады. Осы орайда Астанада қандай шаралар атқарылып жатыр, миллионнан аса тұрғыны, 400 мыңға жуық көлік тіркелген шаһарда осы мәселе қалай шешілмек… Бүгінгі сараптамаға осы тақырып өзек болды. 

Бұған себеп, өзіміз көріп жүргендей, қала көшелерінде жиі кептеліс туғызатын автокөліктер мен жеке сектордағы жер үйлерде жағылатын пештің түтіні десек, қателеспеспіз. Тіпті, құзырлы орындардың мәліметінше, ауаға тарайтын зиянды қалдықтардың 60% үлесі автомобильдердің «еншісінде» екен. Жылу-электр орталығын, әкімдіктегілер, Жолдауда нұсқалған басымдықтың біріндегідей цифрландыруды мұқият сараптауда.
Сонымен, аталған өзекті мәселенің бірнеше қырын қарастырайық. Мысалға, автокөлікке газ баллондарын орнату амалы. Жалпы тұтынушы ең алдымен көлікті жүргізетін отынның бағасының арзандығы мен сапасы, құрылғының ұзаққа жарайтыны мен өнімділігіне қызығып, қауіпсіздігі мен экологиялық тазалығына мән бере бермейтіні рас.

ТҰТЫНУШЫ НЕ ДЕЙДІ?

Талғат тақымындағы жеңіл темір тұлпарына газ баллонын салғанына бір жылдан астам уақыт өткенін айтады. Демалыс күндері Астанадан Қарағандыда тұратын ата-анасына тартып кетуді әдетке айналдырған. Кейіпкеріміз газбен жүру әлдеқайда тиімді екенін жасырмайды, бензинмен еңсеретін жолды көгілдір отынмен бірнеше рет бағындыруға болады екен. Кеншілер мекеніне жеткенше 200 шақырымға газ құюға шамамен 1500-1700 теңге жұмсалады десек, бензинмен жүргенде бұл көрсеткіш екі есеге көп. Алайда дәл осы бір жылда газдың бағасы, орташа алғанда 20 теңгеге қымбаттаған. Айтпақшы, Талғат газ қондырғысын 200 мың теңгеден асатын қаржыға орнатса, бүгінде ол 135 мың теңгеге дейін төмендеген.
«Бұл балама қуат көзінің құны болашақта өзге жанармай бағасымен теңессе таңғалмаймын. Өйткені сұраныс тиісінше лайықты ұсыныс тудырады емес пе? Баға өссе, сәйкесінше, қазір саусақпен санарлық газ құю орындары да көбейеді деп үміттенемін» дейді көлік иесі.
Осы орайда қысымға сезімтал газ отынын қолдануда көлік жүргізушілерге сақ болғаны керек-ақ. Мәселен, 2016 жылдың қаһарлы қысында, Қарағанды қаласындағы көлік жуу орнына кірген газ қозғалтқышты жол талғамайтын машинаның жарылып кеткені есте. Бұған ондағы 40 градусқа дейін төмендеген суық ауа температурасының күрт ыстыққа ауысуы түрткі болған. Мұндай деректерді сарышұнақ аязы бет қаратпайтын Арқа төсінде әрдайым назарда ұстаған жөн.

ЭКОЛОГТАР ПІКІРІ

Ал экологтар, түйткілді тарқатудың ауқымын кеңейте түсу керек деп есептейді. Мамандар Еуропада құрылысты жобалағанда әу бастан экологиялық маңызы ескерілетінін әңгімелейді. Жолдар төселгенде зиянды ауаны жұтып алатын материалдар қолданылып, зәулім үй
сырттары да осындай заттармен қапталады екен. Алтын әріптермен жазылған «ЭКСПО-
2017» халықаралық көрмесі тарихында елорда басшылығының, жалпы Елбасының тың жаңалықтарға аса сергектігін ескерсек, шетелдегі мұндай инновациялық технологиялардың Қазақстанда енгізілу ауылы алыс емес екені белгілі.
«Көзді ашып-жұмғанша тұтас аудандар бой көтеретін Астанада көп қабатты үйлерді ауа еркін өтетіндей тұрғызған жөн. Тағы бір мойындайтын нәрсе, жазық даланы жаңғыр­тып, жан бітірген елордада тал егіп, жасыл желекке көмкеру құрылыс қарқынына ілесіп үлгере алмай жатқаны аян. Көлік мәселесінде, таяуда Елбасы айтқандай, электромобильдермен жүретін жағдай орнағанша, әзірге балама тәсіл саналатын газға көшуде насихат, ынталандыру шараларымен бірге, қажетті әрі қолайлы инфрақұрылым қалыптастырған ләзім. Ынталандыру демекші, Батыс елдерінде балама қуат көздерін қолдаушы көлік қолданушыларына жеңілдіктер қарастырылған. Осылайша, барынша қолжетімді сипатта қамтылған мінсіз сервис тұтынушының көңілінен шығатыны шүбәсіз.

ШЕТЕЛДЕ ҚАЛАЙ?

Әлемдік автонарықтан осы мәселе бойынша соңғы елең еткізерлік жаңалық, шведтік «Volvo» компаниясы келесі 2019 жылдан бастап, өндірістен шығатын көліктерін тек электр қозғалтқышпен жабдықтамақ. Дегенмен, бәрібір гибрид жайы ескеріліп, қосымша бензин-дизель тетіктері жасақталатыны жарияланды. Сонда алып кәсіпорын, 2025 жылға дейін электр жетекті 1 миллион автомобиль саудалауды жоспарлау­да. Жапондықтар болса іштен жанатын қозғалтқышта жұмыс істеуден біржола бас тартпай, оған дизель араластыру арқылы табиғатты ластау деңгейін азайтып, көліктерінің қуатын арт­тыр­мақ ниетте.

БІЗДЕ ШЕ?

Астана қаласы әкімдігі, жоғарыда жазғанымыздай, мәселені жіті назарда ұстап, нәтижесінде биыл тағы 500 такси көлігін газға көшіруді көздеуде. Жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Бекмырза Игенбердинов хабарлағандай, қаладағы экологиялық ахуалды жақсартуда, бүгіннің өзінде 150 такси көлігіне газ баллоны орнатылған. Бұдан тыс, коммуналдық шаруашылық қызметіндегі автокөліктердің мыңға жуығы көгілдір отынды қолданысқа қабылдаған. Олардың саны арта бермек.
Бас қалада соңғы жылдары көлікті газға көшіру жөнінде 14 мың рұқсат қағаз берілген. Қазір мұнда 60-қа жуық жанармай құю бекетінде газ да беріледі. Темір тұлпарлардың кептеліс­те тұрып, сол арқылы тұрғындарды түтінге тұншықтыруын азайту мақсатында былтыр 23 шақырымнан асатын 11 жол салынып, біраз жолдар жөнделген. Ұлы дала елі көшесінде екі автомобиль көпірі салынуда.

P.S: Газ орнатқан бетте, көліктің техникалық құжатын өзгертуді ұмытпаңыз (қалтаңызда 10 мың теңгедей қаржыңыз болсын). Артқы жүк салғыштың жартысын дерлігін газ баллоны иемденетініне ренжімеңіз. Қыс демекші, көлік әбден қызғанша бензинді пайдаланып, содан кейін барып көгілдір отын түріне қол созыңыз. Ал енді миллионнан астам тұрғыны, 400 мыңнан астам көлік құралдары бар қалада жанармай бекеті қанша, газ құю бекеті неше – оны салыстырудың өзі қиындау. Ара салмақ тіпті алшақ. Сол алшақтық жойылмай, қара түтін сейілмейді.

Алдаберген КЕМПІРБАЙ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды