-->

Газет туралы

Елорда әкімдігінің республикаға тарататын бірден-бір қазақ тілді басылымы – «Астана ақшамы» газетіне жиырма бес жыл толып отыр. Осы ширек ғасыр ішінде ол өсу-өркендеу кезеңдерінен өтіп, қаланың тыныс-тіршілігін, алған асулары мен жеткен жетістіктерін қалың бұқараға жүйелі жеткізуші мазмұны байыған, ойы кемелденген басылымға айналды.

Бүгінде саяси, тарихи, танымдық мақалалар қатары көбейіп, мәдени-рухани дүниелерімен оқырмандарын сүйсіндіріп келе жатқан газеттің қалыптасу жылдарына көз жүгіртсек, 1990 жылдың 13 қазанынан бастап алғашында «Ақмола ақиқаты» деген атпен аптасына бір рет жарық көрген басылым  1998 жылдың қаңтарында – «Ақмола ақшамы» кейін «Астана ақшамы» болып, республикалық қоғамдық-саяси газет мәртебесіне ие болды.

12401012_1657019807885207_3183721715284216846_n

Патша көңілді оқырманның  ұдайы үдесінен шығуға ұмтылатын басылымның қол жеткізген жетістіктері де бір төбе. Соның бір дәлелі – 2002 жылы «Астана ақшамы» газеті Қазақстан журналистика академиясының «Алтын жұлдыз» сыйлығының лауреаты атанды. Бірнеше журналисі халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты болды.

Осы жылдарда газеттің танымалдығы артып, таралымы көбейді. Оған ұжымда әр жылдарда еңбек еткен бүгінгі Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Алдан Смайыл, «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы, журналист Жанболат Аупбаев,  «Түркістан» газеті бас редакторының орынбасары, жазушы Дидахмет Әшімханұлы,  ҚР Президенті баспасөз хатшысының орынбасары, белгілі журналист, филология ғылымдарының докторы  Бауыржан Омарұлы, «Қазақстан» ұлттық телерадиокорпорациясының вице-президенті Ғалым Омарханов сияқты елімізге кеңінен танымал азаматтардың ықпалы аз болған жоқ.

Сондай-ақ, газетті әр жылдары басқарған Кенже Жұмағұлов, Жұмагүл Саухат, Мағжан Садыханов, Нұртөре Жүсіп, Амантай Шәріп, Ерболат Қаменов  сияқты бас редакторлардың да еңбегі бір төбе.

Ақпарат кеңестігінде өзіндік салмағы бар бас қаланың айнасы іспетті басылым қазір жаңа құрылымдық өзгерістермен қатар, шығармашылық ізденістермен болашаққа  жаңа міндеттер белгілеп отыр.   Тарих үшін жиырма бес жыл көп уақыт болмауы мүмкін, алайда, мемлекет саясатын жүзеге асыруда бас қаланың кескін-келбетін, тұрғындарының тұрмыс-тіршілігін бұқараға бүкпесіз жеткізуде аянбай тер төгіп жүрген шығармашылық ұжым үшін жаңа бір белес болмақ. Міне, әр қызметкер бойындағы барын сарқа жұмсап, осы тың белесті абыроймен бағындыра беруге талпынуда.

astana-akshamy.kz

4 пікір

  1. Салеметсизбе! 1997 жылдын номерди кайда табуга болады? 28 наурыз. Макаланын аты «Астаналарымыз туралы». Оте керек. алдын ала рахмет!

  2. Саламатсыз ба?! Мен Ресей Федералды Университетинин аспиранты едим. Сиздердин газеттеринизден коп магулымат алдым. Сурайын дегеним сиздердин газеттеринздин толык тарихын кайдан алсам болады? Кай жылдан бастап басылып шыгады, осы жылдарда ким баскарды дегендей?

    • Гүлмира Шарханқызы

      Газеттің алғашқы саны 1990 жылдың 13-қазанынан бастап шықты. Қазіргі басшысы -Қайсар Жұмабайұлы. Газет туралы толық білгіңіз келсе, архивпен танысуыңыз керек. Мемлекеттік мұрағатта әр нөмірі қаттаулы тұр. Сонымен қатар Астана қаласындағы Академиялық кітапханада да біздің газетіміздің барлық саны сақтаулы. Қызығушылық танытқаныңызға рахмет. Алдағы уақытта газеттің ардагер қызметкері Ғалым Қожабек елордалық басылымның өткен-кеткен тарихынан сыр шертетін кітап шығаруды ойластырып жүр. Егер жүзеге асса, Сіз іздеген дүние сол болар еді.

Жауап қалдыру

Сіздің email-адресіңіз жарияланбайды.Қажетті өрістер таңбаланған *

*