«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Газ жүйесі қатаң қадағалануы тиіс

0 33

Естеріңізге салсақ, бұрнағы күні Ақжол көшесі, 26 мекенжайында орналасқан жеке газ толтыру стансасы аумағында сыйымдылығы 5 текше метрді құрайтын цистерна өртенген болатын. Соның салдарынан станса маңындағы қойманың шатыры бүлініп, жатақхана терезелері сынған.

Сондай-ақ 31 желтоқсан күні Ресей Федерациясының Магнитогорск қаласындағы 10 қабатты тұрғын үйде газ баллоны жарылып, салдарынан бірнеше адам көз жұмған. Осыған орай, Астана қаласы­ның әкімі Бақыт Сұлтанов мұндай жағдайдың алдын алу мақсатында аппараттық кеңес­те Төтенше жағдай департаменті мен басқа да жауапты мекемелерге қаладағы барлық газ толтыру стансасын тексеруді тапсырып, оны тікелей өз бақылауына алуды орынбасары Қосман Айтмұхаметовке жүктеді.
Бұл тұрғыда кеше арнайы жұмыс тобы Сейфуллин көшесі, 18-үй мекенжайындағы 5 қабатты үйдің кіреберісінде орнатылған газ құрылғыларын тексеруден бастады.
– Бүгінгі уақытта Астанада орталықтандырылған газбен қамтамасыз ету жүйесіне 80 мыңға жуық пәтерді құрайтын 1080 үй қосылған. Бұл ретте жерасты резервуар саны – 1400. Осы орайда газ-ауа қос­палар жарылысының және техногенді сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатындағы қалалық әкімдік тарапынан жүргізілетін көп қабатты тұрғын үйлердің газ желілерін тексеру шаралары алдағы бір ай ішінде толық аяқталуы тиіс, – деген Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы газды инспекциялау және көтергіш қондырғыларды бақылау бөлімінің басшысы Мақсат Абылов газбен қамтамасыз ету жүйесінде ешқандай қауіп жоқ екенін мәлімдеді.
Алайда «Сарапшылардың тәуелсіз газды ассоциациясы» заңды тұлғалар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Федор Мордвкиннің айтуынша, арнайы құрылғының көрсеткішіне сәйкес, Кеңес Одағы кезінде салынған ескі үйлердегі газ жабдықтарының 90 пайызын ауыстырып, жаңалау қажет.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды