«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Газ бағасы қанша болады?

0 24

Елордаға газ келгенде экологиялық проблемадан арылсақ та, әлеуметтік мәселеге тап болмаймыз ба? «Көгілдір отын» бағасы қарапайым тұтынушыларға қолжетімді бола ма? Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдық кеңесінің отырысында қалалық Отын-энергетикалық кешен және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ернат Бәзіл көпшілікті толғантатын осы сұрақтарға жауап берді.

Бастапқыда газ ЖЭО-1 және ЖЭО-2-ге келетіні белгілі. Су жылытатын қа­зандықтар ғана газға кө­шіріледі. Ал энергетикалық қазандықтар көмірмен жұмыс істей береді.
– Газдың көтерме бағасы 1 мың текше метріне шамамен алғанда 46 мың теңгені құрайды. Екі ай бұрын Энергетика министрі Қанат Бозымбаев қол қойған құжатта осы баға көрсетілген. Бұл баға әлі бекітілмеген. Себебі оның нақты бағасы әлі анықталған жоқ. Соны тиянақтау үшін министрлікке екі рет хат жібердік. Әлі жауап болмай тұр. «Сарыарқа» магистралды газ құбыры жобасы бо­йынша барлық жұмыстар аяқталған соң, баға белгілі болады, – деді Е.Бәзіл.
Оның айтуынша, қалаға газ тарату жұмысын реттеу мақсатында «Елорда газ» ұйымы құрылмақ. Басқа аймақтарда осы жұмыспен «ҚазТрансГаз» компаниясы айналысады. «Өзіміздің дербес ұйымымызды құрсақ, баға арзандау болады. Мәселен, «ҚазТрансГаз» газдың текше метріне 8 теңге алса, біз өз ұйымымыз арқылы бағаны 2-4 теңге шамасында қоя аламыз. Екіншіден, «ҚазТрансГаз» балансына желілерді беру мерзімі 1-1,5 жылды алады. Бұл – өте ұзақ уақыт. Біздің ұйым бір апта немесе 10 күн ішінде желілерді қабылдайтын болады» деді басқарма басшысының міндетін атқарушы.

«Сарыарқа» магистралды газ құбыры жобасы – инвес­тициялық жоба болған соң, елордада бастапқы 2-3 жылда тариф жоғары болады. Себебі жобаға салынған қаржыны қайтару керек. Бірақ тариф бір бекітілген соң бес жыл бойы өспейді. Яғни 2020 жылы бекітсек, 2025 жылға дейін бір бағаны ұстаймыз. Елордада газдың текше метрі 46-48 теңге болады деп шамалап отырмыз.

Алматы қаласының тұ­ты­нушылары бұрын газ­дың текше метріне 32 тең­ге төлейтін. Президент пәрменінен кейін баға 29 теңгеге түсті. Ел бойын­ша бұл ең жоғары тарифтің бірі екен. Осыны айтқан Е.Бәзіл: «Сарыарқа» магистралды газ құбыры жобасы – инвес­тициялық жоба болған соң, елордада бастапқы 2-3 жылда тариф жоғары болады. Себебі жобаға салынған қаржыны қайтару керек. Бірақ тариф бір бекітілген соң бес жыл бойы өспейді. Яғни 2020 жылы бекітсек, 2025 жылға дейін бір бағаны ұстаймыз. Елордада газдың текше метрі 46-48 теңге болады деп шамалап отырмыз. Бір қабатты, ауданы 100-120 шаршы метрлік тұрғын үйдің иесі айына газдың 1000-1200 текше метрін тұтынса, онда көп дегенде 46-48 мың төлейді. Газ көмірден қымбат, ал мазут, соляркадан арзан болады. Бірақ біздің бас­ты мақсатымыз – қала экология­сын жақсарту» деді.
Газды тұтыну тарифі бойынша төлеу бар да, «кө­гілдір отынды» үйге кіргізу бар. Бұл да қазір көп­шілікті ойландыратын мәселе. Қоғамдық кеңес мүшесі Владислав Сергеев бұған келгенде, қарапайым тұрғындардың қалтасын ойлау керек деп есептейді. «Осы жұмыс тұтынушылардың отбасылық бюджетіне едәуір салмақ салады. «Көктал-1», «Көктал-2», «Агроқалашық» кенттері тұрғындары көмірді сатып алуға ақшаны әрең табады. Олар жеңілдікпен көмір алуға кезекке тұрады. Үйлеріне су кіргізгенде 20-30 мың теңгені төлеуден бас тартқандар бар» дейді ол.
– Жобада қашықтықтан басқарылатын есептеу құралдары бар. Бұл құралдарды мемлекет есебінен орнатамыз. Ол 80-90 мың теңге тұрады. Мұны бюджет қаржысына сатып аламыз. Құрал ғаламтор арқылы басқарылады. Яғни бақылаушылар келіп тексермейді. Біз есептегішті орнатып, газ желісін тұтынушының шарбағына дейін әкелеміз. Ал тұтынушы құбырды өзі тартады. 100-120 шаршы метрлік жеке үйдің иесі газды үйіне кіргізу үшін көмірмен жағылатын пешті газға ауыстыруы керек. Ресейде шығарылатын газ пеші 80-120 мың теңге тұрады. Егер үйде солярка мен сұйытылған газбен жылытылатын пеш тұрса, онда оны ауыстырудың қажеті жоқ. Сонда көмір пешін ауыстыруға көп дегенде 120 мың кетсе, құбыр тартуға және басқа ұсақ-түйек жұмыстарға 30-40 мың теңге кетеді. Есептеп жіберсек, газды үйге кіргізуге шамамен алғанда 150 мың теңге жұмсалады. Әрине, 200-300 шаршы метрлік үйге газ тартуға бұдан да көп ақша керек. Осындай үйдің газ пешінің бағасы – 250-300 мың теңге. Бұған тиісті жұмыстарды қосыңыз, – дейді Е.Бәзіл.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды