«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Гараждар тазаланып, көшелер жөнделеді

0 32

Кеше Сарыарқа ауданының әкімі Арман Тұрлыбектің халық алдында кезекті есеп беру жиналысы №60 мектеп-лицейде өтті.

Бұл жолғы жиында аудан тұрғындарының жиі сөз еткен мәселесі подъездер мен гараждар жайы болды. Мәселен, Сейфуллин көшесі 9/1 мекенжайында тұратын Галина есімді әжейдің айтуынша, үй-күйі жоқ әлдебір адамдар подъездер мен гараждарды өздерінің тұрақтарына айналдырып алған. «Олар мұнда қонып қана қоймайды, сонымен қоса темекі шегеді, ащы су ішеді, өзара дабырласып, төбелеседі. Тіпті, жандарынан өтуге қорқасың кейде» деп мұңын шақты қария. Бұл жайтты тыңдаған әкім былтыр аудан территориясындағы 159 гараждың тазаланғанын, биыл да ол жұмыс жалғасатынын айтып, аталмыш проблеманы шешуге уәде берді.
«Көктал-1» тұрғыны Жазира Құлмамбетова кей мектептер жанындағы көшелерде тротуардың жоқтығын
көтерді. «Титов көшесінен Бабатайұлы көшесіне дейінгі жолда тротуар жоқ. Бұл жолмен жеңіл көлік те, №46 автобус та жүреді. Балалар үшін бұл өте қауіпті» деді ол.
Жиын барысында Сая есімді аудан тұрғыны «Ақ отау» тұрғын үй кеше­нінің қашан орталық жылу жүйе­сіне қосылатынын сұрады. Аудан әкімі
Арман Тұрлыбектің айтуынша, қазіргі күні аудан әкімдігі республикалық бюджеттен 3 жарым млрд теңге сұрап жатыр. Егер осы сұраныс қанағат­тандырылса, биыл аудандағы 10 үйді, оның ішінде «Ақ отау» тұрғын үй кешенін де орталық жылу жүйесіне қосады.
Ал өзін Бақтияр Байрамов деп таныстырған жас жігіт Разин көшесінің 2-тұйығында орнатылған шамдардан кейін қазылған асфальттың әлі сол күйі қайта дұрысталмағанын жеткізді. Бұл жөнінде әкім тиісті мекеме өкілдеріне дәл сол күні әлгі жерге барып, қазылған шұңқырларды тегістеуді, көктем басталысымен бетіне асфальт төсеуді тапсырды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды