«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Феномен

Биыл вокал өнеріндегі ерекше құбылыс, сирек дауысты әнші Ерік Құрманғалиевтың туғанына 60 жыл толды. Осы мерейлі датаға орай ақын, аудармашы, филология ғылымдарының кандидаты Маржан Ершудың «Феномен: Ерік Құрманғалиев» атты кітабы баспадан жарық көргелі жатыр.

0 157

Ерік Құрманғалиев – айрықша тағдыр кешкен әнші. Оның әншілік тұлғасы күллі әлемнің алдында теңдесі жоқ даралық. Тілі басқа, дәстүрі бөлек алты құрлықтың адамдары оған, оның әншілік өнеріне табына әрі таңдана қарады. Ерік бір ғана халықтың перзенті болса да, оның әншілік миссиясы Отанынан шығып, тау­лардан асып, мұхиттардан өтіп, бүкіл әлемнің алабын аралап кетті, атағы шартарапқа жайылды. Бүкіл адамзатқа үлкен ән мұрасын қалдырған Ерік Құрман­ғалиев кім еді?
Еріктің үш-төрт жасында ата-­анасы жұмыс бабымен Құлсарыдан Атырау қаласына көшкен. Анасы музыкаға ғашық, жаны нәзік адам болыпты. Анасының осы қасиеті Еріктің бойына қонды. Ол бала кезінде көкте қалықтай ұшқан құстардың дауысына құмартты. Құстар – табиғаттың әншілері еді. Сосын оған мультфильм­нен гөрі, теледидар, радиодан берілетін концерттер өте қатты ұнайтын. Жас балаға Карузо, Ольга Воронец, Людмила Зыкина репертуарындағы әндер ерекше әсер етеді. Сол кездің өзінде мектептегі әнші бала жіңішке альт дауысымен атақты әншілердің әнін орындаған. 12 жасқа толғанда классикалық музыкаға аңсары ауады. Айта кетерлігі, Ерік Атырау қаласындағы № 17 (Киров атындағы) орта мектепті бітірген. Қызығы сол, бұл мектепте бүгінде шетелге жүріп танымал кинорежиссер атанған Тимур Бекмамбетов те оқыған екен.
№17 (Киров атындағы) орта мектебінің музыка пәнінің мұ­ғалімдері де, ата-анасы да Еріктің табиғат сыйлаған таңғажайып дауысы бар екенін білмейді. Ежелгі Италияда XVII-XVIII ғасырларда мұндай ғажайып жіңішке дауыс­ты, ұл баланың әсем дауысын мәңгілікке сақтау үшін жантүршігерлік «кастрация» әдісімен болашағын құрбандыққа шалатын еді. Ерік ән айтуды жан-тәнімен сүйді. Бұл қылығы үшін әкесінен талай рет таяқ та жеді. Әкесі Сәлім ұлының әнші болғанын, әнге құмартқанын ұнатпайды. Бұл жайында даңқты әншінің өзі де сұхбатында айтады. Әкесінің мезгілсіз қазасы жас баланың жанын жаралайды. Ол жанына жұбанышты анасының жылы сөздері мен классикалық музыкадан табады.
Ерік мектеп бітірген соң, Алматыға, Құрманғазы атындағы консерваторияның дайындық бөліміне оқуға түседі. Биік жіңішке дауысты ер әншінің классикалық туындыларды орындау шеберлігі, оның вокалдық өнері консерваториядағы ұстаздар қауымы мен музыка мамандарын таңғалдырады. Ерік сол кезде табиғат сыйлаған сирек дауысқа ие екендігін түсінеді. Опера – қазақ таби­ғатында жоқ өнер. Оның үстіне биік жіңішке дауыс­ты ер әншінің аяқ ас­тынан пайда болуы «жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықтының» керіндей болады. Бұл көзқарас жас жігітті мұңайтады, қамықтырады.
«Консерватория ректоры Ғазиза Жұбанова жас жігіттің тым бөлек дауысын тыңдап жүріп, дайындық бөліміндегі оқуынан шығарады. Енді қайда бармақ? Енді неғылмақ?! Сонда Ерік «Мен қайтем енді, жезде мені, қолыңнан келсе, Мәскеуге асыр»
деп жалынған ғой. Ол кезде Мәс­кеуге оқуға тек Үкіметтің жол­­дамасымен баратын. Ерікке бұ­йыр­ғаны Подольскідегі хореография училищесі болады. Талай адам көз тіккен жалғыз жолдаманы Еріктің қолына ұстатқан – Орталық Комитетте жұмыс істейтін, өнер мен мәдениеттің жанашыры болған Камал Смайылов еді. Ерік жездесі Әлімхан Ескендірұлының Камал Смайыловпен жақсы таныс­тығының, жолдастық қарым-қатынасының арқасында осы жолдамаға қол жеткізген екен. Көңілі қапалы Ерік бұл жолдамаға қатты қуанады. Егер бұл жолдама болмаса, сирек дауысты әншінің өнерде бағы жанбай қалар ма еді, кім білсін?!
Подольск хореография училищесінде бір жарым жыл оқиды. Бір күні Еріктің салған әнін естіген бір ұстазы қайран қалады. Ол әлемдік музыка саласында үлкен беделі бар әйгілі музыка маманы, профессор әйел Н.Л.Дорлиактың шәкірті екен. Сол ұстазы «Мұнда ғажап дауысты қазақ баласы оқып жүр» деп Дорлиакқа айтады. Содан құбылыс таланттарды көргенде жүрегі елжірейтін атақты Дорлиак Гнесиндер институтына Ерік Құрманғалиевты қабылдау жөнінде өтініш-хат жазған. Мықты шебер Дорлиак Ерікті қанатының астына алды. Сөйтіп, Дорлиактың арқасында Ерік Құрманғалиевтың таланты төрткүл әлемге жайылған еді!
Еңбекқор, ізденгіш жас талант Мәскеу музыка институтын бітірген соң, П.И.Чайковский атындағы Мәскеу консерваториясының аспирантурасында ұстазы профессор Н.Дорлиак жетекшілігімен білімін әрі қарай жалғастырады. Профессорлар
Л.Бьенер, А.Рейнольде, Ф.Кертин, Р.Кейселли сияқты білікті музыка мамандарынан сабақ алады. Оқи жүріп филармонияда, Стас Наминның музыкалық орталы­ғында жұмыс істейді. Еріктің жеке тұлға болып қалыптасуына ұстазы профессор Н.Л.Дорлиак көп еңбек сіңірді. Н.Л.Дорлиак – Еріктің өнердегі ұстазы ғана емес, оған өнерде анасындай қамқорлық танытқан аяулы жан. Ол кісі өзі қаражат тауып, ән нотасын жаздыртып, сахналық костюмін дайындатып, Ерікті талай рет шетелге конкурстарға алып барған.
Ерік ұстазы профессор Н.Дорлиак жетектеп апарған алғашқы конкурста, 1987 жылы Хертогенбошеде (Нидерландия) өткен жас орындаушылардың халықаралық конкурсында топ жарып, лауреат атанады. 1988 жылы Бостонда өткен халықаралық музыка фестивалінде «Феномен» деп танылып, атағы әлемге жайылады. Вокал өнеріндегі ерекше құбылыс ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енеді және оны атын аңызға айналған италиялық әнші әйел Федора Барбьиеримен қатар қойып дәріптейді. Ф.Барбьиери 1940 жылы алғаш рет Италияның опера сахнасына шығып, ғажайып (меццо-сопрано-контральто) дауысымен миллиондаған халықтың жүрегін жаулап алып, бірден өнердегі табыстың шырқау биіктігіне көтеріледі.
Ерік те табыстың шыңына тез көтерілген. КСРО-дағы №1 контр­тенор Ерік Құрманғалиев сахнаға шыққаннан кейін ке­ңес­тік вокалдық педагогика саласы ма­мандары ойлана бастайды. Жынысы ер әнші қалай­ша әйелдің (альт немесе меццо-сопрано) жіңішке дауысымен шырқай алады? Демек, шырқауға бола­ды екен. Онда бұл вокалдың педагогикалық, методикалық әдіс-­тәсілдерін зерттеп, оқу проце­сіне енгізіп, контртенорларды тәрбие­леу керек деп шешеді. Ерік Құрманғалиев Кеңес­ Одағындағы алғашқы контртенор болды. Кеңес Одағында бұл қалыптан тыс жағдай деп есептелді. Деген­мен, контртенор Ресей үшін биік мәртебе болып саналды. Ерік Құрманғалиев туралы ресейліктер «Дауыс», «Альттің оянуы», «Сәлім-Меруерт» атты деректі фильмдер түсірді. «Аты аңызға айналған адам» деп дәріптеді.
«Мені Ерік Құрманғалиев еткен осы дауыстың құдіреті» деп ол өзіне қатаң талап қойған, концерт берер алдында он күн бойы ешкіммен де сөйлеспей, минералды сусын, айранды ғана тұтынып, диета ұстап, сыртқы әлеммен байланысын үзетін болған. Бұл – ұстазы Дорлиактің қатаң тәртібінен қалған ережесі болуы керек. «Өнер шыңына тіке апаратын аэроплан жоқ. Тек ізденіс пен еңбек» дейді екен ұстазы оған. Еріктің өмірі тек сәулелі сәттерден құралған жоқ. Өмір оны еркелетті, жылатты, құлатты да…
2007 жылы 16 қазанда Мәскеу қаласының ауруханасына бауыры ауырып түскен әнші 13 қарашада 48 жасында жан сақтау бөлімінде қайтыс болды. Кісі табанынан, қарағай тамырынан кетеді. Туған жерге тамырын жая алмаған есіл талант өзі еріксіз тап болған қоғамнан да өзекке тебер соққы жеп, шуылдақ тобырдың қақпақылына жем болып кете барды. Леонардо да Винчи жарық дүниемен қоштасар сәтінде «Шаршадым. Шаршағаннан өлген артық» деген екен. Өмірін кәрі Каспийдің асау толқындарындай арпалыс пен жанталас араласқан күрес майданында өткерген құбылыс – әнші, әлемдік музыка тарихының жоғары сатысына көтерілген Ерік Құрманғалиев ақыр­ғы сәтінде не деді? Кімді ойлады? Әлде қиялындағы үнемі сағынып жүретін дала суреттерін көрді ме екен? Күңірене күрсінді ме екен? Кім білсін?! Білеріміз, Ерік Құрманғалиев – ерекше ­дауысымен ел есінде қалған әнші.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды