«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

FACEBOOK-тегі фәни жалған

(Жаңа ғасырдың хиссасы )

0 247

Бүгіннен бастап әр апта сайын белгілі ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Серік Ақсұңқардың әлеуметтік желідегі ойларынан жинақталған жазбаларын ұсынамыз. Ақынды не толғандырады? Ақын бұл жазбалары арқылы нені меңзейді? Оның бәрі мөлтек ойларында тұр.

Серік АҚСҰҢҚАР, ақын

КЕҢЕС ӨКІМЕТІНІҢ ӨРЕСІЗДІГІ

Кеңес өкіметі Пушкинді мың-миллиондаған таралыммен жарыққа шығарды. Соны қара тобыр қабыл алды ма?! Жоқ! Лениннің өзі түсіне алмаған Пушкинге лениншіл қалың нөпірдің өресі қалай жетуші еді?

ТҰЛҒА

Бір ғасырда бір-ақ мәрте туатын Олжас Сүлейменов, Әбіш Кекілбайлар ұшар басы ақ бауыр бұлттарға малынған шырқау биікте тұр. Түр-келбеті, ішкі болмыс-бітімі көзге көрінбейді. Алыстан асқақ тұрпаты ғана қарауытады… Олардың алып тұлғаларына етекте тұрып назар салғандардың басы айналып, көзі қарауытып кететіні – содан!.. Аспан жаққа абайлап қараңдаршы?!.(«Егемендегі» Әбіш Кекілбайдың Мұқағали мен Еркін Ібітанов туралы эссесін оқығанда туған ой).

ҰЛТТЫҚ БАЙЛЫҚ

«Ұлттық байлықты елдің табиғи ресурстарымен өлшеу – өресіздік; оған онсыз-ақ қол жеткізуге болады. Басты ресурс – Адам. Мемлекет ұлтты ұлы кенішке жеткізетін адамның талантының табиғатын ашуға қажетті барлық жағдайды жасаса болғаны» (Маргарет Тэтчер).

СЕКСЕУІЛГЕ ҰҚСАС ХАЛЫҚ

Ресей патшасының қабылдауында болған Михаил Сперанский Қазақтар жайлы былай деген екен:
– Қазақтар – көшпелi өмiр сүретiн өте жауынгер халық. Арақ iшпейдi және табиғи қиыншылықтарға өте төзiмдi. Далада соғысудың өнерiн жақсы меңгерген…
Ресей патшасы I Александр «Оларды бағындырудың жолын ойластырдың ба?» деп сұрағанда Михаил Сперанский:
– Қазақ даласында сексеуiл деген ағаш өседi. Өте қатты, балтамен шауып сындыра алмайсың. Оны тек бiр-бiрiне ұрып сындырады. Қазақтар руға қатты бөлінеді. Оларды бір-біріне айдап салып, әлсірету қажет, – депті.

МЫНА ЖАРЫҚ ДҮНИЕДЕ…

Мына жарық дүниеде өксігін ылғи ішіне жасыр­ған дәл біздей шерлі жұрт бар ма екен?! Сол шер ел егемен болғанда да, шеменге айналып, көкіректе әлі тұншығып жатыр! Кейін осы өксіктің қанды кекке айналмасына кім кепіл?! Қорқынышты…

ТАЛАНТ ҺӘМ БАТЫС

«АҚШ-та талантты қорғайтын этикалық бас басқарма бар екен» (Қали Сәрсенбай, ФБ).
Өрелі жұрт табиғатты ғана емес, адами құндылықтарды да қорғауға міндетті!

«ЕЛІМ-АЙ»

Ресей экспанциясы бел алған ХVIII ғасырдан бастап, 1986 жылғы Желтоқсан дүрбелеңіне дейінгі аралықта қазақ елі орыс отаршылығына қарсы 300-ге тарта ұлт-азаттық көтерілісін басынан өткерген екен. 1931-1932 жылдары 7 млн қазақтың 4 миллионы аштан қырылды. 1,5 миллионы шет елдерге босып кетті! Қазан төңкерісі мен қызыл қасап репрессия болмағанда қазақ халқы өзінің табиғи өсімімен осы күні 30 млн болып отырар ма еді, қайтер еді…
Соған сұрау салып жатқан кім бар?!
Кәуірге кеткен есе көп. Елден – ел, жерден – жер айырылды. Бізге қалғаны да – қанағат. Басымызға – тыныштық керек еді. Ел – егемен, жер – азат болғанда, «Жердің шұрайлысын қазаққа жаны ашымас алпауыттар еншілеп алды» деген тағы бір қаңқу сөз шықты… Ертең ел басына күн туса: «Менің Алатауым! Менің Атырауым! Менің Сарыарқам! Менің Алтайым! Менің Алашым!!!» деп ұрандап шығатын ұл туа ма?! Тумай ма?!!

ЕЛДІҢ КИЕСІ

Қаз дауысты Қазыбек Қантожыға «Берсең – жөндеп бітіміңді айт, бермесең – дірілдемей үйіңе қайт, не – тұрысатын жеріңді айт!» дегенде дұшпан үндей алмай қалады.
Сонда қалмақтар Қантожының қасына келіп:
– Бір жұдырықтай баладан қара суға түсіп, осынша дірілдеп кеткенің не?! – десе керек.
– Сендер білген жоқсыңдар, – депті Қантожы сонда, – Сөзін өңмеңімнен сұғып айтқанда, екі иығынан екі аю аузынан от шашып, «тыпыр етіп көрші, – көрейін!» деп тұрды. Сендерге көрінбегенмен, маған көрінді… Менің енді бұған қайтарып айтар сөзім жоқ. Мал мен жанын есептеп, алдына салып беріңдер!».
Алашының азаттығы сынға түскенде сол Қаз дауысты Қазыбек бидің екі иығындағы екі аю аузынан от шашып, біздің де екі иығымызда айбат шегіп тұруға тиіс! Елдің киесі – ол!

«ЕГЕР АДАМНЫҢ ЖАН ДҮНИЕСІ…»

«Егер адамның жан дүниесі терең болмаса, одан ұлы адам, ұлы суреткер, тіпті, ұлы қайраткер де шықпайды!» (Ромен Роллан) деген аталы сөзді шығармашылық одақтардың маңдайына іліп қою керек!

АҚЫННЫҢ ТУУЫ

Ақын – топырақтан, ата-баба дәстүрінен, атаның белі, ананың құрсағынан туады. Ақыннан ақын тумайды. Ақында шәкірт болмайды. Болса, өзінің де, өзгелердің де соры…

«ЕГЕР РЕСЕЙДЕ…»

«Егер Ресейде Павел Михайлович Третьяков болмаса, Суриков те, Васнецов та болмас еді!» (Нестеров).

АХМАТОВАНЫҢ ПУШКИНІ

«Он победил и время и пространство» дейді Анна Ахматова Пушкин хақында. Арқасына аруақ қонған қаракөктің тұқымы Пушкин сынды дарабоз­дың бәрі, міне, осылай қатарынан қара үзіп, уақыт пен кеңістіктің құрсағынан жұлқынып шығып, мәңгілікпен (Тәңірі) жолығады… Маңдайына қамшының сабындай ғана ғұмыр жазылған пенденің осынау дүниедегі басты миссиясы – Құдай Тағалаға жетіп, жығылу. Пушкин Тәңіріне жетті!
«Говорят: пушкинская эпоха, пушкинский Петербург. И это уже к литературе прямого отношения не имеет, это что-то совсем другое. В дворцовых залах, где они танцевали и сплетничали о поэте, висят его портреты и хранятся его книги, а их бедные тени изгнаны оттуда навсегда. Про их великолепные дворцы и особняки говорят: здесь бывал Пушкин или здесь не бывал Пушкин. Все остальное никому не интересно. Государь император Николай Павлович в белых лосинах очень величественно красуется на стене Пушкинского музея; рукописи, дневник и письма начинают цениться, если там появляется магическое слово «Пушкин…» (Ахматова).
Біздің Абай мен Мағжан, Қасым, Мұқағалилар хақында да осылай айтуға болушы еді. Осы сәтте айтылмаса да кейін қайтсе де олар турасында осындай аталы сөз бір айтылмай қоймайды! Алтын айдарлы ұлдарын аспанға көтеріп, алақанына сала алмаған ел адамзат өркениетінің төрінен ойып орын ала алмай, ішқұса болып өтеді. Жаманынан жиіркеніп, жақсысына сүйсінген ұлттың жүзі – жарқын, жүрегі – түкті, беті – ашық, белбеуі – мықты, берекесі мол болмақ. Тарихтың бізге қалдырған бір тәлімі – осы.
Анна Ахматованың Пушкині тұлғаларының бәріне тікелей қатысты. Қайта-қайта оқи бергің келеді.

МАҒЖАННЫҢ БІР ШУМАҒЫ

Тұқым-тұқиянынан ел-жұртты ойлайтын есі дұрыс бір кісі шықпаған, халқының қолынан кісен, аяғынан шынжыр түскенде соның қазынасын бас салып, иемденіп алған байшыкеш мырзаларым-ау, көздеріңді ашып, көкжиекке бір қарасаңдаршы, сенің қолыңдағы мынау мыңғырған мал, алтынмен апталған сарайлар, аузынан аққан ақ май, бүгінгі бүкіл тіршілік-болмысың Мағжанның:
Ұзын Орал – Күн мен Түн шекарасы,
Өлім-түн, өмір-гүлді Күн даласы,
Өмір менен өлімнің шекарасын,
Ұйықтап озбақ ежелден жер баласы.

Екі дүние – Күн мен Түн, Өмір – Өлім,
Бірі – бесік, біреуі – даяр көрің.
Бала болып жата бер бесігіңде,
Сарыарқаның еркесі, қазақ елім! – деген екі шумақ өлеңіне тұрмайды ғой!

СОДОМ МЕН ГОМОРРА

Дүние жүзінде жыл сайын бірнеше ұлыс­тар құрып кетіп жатады. Тәңірі тура Інжілдегі күнәһарлар мекені Содом мен Гоморра сынды бір-ақ күнде жоқ қылады. Неге? Ел бола алмағанынан құриды! Бір-бірін етектен тартқан алты бақан алауыздығынан, ит мініп, ирек қамшылаған пенделігінен, өзінде барымен көзге ұрып, өзгеден артылмақ пиғылынан, единица болмаса, нөлдің түкке тұрмайтындығын түсінбегендіктен құрып жатыр олар!

«ӨЗІМ ҒАНА БІЛЕТІН…»

«Өзім ғана білетін, өзге ешкімге айтып, жеткізе алмайтын құпиям – Борис Пастернак!» (Андрей Вознесенский).
Менде де сондай бір құпия бар – Қасым мен Дәутәлі!

АРМЯН РАДИОСЫ

«Ең қиын тiл қай тiл?» деген сұраққа Армян радиосы былай деп жауап берiптi:
– Қазақ тiлi! Бұл тiлдiң қиындығы соншалық, өзгенi былай қойғанда, қазақтардың өздерiнiң 50 пайызы бұл тiлдi әлi күнге үйрене алмай жүр…(ФБ).

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды