«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Еуропа көмір жағуды қалай шектеді?

0 98

Қыстыгүні жел басылса болды, елордалықтар қолқаны қабатын қою түтінге тұншығады да қалады. Сондайда біздің әлі де көмір жағып отырғанымызға қынжыласың. Шүкір, Елбасы тапсырмасымен елордаға газ әкелу сияқты өзекті мәселе қолға алынып жатыр. Астана әкімі Бақыт Сұлтанов таяуда Үкіметте есеп бергенде қаланы газдандыруға байланысты жол картасы бекітілгенін, 51 млрд теңге жұмсалатын жобаның үш кезеңнен тұратынын айтқан-ды.
Бүгінде қайта қалпына келетін қуат көздеріне көшіп жатқан алдыңғы қатарлы мемлекеттер де бір кездері біздің күйімізді кешкені рас. Ендеше, олардың бұл мәселені шешуде қандай амал-әрекет жасағанын білу артық бола қоймас.

Смогпен алғаш рет Англия «танысқан»

Біздегі бұл жағдаймен бір кездері өте жақсы таныс болған мемлекет ретінде Англияны айтуымызға болады. Жалпы, тұманды түтінді сипаттайтын «smog» терминінің өзін ағылшындар ойлап тапты. Ол «smoke» («түтін») және «fog» («тұман») сөздерінің қосындысынан құралған. Аталмыш проблема британиялықтарға Орта ғасырлардан бері таныс. Мәселен, 1273 жылы І Эдуард патша лондондықтарға үйлерін көмірмен жылытуға тыйым салды. Бұл тарихта қоршаған ортаны қорғау саласындағы тұңғыш заңнамалық акт болып есептеледі. 1306 жылы патшайымның денсаулығына залал тигізбес үшін «Қолөнершілер көмір жақпасын!» деген де заң шықты. Заңды орындамағандар өлім жазасына кесілді. Әйткенмен, мұндай ережелердің күші ұзаққа бармады. 1661 жылы атақты ағылшын жазушысы Джон Эвелин «Fumifugium» («Түтіндету») атты кітап жазып, онда көмірдің орнына хош иісті сүректі пайдалануды ұсынды. Көмір жағудың қаупін ағылшындар бұдан бірнеше ғасыр бұрын сезе бастаса да, үкімет тек 1952 жылы Лондонда болған Ұлы түтін басу оқиғасынан кейін ғана салмақты іс-әрекетке көшті.

«Бұршақ сорпасы»

Британияда ол жылғы қыс ерте түсті. Электр стансалары аязды күндері көмірді көп жақты. Соғыстың салдарынан тұралап қалған зауыт-фабрикалар да бұл кезде жанданып, құбырларынан шыққан түтін ауаға тарала берді. Миллиондаған тұрғын суықтан жылыну үшін үйлеріндегі каминге көмірді аямай тоғытты. Бұл уақытта Англия өзінде өндірілген көмірдің тәуірін экспортқа жөнелтетіндіктен, жергілікті халық күкірт араласқан арзандау көмірді тұтынуға мәжбүр еді. Ол жанғанда аса улы түтін түзілетін. Осы жайттардың ақыры адам шошырлық құбылысқа әкелді: 1952 жылғы желтоқсанның 4-і күні лондондықтар бұршақ сорпасына ұқсайтын сап-сары түтіннің ортасында оянды. Құрамында зиянды заттардың көп болуы себепті сарғыш қара түске боялған түтінге «бұршақ сорпасы» деген атауды сондағы жұрттың өзі берген-ді. Смог сейілмей, британиялық астананы бес тәулік бойы тұмшалап тұрады. Түтіннің кесірінен айналаны көру мүмкін болмай қалғандықтан, бұл күндері метродан басқа барлық көлік түрі тоқтатылады. Ең сұмдығы, бес күннің ішінде улы тұманға шыдай алмаған 4 мың адам қаза табады, ал бір айдың көлемінде олардың саны 12 мыңға жетеді. Ал бұл оқиғадан кейін 100 мыңдай кісі тыныс алу органдарының ауруына шалдығады.

Ағылшындар қандай қадамға барды?

Осылайша Лондондағы смог қоршаған орта ластануының қандай сұмдық салдары бар екенін дәлелдеп берген соң, артынша үкімет қозғала бастады. Экологиялық ахуалды дұрыстау мақсатында 1954 жылы Лондон қаласының заңы (City of London Act) мен 1956 жылы Таза ауа туралы заң (Clean Air Act) қабылданды. Әсіресе, соңғысының көтерген жүгі салмақтырақ болды. Ондағы жаңалықтардың бірі – қалада түтіннен ада жерлердің белгіленуі еді. Яғни, жергілікті билік өкілдері шаһардың белгілі бір бөліктерін ерекшелеп, оларға «Түтін бақыланатын аумақтар» («Smoke Control Areas») деген ат қойды. Аталмыш территорияға кіретін үйлерге көмір жағып, мұржаларынан қою қара түтін шығаруға қатаң тыйым салынды. Мұны сол үйлерге қондырылған арнайы есептеуіш аппараттың көмегімен реттеп отырды. Әлгі қондырғы түтіннің тығыздығы мен қоюлығын анықтап, жазып алып тұратын. Белгіленген мөлшерден артық түтін шыққан ғимаратқа ірі көлемде айыппұл салынды. Айыппұлдан қашқақтаған олар іле-шала түгелімен газбен жылыту жүйесіне көшірілді. Бұл үшін тұрғындарға мемлекет тарапынан субсидия бөлінді. Сондай-ақ ғимараттарға мұржаларын барынша ұзын етіп өзгерту міндеттелді. Ондағы себеп – осы әдіс арқылы ауадағы лас қалдықтарды сәл де болса сейілту мүмкін болатын. Бұдан бөлек, жаңадан салынып жатқан құрылыстарда көмір жағатын пеш орнатуға рұқсат берілмеді.

Қамқорлықтың нәтижесі

1956 жылғы заң да, оның 1968 жылғы өзгертілген нұсқасы да Британиядағы ауа сапасының жақсаруына айтарлықтай әсер етті. Мысалы, 1956 жылға дейін ауадағы қара түтіннің концентрациясы шарықтау шегіне жетіп, әр текше метрге 275 микрограмнан келсе, 1960 жылы бұл көрсеткіш 100 мкг/м3-ге дейін төмендеген. Одан кейінгі 50 жыл бойы ауадағы түтін концентрациясының азаю құбылысы сақталып келеді: 1966 жылға қарай жаңағы көрсеткіш 50 мкг/м3-қа түссе, 1994 жылы 10 мкг/м3-тен де кем болған. Айтпақшы, жағымды өзгерістер тек Лондонда ғана емес, Біріккен Корольдіктің басқа да шаһарларында байқалды. Сол шақтағы индустрия­ның нағыз орталығы саналатын Манчестердің тұрғындары да Таза ауа туралы актінің арқасында тыныстары кеңіп, түтіннен біраз көз ашып қалды. 1959 жылдан 1984 жылға дейін «қызыл кірпішті қаладағы» жылдық түтін мөлшері 90 пайызға бір-ақ азайған.
Қоршаған ортаға қамқорлық танытқан заңның көңіл қуантарлық нәтижесі Британияның денсаулық сақтау саласында да айқын көрінді. Олай дейтініміз, 1956 жылдан бастап мемлекет тұрғындарының тыныс алу жолдары ауруларына шалдығу жиілігі күрт кеміген.
Өмірлерін каминсіз елес­тете алмайтын ағылшындар өздерінің ескі әдеттерін жеңіп, өзгеруінің арқасында осындай игі бетбұрыс­тарға қол жеткізді.

Тағы қандай стратегиялар бар?

Көмір жағудан біржола құтылған немесе құтылуға жақын өзге де еуропалық мемлекеттерге бұл жолда не көмектескеніне тоқталайық. Австрия, Дания, Германия, Норвегия және Швеция секілді елдер ауаға таралатын лас қалдықтарды реттеудің ұлттық стандартын енгізген. Яғни, әр ғимарат ауаға мемлекет тарапынан рұқсат етілген көрсеткіштен артық қалдық шығара алмайды. Көмірдің түтіні құрамы жағынан да, тығыз­дығы жағынан да ол индикаторды қалыпты ұстау­ға кедергі келтіретіндіктен, тұрғындар табиғи газ секілді әлдеқайда залалсыздау қуат көзіне көшкен. Ал кейбір елде көмірге қарағанда экологиялық жағынан тазарақ отын түрлеріне арналған пештерді сатып алуға және қондыруға ақшалай грант бөлінеді. Мысалы, Солтүстік Ирландия үкіметі тұрмысы төмен отбасылар үшін пештерін жаңалауға 1260 еуро көлемінде жеңілдік берсе, Швецияда халық жаңа пештерді орнатуға мемлекет есебінен 30 пайызға дейін грант алады. Мұнымен қоса, батыс Еуропадағы бірнеше мемлекет жыл сайын ауа қатты ластанатын кезеңдерде «От жақпайтын күн» дәстүрін ұстанады. Қазан мен ақпан айларының аралығында өтетін бұл күндерде ғимараттардан шығатын түтін мөлшері барынша азаяды. Аталмыш ережені соңғы жылдары АҚШ пен Мексика да өз тәжірибелерінде қолданып жатыр.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды