«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Еуразия жазушылары – бас қалада

0 26

Ұлттық музейде елорда әкімдігі мен Қазақстан Жазушылар одағының астаналық филиалы және «Алтын қазына» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен қала күніне орай «Еуразия астаналарының қаламгерлері» атты екі күндік халықаралық форум өтті.

Бұл айтулы шарада отандық қаламгерлер мен 20 елден келген ақын-жазушылар көркем әдебиеттің өзекті мәселелерін талқылады.
Форумның ашылуында «Нұр-Сұлтан» қаласының әкімі Алтай Көлгінов қатысып, ақын-жазушыларға ізгі лебізін білдірді.
– Бүгінде бас қаламыз әлемдік экономика, дін, саясат, мәдениет және ғылым өкілдері бас қосып, маңызды шешімдер қабылдайтын орынға айналды. Бүгінгі іс-шараның өтуі – соның айғағы. Сәулеті мен дәулеті келіскен елордамыздың рухани қалыптасуына зиялы қауым өкілдері айтарлықтай үлесін қосуда. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезов «Әдебиет – ардың ісі» деген екен. Әдебиет саласының өркендеуі, оқырмандар қызығып оқитын көркем еңбектердің жазылуы – біз үшін аса қажет дүние. Бүгінгі форумда әлемдік әдебиеттің жай-күйі, тілдік мәселелер мен қаламгерлерге өзек болып жүрген дүниелер ой-талқысына түседі деп сенемін. Сондықтан алыс және жақын шетелден келген ақын-жазушыларға Қазақ елінің жүрегі – Нұр-Сұлтан қаласына қош келдіңіздер демекпін!» деді елорда басшысы.
Сондай-ақ жиында Президент кеңесшісі Марат Сқақов, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Қазақстанның халық жазушысы, Еңбек Ері Олжас Сүлейменов, белгілі жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Әкім Тарази сөз алып, форумға қатысушыларға сәттілік тіледі.
Жиын екі пленаралық отырысқа бөлініп, қаламгерлер «әлемдік әдебиет: стереотиптен арылу» және «мегополистер өмірі: прозадағы көріністер» атты тақырыпта ой қозғады. Қазақстан Жазушылар одағының бірінші хатшысы Ұлықбек Есдәулет қазақ ақындарының антологиясын испан тіліне аударған Испания ПЕН-клубының бас хатшысы Хусто Хорхе Падронға Халықаралық «Алаш» сыйлығын тапсырды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды