«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Еуразия кеңістігінде төрт мың жылдық тарихы бар жалғыз ұлт – қазақ

0 185

Қазақтың тұңғыш антропологы, тарих ғылымдарының докторы, профессор, академик, Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты Оразақ Смағұлов – атандай бір инс­титут арқалайтын жүкті жалғыз өзі көтеріп, еліміздегі антропология ғылымына із салып, мектеп қалыптас­тырған көрнекті тұлға. Бүгінде айтулы ғалым тоқсанға жақындаса да, тоқтап қалмай, бас қаладағы Ұлттық музейдің физикалық антропология лабораториясының меңгерушісі қызметін атқарады. Талай игі жақсылардың көзін көріп, бірге жүрген академиктің кейінгі жас буынға айтар тағылымы мол. Біз көкірегі қазынаға толы Оразақ ақсақалға әдейі барып, кеше тұсауы кесілген кітабы мен бұралаң өмір жолы жайында әңгімелестік.

ҚОЛА ДӘУІРІНДЕГІ ЕРЕКШЕЛІК САҚТАЛҒАН

– Оразақ әке, сөзді оқырманға жол тартқан жинақтан өрбітсек. Көзіңіздің майын тауысып, күн-түн қатып жазған еңбегіңізде қауымды елең еткізетін қандай жаңалық бар?
– Бұл кітапқа байырғы қазақ жерінде қола дәуірінен бастап, кешегі XX ғасырға дейінгі, яғни 4 мың жыл мекендеген тұрғындардың бас сүйек құрылымдарын зерттеген ғылыми талдауы енді. Оның бәрі кестелермен, карталармен, суреттермен нақтыланды. Бір сөзбен айтқанда, қазақ халқының 40 ғасырлық антропология­лық тарихы ғылыми анықтамалармен толық дәлелденді.
Осы дүниені жазуға жарты ғасырлық ғұмырымды арнадым. Алдымен ұлттың соматология­лық сипаттамасын анықтауға күш салдым. Мәселен, адамның бейнесі, бас сүйегі, құрылысы, май бүрмелері – соның бәрі ғылыми түрде зерттелді. Біз оған қалалықтарды емес, далалықтарды алдық. Өйткені популяциялық генетикадан алғанда, ауыл адамдарының генетикалық құрылысы аса өзгермейді. Осы жұмысымды 1966 жылы бастадым. Онда республикада 19 облыс бар еді, соларды толық сүздім.
– Зерттеуге қанша жастағы кісілер тартылды?
– Оған 12 мен 60 жасқа дейінгі ер мен әйелдерді алдым. Әсіресе, ауылдағы 12-17 жас аралығындағы ұл мен қыздардың тұрақты тіс морфологиясын кеңірек зерттедім. Одан жоғары жастағының морфологиялық ерекшелігін анықтау қиын. Тұрақты тіс 12 жастан 17 жасқа дейін өседі. Сосын адамдардың қан жүйесінің анықтамасын жинадым. Тұрғындардың саусақ пен алақан тері бедерлерінің жеке қолтаңбалары алынды. Қазіргі қазақтардың антропологиясын зерттеудегі басты нәрсе – олардың бас пен қаңқа сүйектерін көне дәуірде өмір сүрген адамдардың морфологиялық анықтамаларымен салыстыру қажет.
– Нәтижесі болды ма?
– Болғанда қандай. Қазақтардың бас сүйегі өзіміз бір туған туыс деп іш тартатын қырғыз бен ноғайларға қан жағынан жақын болғанымен, бірікпейді. Халқымыздың азу тісі 4 мың жылда 60 пайыз өзгерген, ал төменгі азу тісі сол қалпында қалған. Төрт мың жылғы сүйектерді зерттегенде, қазақтың денесінде осыдан 40 ғасыр өмір сүрген көне тайпалардың ерекшеліктерінің үштен бірі сақталған. Бұлар қан жүйесінде, тіс құрылысында, саусақ пен алақан тері бедерінде және дене құрылымында анық байқалды. Дене пропорциясына келгенде, ерлер дене пропорциясы кішкене қортықтау. Ал қазақ әйелдерінің жамбас сүйегі мен аяғының ұзындығы 4 мың жыл бұрын ғұмыр кешкен аруларға өте жақын. Бұдан шығатын қорытынды – 4 мың жыл ішінде қазақтың жеріне сырттан кірген тайпалар болмаған. Және осы мекенді иелік еткен олар басқа жаққа қоныс аудармаған. Бұл – үлкен жаңалық. Осындай зерттеу­лердің нәтижесі мені қанаттандырып, аспанға ұшырды. Әлемде 4 мың жылдық тарихы бар – еврей ұлты ғана. Олар оны теологиялық тұжырыммен дәлелдеді. Еуразия кеңістігінде төрт мың жылдық тарихы бар жалғыз ұлт – қазақ. Біз оны ғылыммен дәлелдедік. Осы зерделі жұмысты анықтауға Мәскеудегі, Санкт-Петербургтегі танымал антропологтардың септігі тиді.
– Олар кімдер еді?
– Георгий Францевич Дебец, Яков Якович Рогинский, Виктор Валерианович Бунак. Бұл оқымыстылардың бәрі ғылымның майын ішіп, жілігін шақса да, қызыл империя қуғына салып, түрмеге қамап, түрлі теперіштің дәмін татқызса да, адамгершілік пен азаматтықты салмақтай білген ғалымдар еді.
– Кеңес Одағына антропологтардың қандай залалы тиді?
– Оның сыры – суы түбінде жатқан құдықтай тереңде. XX ғасырдың 30-ыншы жылдары Еуропаны дүрліктірген Адольф Гитлер Германияның билік басына келгеннен кейін антропология ғылымын саяси ұстанымына айналдырды. Неміс қоғамына «раса» деген («раса» – араб сөзі, басты шығу тегін білдіреді) ұғымды кіргізді. Осыны Гитлер солтүстік еуропалықтарға теліп, олар ақылды, сұрыптаудан өткен, сондықтан ғаламды билеу керек деген идеяны ту етіп ұстады. Соны білген Кеңес өкіметі антропологияға түлкіні көрген қырғидай шүйлікті. Олар адамның биологиялық, физиологиялық, морфологиялық ерекшеліктерін зерттеуді қабылдамады. Бізге шетелдік генетиктерді «буржуазияның идеологтары» деп әжуалады. Сол дәуірде ғылымның әр саласы бойынша журнал шығып тұрды. «Кеңес антропологиясы» деген журнал бір рет шықты да, жабылып қалды. Қысқасы, Кеңес Одағында да, қазір де антропология ғылымының маңдайы жарқырап кете қойған жоқ.

ҚАНЫШТЫҢ ҚАМҚОРЛЫҒЫН КӨРДІМ

– Осындай күрделі ғылымға жүрексінбей бет бұруыңызға не себеп болды?
– 1952 жылы Қазақ университетінің тарих факультетінде оқимын. Бірде Жетісу өңіріне археологиялық экспедицияға бардым. Археологтар қорған қазып, ондағы бұйымдарды алады да, адам сүйектерін керек етпей, тастай салады. Жетекшіден сұрасам: «бізде адам сүйегін зерттейтін маман жоқ» деп қабағы түйіліп жауап берді. Содан сүйектің құпиясын білуге зер салдым. Экспедициядан оралғаннан кейін желіп отырып, Алматыдағы медицина институтындағы «Қалыпты адам анатомиясы» деген кафедраға келдім. Оның меңгерушісі Нұрыш Бөкейханов деген профессор екен. Жылы шырай білдірді. Мен де ол кісіге іштегі толып қалған ойымды ақтара жөнелдім. «Осылай да осылай, археологиялық экспедицияға барып едім, адам сүйектерін зерттейтін маман жоқ дейді, мен сол саламен айналысқым келеді» деп тоқетерін айтып едім, әлгі профессор қуанғаны сондай, орнынан атып түрегеліп, қалбалақтап: «Апырмай, жастардың арасынан да антрополог болам дейтін балалар бар екен ғой» деп өзімен-өзі сөйлеп, телефонмен бір кісіге қоңырау шалды. Көп ұзамай орыс жігіт жетіп келді. Медицина ғылымдарының докторы. Зиялы азамат екені болмысынан байқалып тұрды. Оған Бөкейханов: «Мына жас антрополог болғысы келеді» деп мені көтермелеп қойды. Оның өзі де жас шағында антрополог болам деп талпынып, бірақ кейін осы саладағы ғалымдардың түрмеге қамалғанын естіп, ол ойынан айнып, медицинаға кеткендігін тәптіштеп айтып берді.
Маған қарап: «Саған барлық жағдайды жасаймыз, студенттермен бірге оқисыз» деді күлімсіреп. Сонымен, екі жыл медициналық дәріс алып, білімімді жетілдірдім. Сөйтіп жүргенде, таланыма орай, Одақтан жергілікті ұлт өкілдерінен антропология саласына маман дайындау керек деген хабар түседі. Антрополог болам деп жүрген маған бұл даңғыл жол ашып берді. 1957 жылы арман деген арғымағымды жетектеп, Мәскеуге аттандым.
– Жолдаманы кім берді?
– Қазақ КСР Ғылым академиясының президенті Қаныш Сәтбаев.
– Ол кісіні бұрыннан танисыз ба?
– Сыртынан ғана білетінмін.
– Cодан үлкен шаһарға жол тарттыңыз…
– Иә, КСРО ҒА Этнография институтының аспирантурасына келдім. Мұнда атағынан ат үркетін антропологтар Г.Дебец, В.Бунак, М.Герасимов жұмыс істейді екен. Бірақ оқуға түсудің өз ережесі бар. Бірден суға құлаш ұрғандай «күмп ете» алмайсыз. Алдымен Г.Дебец: «Сіз үш ай зоология институтына барып, маймыл сүйектерін зерттейсіз, адам мен маймыл арасындағы байланысты жақсы білуіңіз керек» деп соған жіберді. Үш ай табандап отырып маймыл сүйектерін зерттедім. Бір көзім жеткені – африкалық маймылдың адамға ұқсастығы көп. Оны енді тауыстым дегенде, Ленинградтағы әскери медициналық академияның антропологиялық бөліміндегі анатомиялық театрда Бірінші Петр заманынан бері адам сүйектері сақталған екен, соған баруға тура келді. Сөйтіп барып білімімді толықтырдым. Сосын 1958 жылы аспирантураға қатарластарымнан оқ бойы озып қабылдандым. Қырсықты қараңыз, енді комиссия мүшелері: «Сізге кандидаттық тақырыпты біз береміз, Қазақстанда материалдық база жоқ» деп төтеден бұйрық шығарды. Біздің Ғылым академиясы: «Жоқ, ол – біздің адам. Стипендияны біз төлейміз. Тақырып Қазақстаннан болады» деп табанды қарсылық танытты. Расында, ол кезде елімізде зерттейтін адам сүйектері жоқ еді. Бірақ ішімнен зерттеу жұмысым туған елімнен болса деп ойлаймын. Сөйтіп, екіұдай болып жүргенде, Г.Дебец: «Бүгін академияның жиынына Қаныш Сәтбаев келді, барып жолығып, жағдайыңызды айтыңыз» деп қиыннан жол тауып берді.
– Алып тұлғамен жолықтыңыз ба?
– Қанекең «Мәскеу» қонақүйіне ат байлапты. Бөлмесіне келсем, көмекшісі отыр: «Әлі келген жоқ, күтіңіз» деді. Қыс айы. Бір кезде Қаныш ағамыз қатты шаршағандай аяғын сүйрете басып, баспалдақпен көтеріліп келе жатты. Алдынан шығып сәлем бердім. Амандасып, жөн-жобамды сұрады. Ол кісіге өзім жайлы шамалы айтып, негізгі мәселеге көштім. Елімізде антрополог-ғалым жоқ екендігін, сондай маман болсам деп армандап жүргенімді, қысқасы барлық жағдайды түсіндірдім. Кандидаттық тақырыбым Қазақстаннан болғанын қалар едім дегенде, Қанекең: «Ол үшін не керек?» деп өзіме сауал тастады. «Көне дәуірдегі тұрғындардың сүйегі керек. Оларды бүгінгі қазақтардың сүйегімен салыстырып, зерттеу қажет» дедім. «Тағы не керек?» деп ойланып қалды. «Экспедицияға шығып, иесіз мұсылман зираттарын қазып, сүйек қорларын жинасам деймін» деп айтқанымда, Қанекең: «Онда жақсы, экспедицияға дайындал, бір жетіден кейін хабар беремін» деп шығарып салды.
Бір жеті емес, үш күннен кейін институт директоры Сергей Толстов шақырып алып, Қ.Сәтбаевтың атынан жазылған: «Сізге экспедицияға шығуға үш айға 12 мың рубль, бір машина, төрт жұмысшы бөлінді» деген телеграмманы қолыма ұстатты. Қуанышым қойныма сыймай, Алматыға ұшып келіп, құжаттарды тез реттеп, экспедицияға жөнелдім. Сөйтіп, Қанекеңнің қамқорлығын көрдім. Соның арқасында қаңқа сүйектер жиналды, ол менің абыройымды көтерді. Ол кісі маған: «Әй, Оразақ, әр жан иесінің биологиялық ата-анасы болады, сен қазақтың биологиялық әке-шешесін дәлелде» деп айтқан болатын. Осы сөз санамда жиі жаңғырып тұрады. Егер Сәтбаев мені қолдамағанда, Қазақстанда антропология ғылымы да, қырық ғасырлық тарих та, Смағұлов та болмас еді.
– Экспедицияны қайдан бастадыңыздар?
– Бұрынғы Семей облысының Шұбартау өңірінен. Иесі жоқ, үстінен жол басып өткен зират екен. Сол жерден 70-80 адамның сүйегін таптым. Одан Қарқаралы маңындағы, баяғы Қоянды жәрмеңкесі болған маңдағы Қарасор көлінің жағасы мен Баянауылдың Қаратас деген жерінен аштан өлген адамдардың сүйегін қазып алдым.
– Қанша қаңқа сүйек қаздыңыздар?
– 300-ден астам бас сүйек жинадым. Бірақ осы сүйектерді сақтайтын орталық, зерттеу жүргізетін лаборатория да, құрал-жабдық та болмады. Содан қаңқа сүйектерді Санкт-Петербургтегі кунсткамераға өткіздім.
– Мола қазып жүргенде, жергілікті жұрт қарсылық көрсеткен жоқ па?
– Ондай оқиға болды. Қарасор көлінің жағасындағы ескі бейітті қазып жатқанда, бір салт ат мінген малшы келіп: «Әй, сен өзі мұсылмансың ба, әлде жоқ па? Мынауыңды қоймасаң, ертең көлігіңді бензин құйып өртеп жібереміз» деп төбемізге қамшысын ойнатты. Қой, құрысын, бұлар солай істеуі де мүмкін деп Баянауылға кетіп қалдық.
– Cіз алғашқы болып ұлтымыз­дың ұлы тұлғалары Абылай хан мен Әйтеке биді зерттедіңіз емес пе?
– Егемендіктің елең-алаң шағында түрік ағайындар Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жаңғырту жұмыстарын жүргізді. Сондағы «Абылай хан жерленген-мыс» дейтін қабірді монолит ретінде қазды да, «осындағы сүйек шын Абылай ма, әлде басқа ма, сіз зерттеп көріңіз» деді. Қызым және археолог Мұхтар Қожаев үшеуміз сүйекті қазып алып, төрт ай зерттедік. Сүйектің бас қаңқасында бірде-бір тіс жоқ. Яғни бабамыз жасы ұлғайып, 69-70 жасында өмірден өткен. Орта бойлы. Сол жақ аяғының ортан жілігінің жамбасқа кіретін ұршық басынан 10-12 см жерден морт сынған. Шамасы, салмағы ауыр қару тиген. Жалпы, адамның 50 жасқа дейін сүйегі сынса, ол қайта бітіп, сүйек сүйелі пайда болады. Елу жастан кейін сүйек біткенімен, сүйек сүйелі болмайды. Бабамызда сүйек сүйелі пайда болған. Демек, елуге дейін алған жарақат. Кеуде сүйегінде патологиялық ерекшелік бар. Ханның оң қолы өте қарулы болған, оған бір адамның шамасы келмеген. Осы қолда бар дәлелдерді зерттеу үшін Мәскеуге барып, патша заманындағы архив материалдарымен таныстым. Архивте Абылай ханның жараланғаны туралы жазылады. Бірақ қай жері екені айтылмаған. Қытайға барғанымда, 1940 жылдары төте жазумен жарық көрген Абылай хан жайындағы жазбаны көрдім. Онда бабамыздың аяғынан жараланғаны туралы дерек келтіреді.
– Әйтеке би туралы айтсаңыз.
– Әйтеке биді зерттеу үшін алдымен мұрағаттардағы, деректерді қарастырдық. Бидің туып-өскен және қайтыс болған жері Нұрата (Науаи облысы) екендігі туралы құжаттар табылды. Онда марқұмның Нұрата қорымында жерленгені жайлы парсы жазбаларында айтылған. 2005 жылдың желтоқсанында Нұратаға қызым Айнагүл екеуміз арнайы барып, бидің қабірі деген жерге қазба жұмысын жүргіздік. Бірақ бізден бұрын бұл қабірді өзбек археологтары қазыпты. Бабамыздың қабірі Сейтқұл әулиенің дәл шығыс жағына қойылған. Қазба жұмысы ауа райының суық және жаңбырлы кезінде іске асырылды. Дегенмен, қабірдегі қаңқа сүйектер толық зерттеліп, өлшеніп, фотосуретке түсіріліп, барлық алынған сүйектер өз орындарына қайта жерленді. Бабамыз жетпістің маңайына келіп қайтыс болған. Кәрілік белгілері сақталған. Бұл зерттеудің барлық қолжазбасы бар, демеуші болса, кітап етіп шығарсам деймін.

ОРЫС ПАТШАСЫМЕН БІРГЕ ТҮНЕДІМ

– Көрнекті антрополог М.Герасимовпен араластыңыз, қандай кісі еді?
– Өте бауырмал, ашық-жарқын, әзілқой, адамгершілігі биік азамат болатын. Маған бүйрегі бұрып, іштартып жүрді. Бірде оған криминалистер реконструкция жасауға бас сүйек алып келеді. Содан бір полковник: «бас сүйектің ұлты қандай екенін ажыратып бере аласыз ба?» деп сұрақ қояды. Соған шамданып қалған академик: «Мүмкін сіз оның қандай губерниядан екенін сұрарсыз. Мысалы, мен қандай ұлттың өкілімін. Әкем Петербургтің шоқынған татары, анам петербургтік неміс, сонда мен кім боламын? Бірақ құжатыма орыс деп жазыламын» деп оларды ұялтып тастайды. Бір қызығы, айтулы ғалымның лабораториясы жертөледе орналасқан еді. КГБ-ның қызметкерлері Ғылым академиясына Герасимовтың зерттеу орталығына шетелдіктерді апаруға үзілді-кесілді тыйым салған. Академикпен шетелдіктер кездескенде оларға: «менің лабораториямда жөндеу жұмыс­тары жүріп жатыр, сондықтан мен сіздерді оған шақыра алмаймын» деп сылтау айтады екен. Кеңес өкіметі атақты адамның жертөледе жұмыс істейтіндігінен ұялып, көрсеткісі келмепті. Сол жерде қонақүйде орын болмай, бір апта қондым. Сонда марқұм: «Сіз орыстың патшасы Иван Грозныйдың сүйегімен бірге түнейсіз» деп әзілдеді. Ғалым патшаның бас сүйегіне реконструкция жасап жатқан. Герасимов 1964 жылы кандидаттық диссертация қорғағанымда мені қатты қолдады.
– Қазақ ғалымдарының арасында кімдермен жақын сыйластыңыз?
– Қазақстан ҒА Тарих, археология және этнография институтының ғылыми қызметкері болып жүргенде Әлкей Марғұланның қол астында 20 жылдан артық еңбек еттім. 1950 жылдары Әлекең Мұхтар Әуезов, Ермұхан Бекмаханов, Бек Сүлейменов секілді ғалымдармен бірге біраз қудалау көрді. Оған «эпостардағы қазақ батырларын дәріптеді» деген айып таққан. Бірде Ғылым академиясында өткен ғылыми кеңесте менің еңбегімді қорғаған жалғыз Әлекең болды. «Смағұлов секілді маман жоқ, оны сақтап қалу қажет» деп ақтарылып сөйледі. Оның зиялылар арасында: «Кеңес өкіметінің цензурасы патша өкіметінің цензурасынан да қырағы» деген мәтелге айналған сөзі бар.
Мәскеуде аспирантурада оқып жүргем. Әлекең сол қалаға іссапармен келіпті. «Оразақ, ертең такси алып, мені Қазан вокзалынан Алматыға отырғызып жібер» деп ескертті. Ертесіне таксимен Қазан вокзалына жеттік. Бізді көрген жүк тасушылар жүгіріп келіп: «Сіздер қандай пойызға мінесіздер?» деп сұрады. Біз «Алматы» деп едік: «Ол таңертең кетіп қалған» деп күліп жіберді. Сөйтсек, Әлекең ерте жүретін пойызды кешке таман деп шатастырған. Содан вокзал бастығына бардым. Ер кісі. Әлекең анадай жерде тұр. «Ана кісі үлкен академик. Күні бойы жиналыста болып, кешігіп қалды. Біздің пойыз орта жолда кетіп барады, енді не істейміз?» деп жөн сұрадым. Әлекеңнің өзі де көз сүйсінетін тұлға еді ғой. Шаш қандай, екі жағында дудырап тұрған. Соны көрген вокзал бастығы: «Қандай келбетті ғалым!» деп тамсанып қарап, «Қазір Алматыға қосымша пойыз жүреді, соған отырғызуға көмектесейін» деп қолма-қол шешіп берді. Солай ағамның бір кәдесіне жарағам.
Тарихшылар Ермұхан Бекмаханов, Бек Сүлейменовпен де сыйластым. Бекпен институтта бірге жұмыс істедік, әйелі орыс болатын. Бекті 25 жылға соттап, әйелі оны шығарып салуға келіп, қолындағы түйіншегін берем дегенде әскерилер қолын қағып жіберіп, абайсызда пойыз астына құлап өлді. Бек қапастан босап келгеннен кейін оның сіңлісіне үйленді. Академик Салық Зимановпен де жақын араластым, қиын-қыстау күндері жанымда жүрді.
– Ол не қиыншылық?
– 1977 жылы баспадан шыққан жаңа кітабым Орталық Комитетке ұнамай қалып, өртелді. Оны кімдер ұйымдастырғанын ішім сезеді. Түрмеге де қамаймыз деп қыр көрсетті. Әйтеуір, шетелдік ғалымдар халықаралық радиодан мені қорғап сөйлеп, бір дүрбелеңнен құтқарып қалды. Дегенмен Қауіпсіздік комитеті он жыл бойы басқан ізімді аңдып, көзінен таса қылмады. Бір ғажабы, осы жағдай туралы кезінде ел басқарған Дінмұхаммцед Қонаев өз естелігінде: «Г.Колбин антрополог Смағұлов­тың кітабын таратпай, өртеп жіберді» деп жазғанын оқыдым. Бірақ бұл оқиға Қонаевтың тұсында болды, ол оны Колбиннен көріпті. Сонда мені қудалағаны туралы деректі ол кісі білмеген, білсе жазбас еді ғой.
– Жинағыңыз кейін жарық көрген жоқ па?
– Жоқ.
– Себеп?
– Биология мен техника саласы бойынша шыққан кітаптың ғылымға қосқан үлесі – 10 жыл. Он жылдан кейін библиографиялық анықтама болып қалады. Одан бері 40 жыл өтті. Қазір жарияласам, шетелдік ғалымдар: «Смағұлов әлі қырық жылғы деңгейде жүр екен ғой» деп айтатыны кәдік.
– Колбин неге қудалады?
– Cоны өзім де білмеймін. Маған «Қонаевтың теоретигі» деген жала жапты. Шындығында, Дінмұхамед Ахметұлымен пікірлеспек түгіл, оңаша сәлем беріп қолын алып көрген емеспін. Ақтөбеде экспедицияда жүрсем, сол жерге облыстың атқамінерлері келіп: «Сіздің ғылымыңыз партия идеологиясына қайшы, 24 сағат ішінде облыс территориясын босатуыңызды талап етеміз» деп жан алқымнан алды.Содан Алматыға келіп, Геннадий Колбинге қарсы алты бет жауап жаздым. Колбиннің аты-жөнін жазбаймын деп 4 машинист тұра қашты. Амалсыздан, Литвадағы ғалым-әріптестеріме хабарласып, соларға ұшып барып, Михаил Горбачевтің атына хат жібердім. Ләм деген жауап келмеді. Екі айдан кейін Орталық Комитеттің үгіт-насихат бөлімінің басшысы Өзбекәлі Жәнібеков шақырып алып: «Ешнәрсеге алаңдамаңыз, жұмысыңызды істей беріңіз» деп алай-дүлей болған көңілімді басты.
– Әке, 88-ге аяқ басып отырсыз. Өміріңізде аңсайтын, сағынатын сәттеріңіз бар ма?
– Айналайын, жүректің түбіндегі шерімді қозғап жібердің-ау. Кеңес Одағының қолдан жасаған зұлматынан халқымыз қынадай қырылды. Әсіресе, отызыншы жылдардағы аштықты ойласам, жаным түршігеді. Мен сол апаттан кездейсоқ аман қалған баламын. Анам аштықтан бұратылып өліп жатқанда, бір күн бойы қойнында жатып, емшегін еміппін. Көрші Ресейге азық іздеп кеткен әкем келіп, ажалдан алып қалыпты. Әкем ұзақ жасап, 99 жасында қайтыс болды. Сеңгірлі сексеннен ассам да, анасы бар адамдарға қызығып қараймын. Мейіріміге қанбай өскендіктен, ананың жылуын аңсап, көңілім олқысынып тұрады. Қайтеміз енді, маңдайға жазғанды көріп, өмірдің биік-биік белесінен асып келеміз. Құдай маған қазақтың қырық ғасырлық тарихын жазуға ғұмыр берді деп ойлаймын.
– Тағылымды әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Азамат ЕСЕНЖОЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды