«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Ескіні жамамай, жаңадан салынады

0 15

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елорданы одан әрі дамыту жөніндегі кеңесте орталық теміржол ауруханасының ғимараты ескіріп, апатты жағдайда екендігін айтты. 60 жыл ішінде ауруханада бірде-бір күрделі жөндеу жұмыстары жасалмаған екен.Көптен бері қала басшылығының назарында жүрген бұл аурухана 1959 жылы салынған болатын. Ол кезде ҚазКСР Жол қатынастары министрлігінің балансында болды. Одақ ыдырағаннан кейін аурухана жеке иелікке, 2009 жылы ҚР Төтенше жағдайлар қызметіне өтті. Қазір клиника – Ішкі істер минис­трлігінің қарауында. Ауруханада сегіз бөлімше, зертхана мен травматологиялық пункт жұмыс істейді. Расында, іргесі қаланғалы жөндеу көрмеген аурухананың тозып, қабырғалары қақырап, кірпіштері мүжіліп жатқаны рас.
Сөз еткелі отырған медициналық мекеменің жайымен 2016 жылы елорда әкімдігі сол кездегі Премьер-министрге өтінішпен шығып, аурухананы қаланың иелігіне аударуы туралы мәселе қойған еді. Артынша Үкімет қаулысына сай рәсімдеуді бастаған еді. Осылайша 2018 жылы аурухана астаналық әкімдіктің коммуналдық меншігіне ауысты. Орталықтың бас директоры Сергей Демочкин 2011 жылдан басшылық етіп келеді. Мұнда 600-ден астам қызметкер жұмыс істейді, оның жүзден астамы – жоғары білімді дәрігерлер. Олар елорданың Сарыарқа және Байқоңыр ауданының біршама бөлігіне, жалпы саны 400 мыңдай тұрғынға қызмет етеді. Ал кейбір медициналық бағыттары бойынша бүкіл астананы қамтып отыр.
– Расында, барлық профиль бойынша аурухана жедел жәрдем қызметін қатар алып жүр десе болады. Сарыарқа ауданын толық қамтып, пульмонология бойынша – Байқоңыр ауданы, нейрохирургия бойынша Есіл ауданы тұрғындарына қызмет етеміз, – дейді бас дәрігер.
Орталықтың алпыс жыл бо­йына қажетті деңгейде қаржыланбауы ондағы медициналық құрал-жабдықтардың да ескіруіне алып келеді. Қала меншігіне өткен кезде ауруханадағы жабдықтардың 70 пайызы қабылданған стандарттың талабына сай келмейді.
Еліміздегі барлық медициналық мекемелер сияқты бұл ауруханада емделіп шыққандардың көлеміне қарай министрліктің Медициналық қызметтерді төлеу комитетінен біршама қаражат түседі. Бірақ бұл төлемдер медициналық жабдықтар, дәрі-дәрмектер, қызметкерлердің жалақысын төлеуге, одан басқа коммуналды қызметтің ақысын жабуға кетеді. Бұл қаражат медициналық құрылғылар алып, ғимараттарды күрделі жөндеу өткізуге бағытталмаған.
Жақында осы мәселе бойынша қала әкімі Алтай Көлгінов YDА Holding директорлар кеңесінің төрағасы Арслан Хусейнмен кездесіп, орталық теміржол ауруханасының құрылысын талқылады. Орталық теміржол ауруханасының ғимараты ес­кіріп, апатты жағдайда екендігін ескеріп, аудан тұрғындарына қолайлы болу үшін аурухана Сарыарқа ауданында орналасатын болады деп шешілді. 600-700 орынға есептелген жаңа ғимарат мемлекеттік-жеке серіктестік аясында салынады. Жобаға Түркиядан инвесторлар жайдан-жай тартылып отырған жоқ. Өздерінің инвестициясымен дараланып, жалпы медициналық мекемелер салуда мол тәжірибесі бар түрік компаниясы елордадағы құрылыс жұмыстарын келесі жылы бастамақ. Жаңа орталық әлемдік стандарттарға сәйкес заманауи жабдықтармен қамтылатын болады.
Сергей Демочкин осы шешімді мақұлдай келе, ғимаратты сүріп, орнына жаңа аурухана салынып, стационарды 500 орынға жеткізіп, емхана 680 науқасты қабылдай алатынын жеткізді. Бұл үшін құ­ры­лысшылар осы мекемеге тиесілі көне ғимараттарды бұзып, тек хирургия корпусын қалдыру ойда бар. Бұл бертінде, 1981 жылы са­лынған, одан бөлек тағы бір-екі ғимаратты күрделі жөндеуден өткізеді.
Аурухана кешенін барлық мағынасындағы қайта жаңғырту бірнеше жылдарды алады. «Жаңғырту үдерісі бірнеше кезеңді қамтиды. Біріншісі – әкімшілік және терапевтік корпустарын көшіру керек. Гинекология орналасқан ғимаратты және Жеңіс даңғылы, 81-үйдегі жеті қабатты ғимараттың төрт қабаты жөндеуден өткізіледі. Бүгінде сметасы дайын, жақын күндері қала бюджетінен 380 миллион теңге бөлінеді» деп мәлімдеді Сергей Демочкин.
Жөндеу жұмыстары кезінде аурухана кешені өз қызметін тоқ­татпайды. Жаңа орталық іске қосылғаннан кейін дәрігерлер саны артып, медициналық қызмет көлемі де қала тұрғындарына қарай айқындалатын болады.
Елордадағы барлық медициналық мекемедей бұл жерде де дәрігерлер тыным таппайды. Тәулігіне жүзден астам адам қабылдау бөліміне түседі. Терапия бөлімі күніне 500-ге тарта адамды қабылдайды. Реанимация және пульмонология бөлімшелері де осындай күрделі жағдайда жұмыс істеуде. Осындай тар жағдайда, мысалы, екі адам жататын жайда бес адам орналастырылса да, медициналық қызметкерлер нау­қастарға барлық жағдай жасауда. Мамандар тапшылығы бұл мекемені де айналып өтпеген. Десе де іргесі ертеден қаланып, жарты ғасырлық тарихында өзіндік дәстүрі қалыптасқан ауруханада өз ісіне білікті дәрігерлер жұмысын жалғастырып жатыр.
Бұл – ескінің орнына жаңасы салынып, пайдалануға берілгенде орталықтың әлеуеті артып, медициналық қызметтің көрсеткіші жаңа сапаға көтеріледі деген сөз.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды