-->

ЕСКІ ҮЙДІ КІМ ЕСКЕРЕР?

Кеше Алматы ауданының әкімі Әділбек Сәрсембаев «ТЭЦ-2» ұжымымен кездесіп, халық алдында есеп берді. Жиын барысында әкім тұрғындардың толғандырып жүрген сұрақтарына жауап беріп, кейбір мәселелерді сол жерде шешіп отырды.

Аудан әкімнің айтуынша, аудан­ның әлеуметтік-экономи­калық жағдайы күн өткен сайын артып келе жатыр. Мәселен, бүгінде Алматы ауданының аумағында 382 мың тұрғын тіркеліп, өмір сүруде. Алайда ол халық санының кө­беюі экономика мен әлеу­мет­тік инфрақұрылымға белгілі дең­гейде ауыртпалық түсіретінін жасырмады. Бірақ соған қара­мастан ауданда ауқымды істер жасалып жатқанын өз баяндамасында Әділбек Сәрсембаев жан-жақты баяндады.
– Күні кеше Мемлекет бас­­шысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның үшінші жаң­ғыруы» тақырыбында өзінің жыл сайынғы халыққа дәстүрлі Жолдауын жолдады. Аталған Жолдауда президент еліміздің сандық технологияға негізделген болашағы зор бағыттарға ай­рықша назар аударатынын айтты. Жалпы, еліміз Елбасының сындарлы саясатының арқасында әлеуметтік-экономикалық тұр­ғыдан өсіп-өркендеді. Мұның бәрі айналып келгенде, еліміздің ішіндегі халықтардың тату-тәтті тұрып жатқандығының арқа­сында болып отыр. Сондай-ақ, еліміз көрші елдермен жақсы қарым-қатынас ұстап, әлемдік ел­дердің алдында беделі артып жатыр, – деді Әділбек Сәрсембаев.
Әкімнің баяндамасын мұқият тыңдаған ұжым өкілдері өздерін толғандырып жүрген сұрақ­тарды қойды. Мәселен, Пушкин кө­шесінің тұрғыны әкімге үш бірдей сұрақ қойып, сауалына жауап алды.
– Өзім тұратын Пушкин көшесіндегі №1 үйдің бұзы­ла­тыны туралы әңгіме көптен бері айтылып келеді. 1964 жылы салынған үйлер небәрі 25 жыл тұруға арналған екен. Алайда бұл үйде тұрып жатқанымызға 50 жылдан асып кетті. Біз тұрып жатқан осы үй нақты қай уа­қытта сүріледі? Бұл – бір. Екін­ші­ден, үйіміздің қабырғалары ашылып кеткендіктен, аяз күн­дері үйімізге суық кіріп, со­ның салдарынан балаларымыз ауы­рып жатыр. Бұл мәселе туралы бұған дейін шағымдандық. Алайда бір жігіттер келіп суретке түсіріп кеткеннен басқа ештеңе істемеді. Бұл мәселе қалай ше­шіледі? Үшінші сұрағым: Пушкин көшесінің жолы биіктеген сайын біздің үйдің алды суға толып қалатын болды. Осы су біздің жертөлеге кіріп, жаз айларында сасып кетеді. Мәселені шешу үшін арнайы арық салып берсеңіздер жақсы болар еді, – деді ол.
Бұл сұраққа қалалық тұрғын үй басқармасының өкілі Асхат Елеужанов жауап берді. Оның айтуынша, Пушкин кө­ше­сіндегі №1 үй 2020 жылы бұзы­лып, тұрғындарға жаңадан пәтер беріледі. Сондай-ақ, ол аталған үйге кәріз құбырларын ауыс­тырып, жөндеу жұмыс­тарын жүргізгенін айтты. Ал арық салу мәселесін алдағы уақытта шешетін боламыз деп уәде берді.
Жалпы тұрғындар тарапынан ескі үйді сүру мәселесіне қатысты сұрақтар көп болды. Бұл сұрақтарға аудан әкімі тарапынан нақты жауап айтылып, тиісті нұсқаулар берілді. Сондай-ақ, бұқара халықты қоғамдық көліктің кестеге сәйкес жүрмеуі алаңдатады екен. Аталған мәсе­леге байланысты тиісті сала басшылары жауап беріп, нақты тапсырма алды.

Серік Жолдасбай

Жауап қалдыру

Сіздің email-адресіңіз жарияланбайды.Қажетті өрістер таңбаланған *

*