«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Ескі мектептің жаңа тұлғасы еді…

0 249

Туысқан Әзербайжан елінің астанасы – Баку қаласына жолаушылап барғанымызға бір-ақ күн болған.
Таңертең Алматы, Астана және Тараздан бірге барған жолдастарымызбен аман-саулық сұрасып, бас қосқан сәтте… «Не дейді? Жүкең-Жұмабек қайтыс болыпты. Сұмдық-ай!» деп шошынып тұрған Светаның даусын естіп, өзім де не дерімді білмей, отырған орнымнан тұра алмай қалдым. Тұла бойым тітіркеніп, көңілім құлазып сала берді. Көзіме жас келді. Тап қасымда Света көңілі босап, айналасындағы кісілерге: «Біздің жан досымыз еді. Тамаша азамат болатын. Аяқ астынан не болғанын білмейміз» деп айтып жатты…

«Алматыға қайтайық!» дедік. «Қаралы хабардан қабырғасы қайысып, мұң шалған курстас достарымыздың ортасында, отбасының қасында болайық!» деп қамдана бастадық.
Адамның айтқаны бола бер­мейді екен. Алматы-Баку бағы­тында ұшақ күнбе-күн ұшпай­тынын біліп, асыл достың, марқұм Жүкеңнің қабірі басына бір уыс топырақ салудың ың­ғайы келмейтініне өкінгеннен басқа ештеңе істей алмадық.
Жүкеңнің кенеттен дүниеден озғанына сене алар емеспін…
Қазақстанның Әзербайжан мемлекетіндегі төтенше және өкілетті елшісі, белгілі қайраткер әрі танымал қаламгер-журналист Бейбіт Исабаев та сол арада жайсыз хабарды ести салысымен қатты уайымдап, «Нағыз еңбекқор, әрі өз кәсібіне жан-тәнімен беріле қызмет істейтін азамат еді. Жалған дүние-ай, ол кісі де кетті-ау» деп университетте ағалы-інілі болып қатар оқыған журналис­тика факультетіндегі қимас күн­дерді еске алды. Қазақтың аса бір дарынды азаматы, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабекті танитын адамдар Қазақстан қоғамында көп еді.
Таныған – біздер. Көпшілік болды.
Танытқан – өзі. Өзінің азаматтық өмір жолы мен жеке өнегесі еді.
Жүкеңді ақырғы сапарға шы­­ғарып салу жайлы курстас Қайнар досымыз «Бәрі «бес» деген эссе-­мақала жазып, оны Watsaap-тан қызығып оқымаған адам қалмады.
Мұндай оқиғаны бұрын-соңды жазған адамды естімеппіз.
Ал Қайнар жазды. Себебі өмір жолы үнемі «бес» болып келген Жүкең туралы қаз-қалпында Қайнарлар ғана жаза алады.
Басқалардың қолынан келе де қоймас, ешкімнің оған батылы да бара бермейтін сияқты. Ыстық-суығы басылмаған ауыр оқиғаның өрбуінен адамдар талай сыр түйеді, ой өрбітері анық.
Мынау жарық дүниеде сен кеше кім едің? Ал, енді…
Біз Жүкеңдермен сонау 1976 жылдың қоңыр күзінен бері курс­тас дос, сырлас жолдас болдық.
Отбасымен аралас-құралас болу Жүкең үшін ең басты өлшем болатын.
1981 жылы Қазақ ұлттық уни­­верситетінің журналистика факультетін бітірген жастардың арасынан топ жарған Жүкең барлық жағынан лидер болған еді.
Қазақтың тұңғыш педагогы Ыбырай Алтынсарин сияқты университеттен тыс уақытта 50 студенттің басын қосып, жатақхана бөлмелерінде әрбір емтихан пәнінен үйретері мол лекция оқуды ұйымдастыратын өзі еді.
Өзі де Торғайдан. Арқалық маңындағы Қайыңды ауылы­нан. Жүкең Ыбырай Алтынсарин атасына тартқан сырбаз ағартушы сияқты көрінеді. Біздің Жүкең университетте үлгілі студент, қалалық кеңестің депутаты күйінде оқып, бітірді де төрге шеге қақты.
Бас газет «Социалистік Қазақ­станға» қызметке шақырылды.
Біздің арамыздан Алматыдан алғаш болып пәтер алған да өзі еді.
Жібек жолы мен Панфилов көшесі қиылысындағы 15 қабатты үйде, 2 бөлмелі пәтерде курс­тастардың талай жиын-тойы өткізілді. Әрбір мерекені Жұмабек пен Әлиманың жайған ақ дастарқанында атап өткенімізді еске алсақ, достары үшін құшағын ашқан бұл отбасына
алғысымыз шексіз.
Жайлаубайдың үйлену тойы, Кәрібайдың келіншегі диссертацияны сәтті қорғап шыққан сәті… Жолдастардың туған күні, олардың ауылдан келген ағайын-бауырларын қонаққа шақыру сияқты «мың бір сәт» сірә, естен шығар ма? Табалдырықтан биік ешнәрсе жоқ, ал оны бұл отбасы өз өмірлерінің киелі дәстүріне осылайша мықтап енгізген болатын.
Билік айтар қызметке де көтерілді. «Білім және еңбек» журналы, «Халық кеңесі», «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі», «Ақиқат» газет-журналдарының Бас редакторы болды. «Қазақ газеттері» атауымен басы қосылған 6-7 газет-журналдар бірлестігінің төрағасы қызметтерінде Жұмабек Кенжалиннің болуы ерен қабілет пен адал еңбек етер тұлғалы азаматқа көрсетілген
үлкен сенім.
Меніңше, біз, оны жақсы бі­летін, мақтан ететін адамдар әрбір жауапты қызметке баруын, қажымас алғырлығы мен адалдық қырымен танылуын солай болуға тиіс деп санадық.
Қазақ журналистикасына сіңірген елеулі еңбегі табанды ұйымдастырушылық қызметінен анық байқалды әрі қаламынан шыққан талай-талай шығармашылық дүниелері әріптестерінен де, әдебиетші ғалымдар тарапынан лайықты бағасын алды.
Әсіресе, Жүкеңнің парламенттік «Халық кеңесі» газетін аз уақыт бедерінде айшықты да беделді басылым дәрежесіне алып шығуы өзіне қоғамдық абырой-бедел алып келді.
Мен Жүкеңді қандай заман болмасын, көзсіз ығына жы­ғы­лып, сұлу сөйлеп жағымпаздық таныта қалып, ішкі есебімен қарақан басының пайдасы үшін пысықайлық көрсеткен кезін көрген жоқпын. Қолында түрлі ықпал жасайтын тізгін болса да артық кетпеді. Керісінше, ол ұжым мүшелерінің әлеу­меттік-тұрмыстық жағдайын жасауға ұмтылып, соған күш салды. Әйтеуір, сөзі өтпесе де тәуір қызметінің ебін тапқандар, мәселен, Алматы қаласының өзінен де, төңірегінен де жер телімін тегін алып, тақыр жерден мол ақша жасап жатқанда Жүкең соны біліп тұрып, барған жоқ. Ел қатарлы өкіметтен пәтер алды, қаланың у-шуынан сәл алыстау жақтан жеке үйде тұрғанды ұнатты.
Ертерек дүниеден өткен әке-­шешесінен тараған өрімдей қарындастары мен інілерін бағып, қағып, соларды азамат қатарына жеткізу. Жүкең мейлі қызметте, мейлі басқалай жағдайда кездескен қиындық­тар болып жатса, оны да ешкімге айтқан емес. Себебі ол өзіне сенетін.
Жүкеңнің таза кісілігі мен ерен еңбекқорлығын Қазақстан баспасөзін дамытуға қосқан елеу­лі қайраткерлік қыр-сырын ұлттық интеллигенттердің байырғы мектебінен іздеуге тура келеді.

Ұлттың озық ойлы тұлғаларының ізін қуып, олардың осы заманғы орнын жоғалтпауға күш салып, ар-ұятымен қызмет еткен Жүкеңнің қаламдастары арасында шоқтығы биік болып, зор сенім мен құрметке бөленуінің бір сыры осы мақсаттан бастау алады. Қандай тақырыпта мақала немесе публицистика жазса да, редакторлық ұстанымы мен ойлары қоғамдық тазалықпен үндесіп тұратын.

«Егеменде» С.Байжанов, Б.Қыдырбекұлы, С.Ақтаев сияқты әйгілі қаламдас ағаларынан
үйренсе, Ш.Мұртаза, Ә.Кекілбаев, К.Смайылов, Қ.Сұлтанов тәрізді қайраткер кісілерді қатты құрметтеп өтті.
Сонау 1990 жылдардың ба­сын­да, егемендіктің елең-­ала­ңында Торғай облысына бірге бардық. Турасында мені досым деп арнайы делегацияға қосып алып барды. Туған елін көрсетті. Дулығалы дала батыры-Жәукенің рухына арналып кең дала төсінде ас берілді. Үлкен той болды.
Өзіне туыс ата болып келетін Жәуке батырдың тарихын тор­ғайлықтарға танытуда және рес­публика атырабына насихаттау жұмысында Жүкең көп тер төкті. Бірнеше мәрте тарихи зерттеу еңбектерін жазды. Әбдісағит Тәтіғұлов, Сабыржан Ахметов сияқты ағаларымен ақылдаса жүріп, батыр даңқын қайта жаңғыртты.
Сол сапарда Х.Наурызбаев, К.Сағадиев, М.Қозыбаев, С.Байзақов, Ш.Уәлиханов, Қ.Салғараұлы, С.Досанов тәрізді әйгілі ғалымдар мен жазушылар, облыс әкімі Жақан Қосыбаев, жергілікті беделді азаматтардың Жұмабек Кенжалиннің ұйымдас­тырушылық қызметіне риза болып, оны үлкен сахнаға шығып айтқандары әлі құлағымда тұр. Мұның бәрі талантты журналист Мақсұтбек Сүлейменовтің жазбаларында толық көрініс тапқан.
Қазақ елінің қай қиырында болмасын, Жүкеңнің шынайы оқырмандары мен тілектестері көп болды. Мұндай абырой-құрметке ол қарапайым мінезімен, сабырлы азаматтығымен және адами таза көңіл-күйімен, сүй­кімді келбетімен, иә, саяси тақырыпта жазған сүйекті мақалаларымен ие болғанын сезінбеу мүмкін емес. Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде Жүкең секілді үздік оқыған студенттер әрине, болды. Солардың аз шоғырында Ж.Кенжалиннің бәсі көбісінен басым болды. Ал жалпы өмірде азға қанағат, жоққа шүкір, деген бір арлы қазақ болса, ол – Жүкең еді. Оның байлық-дәулеті – өзін сыйлаған адамдардың көп болуы.
Шерағаң – Шерхан Мұртаза айтқандай, «Жұмабек Кенжалин аса бір сыпайы, ықыласы мол, сыйластығы азбайтын азамат» еді.
Бірге тағдыр қосып, қатар оқып, қатар өскен, қатар қызмет еткен, үнемі достық қарым-­қатынаста болған Жүкең біз үшін де қымбат жан еді.
Жұмабек Кенжалин қоғамдық-саяси өмірде де, қазақ журналистикасында да баспасөздің ақтаңгер тұлғасы болып қалды.
Алматыға келісімен қала ше­тінде жеке үйде тұратын Әлимаға бардық. Асыл ерінен ойда жоқта айырылып қалған жары Әлима ауыр қайғыдан көз жасын көл ғып төкті.
Сағыныш пен қимастықтан біз де жылап тұрдық. Бұл шаңырақта Жүкеңнің қос құлыны – Дастан мен Жандос, немерелері бар. Орнын жоғалтпайтындары осы мұрагерлері….
Жүкеңді құрметтейтін академик Кенжеғали Сағадиев, айтулы мемлекет қайраткері Серік
Үмбетов те көңіл айту үшін арнайы келген екен.
Адам өмір деген ұзақ жолда жақсы із қалдырса, әлбетте, ұмытылмайды. Жұмабек Кенжалин осындай адам!
Адал дос болып өтуді биікке көтергені де бізге аманат!

Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,
журналист

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды