«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Ескі көлікті жаңала

0 69

Көлігіңіздің әбден тозығы жетті ме? Онда автомобиліңізді тиісті орынға өткізсеңіз, жаңа көлік алуға жеңілдік беріледі.

50 мың квота бөлінді

ҚР Энергетика министрлігі ескі көліктерді қабылдау бағдарламасы бойынша 2019 жылға арналған квота көлемін бекітті. ӨКМ операторы жа­уапкершілігі шектеулі серіктестігіне көліктерді ақшаға және сертификат беру бағдарламасына биыл 50 мың квота бөлінді. Оның 25 мыңы жеңілдік сертификаты болса, қалған 25 мыңы ақшалай өтемақыға қарастырылып отыр.
Айта кету керек, биыл жүк көліктеріне берілетін сертификат құны ұлғайтылды. Мәселен, былтыр оның құны 450-650 мың теңге болса, осы жылдан бастап ол 750 мың теңгеге дейін көтерілді. Ал жеңіл автокөлік сертификатының құны бұрынғыша – 315 мың теңге қалпында қалды.
Сертификат құны көлік құралының санатына байланысты бағдарлама талабы бойынша жоюға тапсырылатын көліктер толық жиынтықта қабылданады. Ескі техниканы өткізушіге жеңілдік сертификаты беріледі. Отандық автоөндірушіден көлік сатып алған кезде сертификат сомасы көлік бағасынан шегеріліп қалады. Жеңілдік сертификатының құны тапсырылатын көлік құралының санатына байланысты бағаланады. Бағ­дарлама бойынша отандық өндірушіден кез келген санаттағы көлік құралын сертификат арқылы алуға болады.
Сондай-ақ автокөлік сатып алғанда 2 сертификатты біріктіру мүмкіндігі де қарастырылған. Бірақ жеңілдік сертификатын өзгенің атына тіркеу екі реттен артық жүргізілмейді. Ал оны қайтарып беруге немесе қолма-қол ақшаға ауыстыруға мүмкіндік жоқ. Сертификат тіркелген күннен бастап 12 айға дейін жарамды болады.
Жеңілдік сертификаты бағ­дарламасы бойынша қандай көлік сатып алуға болатындығы туралы мәліметті автоөндірушілердің ресми сайттарынан көре аласыздар: www.bipek.kz, www.aziaavto.kz, www.sap.com.kz, www.hyundai-hta.kz, www.daewoobus.kz, www.kamazkamaz.kz.

88 мың көлік қабылданды

Естеріңізге салсақ, мұндай ескі көлікті жойып, жаңасын алуға жеңілдік сертификатын беру бағдарламасы Қазақстанда 2017 жылдың 26 маусымынан бастап іске қосылған болатын. Осы уақыт ішінде қазақстандықтар бұл бағдарлама бойынша 20939 көлігін сертификатқа алмастырған. Сондай-ақ сатып алу бағдарламасы бойынша 67052 жеңіл авто қабылданып, ескі көлігін тапсырған отандастарымызға 10 млрд 48 млн теңге көлемінде қаражат аударылған екен. Жалпы, қос бағдарламаның қорытындысы бойынша ӨКМ операторы ЖШС 88 мыңға жуық ескі көлікті қабылдаған.
Ескі көліктерді жоюға қабылдау бағдарламасы отандық автопаркті жаңартып, экологиялық көлік құралдарының өндірісін ынталандыру және қайта өңдеу саласын дамытуға мүмкіндік бермек.
Ескінің аты – ескі, егер тозығы жеткен көлігіңіз бар болса, оны тезірек өткізіп, жа­ңалауға асығыңыз. Себебі сер­тификат саны шектеулі. Ол үшін auto.recycle.kz сайтына кіріңіз немесе 8 800 080 08 65 нөміріне яки 8 702 204 97 85 WhatsApp желісіне хабарлассаңыз болғаны.

 

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды