«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Есілдегі кемелер

0 276

Елорда тұрғындары мен қонақтарының демалуына арналған әдемі жерлердің бірі – Есіл жағалауы. Әсіресе, өзен бойымен жылжып, Астананың айшықты ғимараттарын су үстінен тамашалауға мүмкіндік беретін кемелер шырайлы шаһардың сән-салтанатын одан әрі арттырады.

Есілде кеме жүргізу жобасы әу баста елорданың туристік тартымдылығын арт­тырып, қаланың сыртқы көрінісін ажарлан­дыра түсу мақсатынан туындағаны белгілі. Кеме жүре бастаған алғашқы кездері жалпы сыйымдылығы 125 орындық үш жолаушы­лар кемесі жұртшылыққа серуендік-экскурсиялық қызмет көрсетті. Ал кеме жүре­тін учас­кенің ұзындығы 6 шақырымды құрады.
Бүгінде Есіл өзенінде 265 адамдық сыйымдылығы бар алты жолаушылар кемесі, сүйреткіш кеме, құтқару кемесі және моторлы қайық жүреді. Кеме жүру жолы 9,04 шақырымға ұзарды. Кенесары ескерткішінің тұсынан аттанған теплоходтар Ақорданың ғимаратына дейін барып, кері қайтады. Бұл дегеніңіз – көзіңізді қырық минут бойы сұлулыққа тойдырып, керемет әсерге кенелесіз деген сөз. Кемелер 12.00 мен 21.00 аралығында жұмыс істейді.
Кемелердің қауіпсіз жүзуін қамта­масыз ету үшін жыл сайын түрлі шаралар атқарылады. Мәселен, навигация белгілері орнатылып, қосалқы мердігер ұйымдардың күшімен іздестіру және түпті тереңдету жұмыстары жүргізіледі.
Аталмыш қызмет түрімен Астана қаласының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына қарасты «Есіл-Астана» мемлекеттік кәсіпорны айналысады. Қазіргі таңда онда 70 адам қызмет етеді. Қызметкерлердің кәсіби деңгейі жоғары. Басқару аппараты қызметкерлерінің түгелге жуығы – жоғары білімді мамандар. Жалпы мамандардың бәрінде орташа техникалық білімі мен еңбек өтілі бар. Олардың көбісі Есіл өзенінде кеме жүру басталғаннан бері еңбек етуде.
Кеме жүргізуді дамытудағы көптеген жетістіктерге қарамастан, өзен көлігі саласындағы мамандардың тапшылығы қиындық туғызып тұр. Сондықтан мекеме өзге өңірлермен тығыз байланыс орнатқан. Кеме тұрағына арналған порт, кеме жөндеу шеберханасы, кемелерді түсіріп және көтеретін кран, өндірістік қызметкерлер үшін жабдықталған үй-жай да – күрмеулі мәселелердің бірі. Бірақ жұмыс барысында кездесетін осындай қиындықтарға қарамастан, кәсіпорын өкілдері алға қойылған міндеттерді мұқият орындап, елорда тұрғындары мен қонақтарын қауіпсіз әрі жайлы су көлігімен тасымалдауды парыз санайды.
Алдағы уақытқа жоспар көп. Кеме жүретін су жолдарының сапалылығын арттыру, жолаушыларды тасымалдау көлемін көбейту, елорданың тұрғындары мен қонақтарына туристік бағыттарды ұйымдастыруға қолайлы жағдайлар жасау, демалушылардың жеке қауіпсіздігін сақтау мақсатында кеме жүретін учаскенің полицейлердің үнемі қадағалауында болуы секілді жұмыстар бірте-бірте жүзеге асырылып келеді.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды