«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

«Есіл толқындары» тәнті етті

0 29

Қарттар күніне орай Нұр-Сұлтан қаласының Есіл ауданында мерекелік шара өтті.

Ардагерлер мен зейнеткерлер қауымына арналған мерекелік жиынды Есіл ауданының әкімі Берік Жәкенов ашып, елорданың дамуына өзіндік үлес қосқан, бүгінде құрметті демалыста болса да, бас қаламыздың қоғамдық өміріне белсенді қатысып жүрген аға ұрпаққа алғысын жеткізіп, зор денсаулық, баянды ғұмыр тіледі. Берекелі дастархан басында бас қосқан қадірлі қонақтар үшін әсем әндер шырқалып, ақынның арнауы айтылды. Мектеп оқушылары дөңгеленіп би биледі. Қадірменді қонақтар, әсіресе, Есіл аудандық Ардагерлер кеңесінің жанынан құрылған «Есіл толқындары» ардагерлер ансамблінің өнеріне тәнті болып, зор қошемет көрсетті.
Нұр-Сұлтан қаласы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сансызбай Есілов әрі тағылымды, әрі көңілді іс-шараны ұйымдастырған Есіл ауданының әкімдігіне, соғыс және еңбек ардагерлерінің жұмысын үйлестіріп жүрген аудандық ардагерлер ұйымының жетекшісі Рысты Атығаеваға көпшіліктің атынан ризашылығын білдірді. Көңіл көтерген жиын барысында басқа да азаматтар сөз сөйлеп, өздерінің мерейін өсірген ұйымдастырушыларға алғысын айтып, батасын берді.
Ең бастысы, аудандағы ардагерлер қауымы өздерінің есіл еңбектерінің бағаланып, құрметке бөленіп, қоғамға қажеттілігін сезініп қайтты.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды