-->

ЕСІЛ АУДАНЫНЫҢ ЕРТЕҢІ

Кеше аудан әкімдерінің халыққа есеп беруі кездесуінің аясында Есіл ауданының басшысы Ермағанбет Бөлекбаев «Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы» АҚ ұжымымен жүздесті. Астана әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев қатысып, сөз сөйлеп ашқан шарада аудан дамуының өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық қорытындылары баяндалып, алда атқарылар жұмыстар таныстырылды.

369

Астана әкімдігінде елорданы 2020 жылға дейін дамыту бағыттары белгіленіп, соған сәйкес «20 нақты бастама» атты бағдарлама әзірленді. Ағымдағы жылы аталмыш бағдарламада көрсетілген міндеттерге сай қимылдайтындықтарын айт­қан Е.Бөлекбаев, әсіресе, «ЭКСПО-2017» халық­ара­­­­лық мамандан­дырылған көр­­месі қарсаңында аудан басшылығының алдына ауқым­ды межелер қойылғанын атап өтті.
Есіл – Сарыарқа мен Алматы аудандарына қарағанда халқы аздау және соңғы екеуімен салыс­тырғанда жаңа аудан. Бір қара­ған адамға, мұнда айтар­лықтай түйткілдер жоқ сияқты болып көрінеді. Алайда мұнда да ат­қары­лар шаруалар жеткілікті екен.

erm_2544

ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІК КӨБЕЙЕДІ

Қаладағы қоғамдық көлік мәселесі өзекті тақырыптардың біріне айналып отыр. Бұл есеп беру кездесуінде де осы тақырып қозғалмай қоймады. Мұнымен қатар «ЭКСПО-2017» көрмесі уақытында кептеліс көбейіп кете ме деп алаңдаушылық білдіріп отырғандар да бар. Мәселен, «Көктал» кентінде тұратын Бәтима Жүкен есімді тұрғын Ана мен бала ғылыми орталығындағы жұмысына автобус ауыстырып жетуге мәжбүр болып отырғанын айтады. Оның сөзінше, алдымен № 46 автобуспен «Азия Парк» аялдамасына дейін жетіп, бұдан соң діттеген жеріне бару үшін басқа қоғамдық көлікке отырады. Оның үстіне аталмыш бағдардың қатынау жиілігі мен сыйымдылығы да жолаушының көңілін көншітпейді. Осыған ұқсас шағымды №188 көшеден пәтер алған өзге де медицина қызметкерлері жеткізді.
Бұл мәселеге қала әкімдігі «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында биыл 380 жаңа автобус сатып алуды жоспарлап отырғаны, соның ішінде жеті Shuttle Bus бағдарды жолға шығару бел­гілеп қойылғаны, осындай автобус­тардың жалпы саны 113 болатыны, олардың қатынау аралығы 5-7 минуттан аспайтыны айтылды.

ЭКСПО – ҮЛКЕН ЕМТИХАН

«Жалпы алғанда «ЭКСПО – 2017» көрмесін өткізу жөнінде арнайы штаб құрылды. Оны Астана әкімі Әсет Исекешев басқарып отыр. Барлық өзекті мәселелер сол штаб отырыстарында талқылануда» деп жауап берді Есіл ауданының әкімі.
Штаб жұмысы жөнінде Ермек Аманшаев толығырақ мәлімет берді. «Штаб отырыс­тары күнде өтеді деп айтуға болады. Күн тәртібіне қалада жедел атқарылуы тиіс жұмыстар шығарылуда. Мәселен, көлік-логистикалық мәселеге келгенде, қазіргі таңда «ЭКСПО-2017» көрмесі уақытында жолаушылар ағыны қанша болатыны, қай ауданда олардың саны көбейетінін анықтадық. Қандай шараларды қолданатынымызды алдын ала әлеуметтік желілер, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабарлайтын боламыз» деді Астана әкімінің орынбасары.
Қалалық Жолаушылар көлігі басқармасының өкілінің айтуынша, кептелістерді болдырмау үшін биыл Қабанбай батыр даңғылы мен тағы бірқатар көшелерге, жалпы ұзындығы 64 шақырымды құрайтын автобустарға арналған жолақ салынады. 380 жаңа автобус 11 бағдарға бөлінеді, атап айтсақ, № 10, 12, 51 сынды бағыттарға беріледі. № 46 бағытқа келсек, аталмыш басқарма өкілі бұл бағытта автобустар саны жеткіліксіз екенін мойындады. Жаңа автобус­тар алдағы нау­рыз бен мамыр айларының аралығында қалаға жеткізіле бас­тайды. Сонда № 46 бағытқа да жаңа автобустар беру қарастырылады.
Ата-аналардың біразы балаларын мектепке жеке көліктерімен апарады. Сонда көлік қоятын орынды таппай қиналады. Кез­десуде мектептер жанында автотұрақтар салу, көлік ағыны­ның қатты болуынан Ұлы дала көшесіне бағдаршамдар орнату, Мәңгілік ел маңында көліктер жылдамдығын көр­сетілген сағатына 70 шақырымнан азайту, жолаушылар өткелін салу мәселелері көтерілді.
Автотұрақ мәселесіне келгенде мектептердің құрылысын жүргізгенде белгіленген стандарттар оған мүмкіндік бермейтіні, мұны мектеп автобустарын сатып алумен шешу жоспарланып отырғаны, оқу жылының аяғында бұл мәселе нақтыланатыны айтылды. Ал бағдаршамдар мен соған ұқсас өзге де мәселелер назарға алынатыны айтылды.

Есіл – Сарыарқа мен Алматы аудандарына қарағанда халқы аздау және соңғы екеуімен салыстырғанда жаңа аудан. Бір қараған адамға, мұнда айтарлықтай түйткілдер жоқ сияқты болып көрінеді. Алайда мұнда да атқарылар шаруалар жеткілікті екен

ЕСКІ ҮЙЛЕР СҮРІЛЕДІ

Сондай-ақ, кездесуде «Заречный» тұрғын алабында екі қабатты тұрғын үйлер 2018 жылға дейін сүрілетіні белгілі болды. «Шығыс Ильинка» тұрғын алабында 2008 жылдан бері шешімін таппай келе жатқан жол салу мәселесі биыл орнынан қозғалатыны анықталды.
Күні кеше ғана қалада ашық құдықтарға қатысты төтенше жағдай орын алды. Бұл үлкен мәселе тудырып отырғанын жасырмаған Ермағамбет Бөлек­баев егер осындай фактіге жолық­қан жағдайда «109» қызметіне хабарласу керектігін, жедел шаралар қабылданатынын айтып өтті.
Астанада баспана алу – тағы бір өзекті тақырыптардың бірі. 2010 жылдан бері тұрғын үй кезегінде тұрған Бәтима Жүкен кезек алдыға емес, керісінше артқа жылжып бара жатқанына наразылық білдірді. «Кеше ғана 4575-ші болып тұрғанмын. Бүгін 4576-шы орында тұрмын. Мұны қалай түсінеміз? Сайтта қазір өзіңнің кезегіңді ғана көре аласың, өзгелер туралы мәлімет жасырулы. Ашықтық қайда?» деді ол. Бұған Тұрғын үй басқармасының өкілі жауап беруге тырысты. Алайда оның жауабына тұрғын қанағаттанбады. Кездесуден соң Ермек Аманшаев анық-қанығына көз жеткізуге уәде берді.
Өзімізге ұнаған бір жайтты айтайық. Бұрын әр аудан әкімінің есеп беруіне сол аудан тұрғындары ғана қатысуы міндетті сияқты болып тұратын. Ал Ермағамбет Бөлекбаев кез келген аудан тұрғыны оның халықпен кездесуіне келе алатынын, сұрақты сәйкес аудан басшылығына жеткізетінін айтты.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*