«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Есіл ауданының 2017 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен 2018 жылдың жұмыс жоспары туралы есеп

0 33

Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған жұмыстар Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауы мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында жүзеге асырылды.


Есіл ауданында 2018 жылы 19-28 қаңтар аралығында 8 есептік кездесу өткізу жоспарланған.
Осыған байланысты тұрғындарға ыңғайлы болу үшін Есіл ауданы әкімі аппаратының әлеуметтік желілердегі парақшаларында (Facebook, Instagram) «Есептік кездесулер» айдары құрылды, онда әрбір тұрғын өзекті мәселелер бойынша электронды өтінішін қалдыра отырып, уақытын үнемдей алады. Бұған қоса, қоғамдық орындарда жазбаша өтініштерді жинау үшін 10 жәшік орнатылған.
2017 жылы Есіл ауданы әкімінің аппаратына жеке және заңды тұлғалардың 10024 өтініші келіп түсті. Аппарат басшылығының жеке қабылдауындағы (116 адам), қала, аудан әкімдіктерінің интернет желілеріндегі (419 сұрақ) өтініштер қабылданды. Елдің сандық форматқа көшуіне байланысты, тұрғындар сайт пен әлеуметтік желілер арқылы сұрақ қою мүмкіндігін белсенді пайдалана бастағанын атап өту керек. Бұдан басқа, 2017 жылы 817 электронды өтініштер қабылданды, бұл 2016 жылмен салыстырғанда екі есеге артып отыр. Сонымен қатар, көп пәтерлі тұрғын үй кешендері мен тұрғын алаптардың тұрғындарымен 88 орынға шығу жиналыс­тары мен кездесулер өткізілді.
Жалпы алғанда, түскен барлық өтініштерге уақытылы шара қабылданып, түсіндірме жүргізілді.
Өткен жылы келесідей жобалар ойдағыдай жүзеге асып, біраз мәселелер шешімін тапты:
– 68 көп пәтерлі ТК (11176 пәтер) пайдалануға берілді;
– 18 үй (1672 пәтер) орталықтан жылумен жабдықтауға қосылды, оның ішінде «Саранда» ТК, Қорғалжын тас жолы, 8/1, 8/2, 31, 31/1, 31а және т.б.;
– 270 автотұрақ жабдықталып, 23 көп пәтерлі ТК-нің ішкіорамдық жолдары жөнделді;
– 233 контейнер алаңы жөнделіп, 13 жаңа контейнер алаңы орнатылды;
– 5 ішкіорамдық аумақта жөндеу – қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді;
– 5 мекенжай бойынша жарықтандыру жүргізілді;
– «Құлагер 1, 2» ТК-де абаттандыру жүргізілді;
– Сығанақ көшесі, 19-үй бойында футбол алаңының элементтері, қоршаулар жөнделді;
– «Сармат» және «Номад» ТК аралығындағы автокөлік жолдарында жасанды жол кедергілері, «Пригородный» тұрғын алабында автокөлік қозғалысын шектеуіштер орнатылды;
– «Пригородный» тұрғын алабында көшелердің үш қиылысында жаяу жүргінші белгісі орнатылды, бағбандық қауымдастықтан алапқа дейін жаяу жүргінші жолақтары салынып, «Юг» ТК-ден «Хозяюшка» дүкеніне дейін, №24 орта мектебінің жанында, көлікті уақытша қоятын орындар ұйымдастырылды;
– Есіл өзені бойындағы саябақта қоқыс жәшіктері орнатылып, бүлінген абаттандыру элементтерін (тас төсеніштерді монтаждау, бөлшектеу, жапқыш тақталарды, жиек тас­тарды ауыстыру) қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді;
– 12000 ағаш пен 102000 м2 гүл отырғызылды;
– №17 мектеп-гимназиясына жалғаса салынған құрылыс аяқталды;
– «Пригородный» тұрғын алабының тұрғындарына қауіп төндірген су мұнарасы бұзылды;
– «Апатты үйлерді бұзу» пилоттық жобасы аясында үстіміздегі жылы 223 пәтердің 816 тұрғынының («Заречный» және «Пригородный» т.а.) үй мәселесі шешілетін болады;
– «Инфинити-1», «Арман қала», «Времена года», «Well house» ТК-де, Орынбор және E16 көшелерінде аға буынның демалысына арналған 6 шағын орталық ашылды;
– «Үркер» тұрғын алабында Киокушинкай-кан каратэ республикалық ұлттық федерациясының жаңа спорт мектебі және полиция бөлімі ашылды және т.б.

НЕГІЗГІ КӨРСЕТКІШТЕР

Есіл ауданының жалпы ауданы 31179 га құрайды. Әлеуметтік-демографиялық көрсеткіштерге сәйкес, 2017 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша ауданның халық саны 189330 адамды құрайды. 2016 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 21,8 пайызға өскені байқалады.
Талдау көрсеткіштері көрсетіп отырғандай, аудан құрылғаннан бастап халық саны 3 есеге өсті (анықтама ретінде: Есіл ауданы 2008 жылы 5 тамызда құрылды, сол кездегі халықтың саны – 64440 адам).

АУДАНДАҒЫ ҚҰРЫЛЫС

Есіл ауданының аумағында 709 құрылыс нысандары орналасқан. Оның 143-і – көп қабатты тұрғын үй кешендері, 189-ы – жеке тұрғын үй құрылыстары (ЖТҚ), 11-і – әкімшілік ғимараттар, 64-і – инженерлік желілер, 21-і – автомобиль жолдары және 281-і – өзге нысандар.
2017 жылдың қорытындысы бойынша:
– 68 көп қабатты тұрғын үйлердің (11176 пәтерлер);
– №17 мектеп-гимназиясының қосымша құрылысы аяқталды;
2017 жылдың қаңтар-қараша аралығында пайдалануға берілген тұрғын үй объектілерінің жалпы ауданы – 1 619 570 м2 құрды.
Үстіміздегі жылы 3 білім беру нысандарының құрылысын аяқтау жоспарлануда:
– жобалық атауы Е321 және Е332 көшелерінің қиылысындағы ауданда 1200 орындық мектеп;
– Сауран көшесінің бойында 1200 орындық мектеп (Ұлы дала даңғылы мен №26 көшесінің арасында);
– Қорғалжын тас жолының оңтүстігінде 1200 орындық мектеп.
«Пригородный» тұрғын алабында «Казаэронавигация» РМК демеушілік қаражаты есебінен мәдени-сауықтыру орталығының ашылуы жоспарлануда.
«Үркер» тұрғын алабында Исатай батыр және Сырым батыр көшелерінің қиылысында спорттық кешен бой көтеретін болады.

ЖОЛ-КӨЛІК ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ

Ауданда жалпы ұзындығы 243 км болатын 230 көше орналасқан. 5,36 км жолда (Т.Рысқұлов көшесі, Ұлы дала даңғылы, Айғаным көшесі) орташа жөндеу жұмыстары және 3,4 км жолда (Қ.Мұхамедханов, Ақын Сара, Е16 көшелерінде) инженерлік желілерге қайта құру және жөндеу жұмыстары жүргізілді.
«Үркер» тұрғын алабында инженерлік желілер мен жолдар құрылысының 3-інші кезегі бо­йынша 31 көшеге асфальт төселді. 11 көшеде кәріз желілері салынып, асфальт төсемелеріне дейінгі жұмыстар жүргізілді. 4-інші кезек бойынша 22 көшеде инженерлік желілер және жолдар құрылысы, көшені жарықтандыру жұмыстары аяқталды.

АУЛАЛАР АБАТТАНДЫРЫЛАДЫ

Ауданда барлығы 238 ішкіорамдық аула бар. 2017 жылы 11 тұрғын үйді қамтитын 5 аулаға (Орынбор көшесі, 2-үй, «Құлагер 1» ТК, Орынбор көшесі, 4-үй, «Құлагер 2» ТК, Сауран көшесі, 6-үй, Е30 көшесі, 5-үй, «Құлан» ТК, «Триумфальный» ТК мен «Триумф Астаны» ТК аралығындағы саябақта) абаттандыру бойынша ішкіорамдық аумақта жөндеу-қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. 6000 м2 асфальт-бетонды төсеме, 420 орындық көлік тұрағы, 5 балалар және 4 спорт алаңдары, 850 қоқыс жәшіктері орнатылды.
Орынбор көшесінің 2 және 4 үйлерінің («Құлагер 1» ТК, «Құлагер 2» ТК) маңында ауданы 6000 м2 болатын, 270 орындық тұрақ кешенінің құрылысы жүргізілді. 23 көп қабатты ТК («Инфинити 1» ТК, «Инфинити 2» ТК, «Алатау» ТК, «Новый мир» ТК, «Сармат» ТК, «Номад» ТК, «Олимп палас» ТК, «Краун плаза» ТК, «Лазурный квартал» ТК, «Северное сияние» ТК, «Семь бочек» ТК, «Каспиан палас» ТК, «Арман қала» ТК, «Нұр қанат» ТК, «Меруерт» ТК, «Тұлпар» ТК, «Нұрсая 2» ТК, Сауран көшесі, 3, 5, 7, 12/1, 14, 20) ішкіорамдық жолдарына жөндеу өткізілді.
Одан басқа, №75, №82 мектептерінің ішкіорамдық жолдары жөнделді.
2018 жылы ақауларды анықтау жұмыстарынан кейін 30 аула аумағына абаттандыру, ішкіорамдық аумаққа жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.
Елорданың 20 жылдық мерейтойына орай Алматы облысының демеушілік қаражаты есебінен «Арай» саябағына қайта жаңарту жұмыстары жүргізіледі.

КӨГАЛДАНДЫРУ

Аула аумағын абаттандыру көгалдандырумен тығыз байланысты. Барлығы ауданда 3 бақ және 28 сая­бақ орналасқан. Ағымдағы жылы 12000 ағаш, 5550 қ.м., 248 жаңа гүл құмырасы, 102000 м2 гүлзарлар отырғызылды, 18 дана (2034 м2) альпі төбесі, 138900 м2 аумаққа жасыл желектер салынды, 73 дана КСП, 1500 дана қоршауларға ілінетін гүлдер, 13 дана сәнді жасыл және 40 дана PR пішіндер орнатылды, 1450 ағаш қырқылды.
2018 жылы елорданың 20 жылдық мерейтойына дайындық аясында ауданда 15000-нан аса ағаш, 30000 м2 көпжылдық гүлдер отыр­ғызылатын болады.

ЖАРЫҚТАНДЫРУ

Көшелердің жол айрықтары, қоғамдық маңызы бар орындарды және ішкіорамдардың аумақтарды жарықтандыру ауданның түнгі көрінісін көркейтуде маңызды рөл ойнайды.
Есіл ауданы әкімінің аппаратының қызмет көрсетуінде тұрған жарықшам бағандары:
– 8 476 (11 533 жарықшам) көше;
– 6 857 (9 469 жарықшам) саябақ;
– 295 (474 жарықшам) ішкіорамдық.
Сонымен қатар, 5 мекенжай бо­йынша ішкіорамдық жарықтандыру жүргізілді: «Инфинити 1» ТК, «Инфинити 2» ТК, Мәңгілік Ел даңғылынан «Family village» коттеджді қалашығына дейін, «Заречный» тұрғын алабындағы «Береке» балабақшасының аумағы, №75 мектебінің кіреберіс аумағы.

БІЗ ТАЗА ҚАЛА ҮШІН

2016 жылдың 13 қазаны мен 2017 жылдың 1 сәуірі аралығында қар жинақтау орнына 1 653 908 м2 қар және 1292,66 тонна қоқыс шығарылды.
Абаттандыру ережесін қадағалау және санитарлық тазалықты қамтамасыз ету мақсатында көктемгі және күзгі кезеңдерде аудан аумағында 4 экологиялық айлық өткізілді, оның ішінде 2 жалпықалалық және 2 коммуналдық сенбілік өткізіліп, 27540 мыңға жуық адам, 592 кәсіпорын мен ұйымдар қатысты. 3170 түп ағаш отырғызылып, жалпы ауданы 3154340 м2 саябақтар мен бақтар тазартылды.
2017 жылы 233 контейнерлік алаңдарда қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, 13 жаңа контейнерлік алаң орнатылды.
Ауданда 850 қоқыс жәшігі орнатылып ауыстырылды (500 плас­тикалық – жаяу жүргіншілер жолында, 350 ағаш – аялдама кешендерінде).

СУ ТАСҚЫНЫНА ҚАРСЫ ШАРАЛАР

Су тасқындарына қарсы шаралар аясында жыл сайын аудандық штаб қызмет етеді. Аулаларды қардан тазарту, арық жүйелерін тазарту арқылы көктемгі ағын суларды өткізу жұмыстарының жоспары даярланады. Осылайша, аудан бойынша су басу қаупі төніп тұрған 11 орын анықталды. Олар: «Ильинканың шығыс жағы» т.а. әскери қалашық, «Үркер» т.а., (Қорғалжын тас жолы, №62 көше, «Западное» б/қ., «Газмашаппаратура» т.а., Ш.Айтматов көшесі (Қорғалжын тас жолынан бастап, Сығанақ көшесіне дейін), Орынбор көшесі (Ш.Айтматов көшесінен Тұран даңғылына дейін), Тұран даңғылы (Сығанақ көшесінен №31 көшеге дейін), «Шұбар» т.а.
Майбалық көлі аумағынан «Нұ­ра Есіл» бөгетіне дейінгі кәріз жү­йелерін тұрақты түрде тазалау жұмыс­тары жүргізіледі. Кәріз жү­йесінің ұзындығы 91,4 км құрайды.
Аталған бағытта түскен барлық өтініштерге тез арада шаралар қолданылады.

ТҰРҒЫН ҮЙГЕ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ

Есіл ауданында барлығы 445 көп пәтерлі ТК бар. Соның 397-сі орталықтан жылыту жүйесіне қосылған, 12-сі аудандық қазандықтан, 15-і автономды қазандықтан, 21-і пешпен жылытылады (апатты ескі үйлер).
Осы жылыту маусымында орталықтан жылыту жүйесіне 1672 пәтер, 18 үй, 5000-ға жуық тұрғын (Қорғалжын тас жолы, 8/1, 8/2, 31, 31/1, 31а үйлері, «Саранда» ТК) қосылды.
Тұрғын үйлерге 95 ұйым (ПИК, БК, ЖК, ЖШС) қызмет көрсетеді. Аудандағы апаттық жағдайға жылдам әрекет ету мақсатында 2 апаттық-диспетчерлік қызмет жұмыс істейді.
2017 жылы қызмет көрсетуші ұйымдардың күшімен, мақсатты қаражат есебінен 170 млн теңге сомасына жөндеу жұмыстары жүргізілді.
«109 кезекші қызметі» ММ-нің ақпаратына сай, өткен жылы Есіл ауданы бойынша 4916 жарық пен судың жоқтығы, пәтердегі жылу, сумен қамтамасыз ету жүйелерінің бұзылуы, жылу параметрлері төмендігі, істен шыққан жеделсатылар, ашық құдықтар, заңсыз жиналған қар, бос жүрген иттер және т.б. өтініштер келіп түсті. Барлық түскен өтініштер жедел қарастырылып, орындалды.
Ауданда кондоминиумды тіркеу жұмыстары белсенді жүргізілуде. Осылайша, тіркелуге жататын 418 көп пәтерлі ТК-ден аудандағы 373 үйде кондоминиум тіркелді, 45 үй тіркеуді қажет етеді. Өткен жылда 73 үйде кондоминиум тіркелді. Аталған құжатты тіркеу ПИК жұмысының ашықтығына әкеледі. Осылайша, тұрғындар пәтер меншік иелерінен басқару органын таңдап, ортақ мүлікті басқара алады. Осыған байланысты, аудан тұрғындарын аталған бағыттағы жұмыстарға белсенді қатысуын сұраймыз.
Жаңа көп пәтерлі тұрғын үй кешендерін пайдалануға берілуіне байланысты жеделсаты қондыр­ғыларының саны да артып келеді. Ауданда 3540 жеделсаты қондыр­ғыларына қызмет көрсететін 46 ұйым бар.
Урбанистика орталығымен бірге пошта индексі және QR коды бар мекенжай тақтайшаларының дизайны әзірленді. Қабанбай батыр, Тұран, Мәңгілік Ел, Ұлы дала даңғылдары, Сарайшық, Сығанақ, Т.Рысқұлов, Достық, Д.Қонаев көшелері, «Шұбар», «Заречный», «Ильинканың шығысы» тұрғын алаптарында 600 дана (соның ішінде жарықдиодты – 449, жай – 151) ақпараттық тақтайшалар орнатылды.

АПАТТЫ ЕСКІ ҮЙЛЕРДІ БҰЗУ

«Апатты үйлерді бұзу» пилоттық жобасын жүзеге асыру аясында ағымдағы жылда келесі мекенжайда 15 үйді бұзу жоспарлануда:
– «Заречный» т.а.: 4 үй, 54 пәтер;
– «Пригородный» т.а.: 10 үй, 152 пәтер;
– «Газовая аппаратура» зауытының ауданында: 1 үй, 8 пәтер.
Аталған үйдің тұрғындары Астана қаласының сол жағалауындағы жаңа тұрғын үйлерге көшіріледі. Осылайша, 223 пәтерде тұратын 816 тұрғынның үй мәселесі шешіліп, жақсаратын болады. Бұл жобаның сәтті жүзеге асып жатқанын растайды.

БІЛІМ

Қазіргі уақытта ауданда 23 мемлекеттік балабақша (6094 баламен қамтылған), 37 жеке балабақша (3224 баламен қамтылған), 7 шағын-орталық, ҚР Президенті Іс Басқармасының 2 балабақшасы, «Назарбаев зияткерлік мектебі» АҚ жанындағы 1 балабақша, 21 мектеп (24729 оқушылармен қамтылған), 1 колледж, 5 жоғары оқу орындары орналасқан.
2017 жылы тағам, жеңіл және мұнай химиялық өнеркәсіп салаларында бәсекеге қабілетті кадрларды дайындауға мамандандырылған Қазақстандағы оқу орындарының бірі – Қазақ технология және бизнес университеті пайдалануға берілді.
Ағымдағы жылы №24 орта мектебінде қосымша құрылыстың салынуы жоспарлануда. Аудан кәсіпкерлерінің, ұйым басшыларының көмегімен «Мектепке жол» қайырымдылық нау­қаны аз қамтылған және көп балалы отбасылар, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға жаңа оқу жылына да­йындыққа көмек көрсетілді. Осылайша, 25-тен астам ұйым 270 балаға көмек көрсетті.

ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ

Бүгінгі таңда ауданда 20 медициналық мекеме, оның ішінде 6 инновациялық медициналық орталық жұмыс істеуде.
Аудан тұрғындары №1 перинаталдық орталық ғимаратындағы «Шипагер» отбасылық денсаулық орталығында және ШЖҚ «№9 қалалық емхана» МКК-да тексеріледі.
«Пригородный» тұрғын алабында «Шипагер» отбасылық денсаулық орталығының медициналық бөлімі жұмыс істеуде. Сонымен қатар, 2018 жылы тұрғын алапта медициналық орталықтың ашылуы жоспарлануда. Аталмыш орталыққа «Елорда даму» ЖШС орын ұсынатын болады.
«Ильинканың шығысы» т.а. тұрғындары ШЖҚ «№12 қалалық емхана» МКК-да қаралады.

ӘЛЕУМЕТТІК САЛА

Аудан әкімдігінің негізгі жұмыс бағытының бірі халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз тобына көмек көрсету болып табылады.
Есіл ауданы әкімі аппаратының жанында қиын жағдайда қалған азаматтарға әлеуметтік көмек көрсету үшін және де Семей ядролық сынақ полигонында ядролық сынақтардан зардап шеккен азаматтарды тіркеу және есепке алу комиссиясы құрылды. Осылайша, 2017 жылдың 11 айында 74 азаматқа біржолғы төлем қаралып, тағайындалды. Жеңілдік және өтемақы құқығын растайтын 77 куәлік берілді.
Мемлекеттік қызмет көрсету барысында 2017 жылдың басынан 251 адам (54 отбасы) 5,4 млн теңге сомасында атаулы әлеуметтік көмек, 18 жасқа дейінгі 403 бала (125 отбасы) 5,8 млн теңге сомасында мемлекеттік жәрдемақы, 159 отбасы 2 млн теңге сомасында тұрғын үй көмегін алды. Мүгедек балаларды оқытуға жұмсалған шығындарды өтеу көмегін 23 адам 1,8 млн теңге сомасында алды.
Қатты отынды сатып алуға 20 тұрғынға 363 мың теңге мөлшерінде өтемақы төленді. Тісті протездеу үшін әлеуметтік төлемді 233 адам жалпы сомасы 8,2 млн теңге мөлшерінде алды. Астана қаласының жоғары оқу орындарында оқу ақысын төлеу үшін жалпы білім беретін мектептер түлектеріне тағайындалатын әлеуметтік көмекті 13 адам алды. Өмірдің қиын жағдайына тап болған 11 адамға әлеуметтік көмек көрсетілді.
Сонымен қатар, мерекелік және атаулы күндерде республикалық бюджеттен 13071 адамға сомасы 65,3 млн теңге болатын біржолғы әлеуметтік материалдық көмек көрсетілді.
2017 жылы 30 көп балалы ана «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегері атанды.
Ауданда аға буынға ерекше көңіл бөлінуде. Аудандық Ардагерлер кеңесінің есебінде 16940 зейнеткер бар. Олар ауданның 100 алғашқы ардагерлер ұйымдарында тіркелген.
Ауданда Ұлы Отан соғысының 8 қатысушысы, 264 тыл еңбеккерлері тұрады.
Аудан әкімдігі халықтың жоғарыда көрсетілген әлеуметтік тобымен жұмыс істейтін қоғамдық бірлестіктермен іс-шаралар, қайырымдылық науқандарын, ақпараттық күндерді өткізу бастамалары әрқашан қолдау табады.
Құрбан айт мерекесі кезінде Есіл ауданы әкімінің аппараты және «Нұр Астана» мешітінің әкімшілігімен ауданның аз қамтылған және көп балалы отбасыларына, жетімдерге, мүгедектерге және зейнеткерлерге ет таратылды.
Мүгедектердің кедергісіз жүріп-тұруына жағдай жасау мақсатында Есіл ауданы әкімі аппаратының жұмыс тобымен бірге мүгедектерге арналған қолжетімді ортаның сақталуы тұрғысынан қолданыстағы ғимараттарға жыл сайын кезең-кезеңмен түгендеу (паспорттау) жұмыстарын жүргізеді. Есептік кезеңде барлығы 186 нысан, соның ішінде 148 шағын және орта бизнес субъектілері түгенделді.

КӘСІПКЕРЛІК

Ауданның экономикалық дамуында шағын және орта бизнестің дамуына баса назар аударылады.
2017 жылдың 1 желтоқсандағы жағдай бойынша Есіл ауданының Мемлекеттік кіріс басқармасында 22145 кәсіпкерлік субъектілер, оның ішінде 11644 заңды тұлғалар, 10501 жеке кәсіпкерлер тіркелді.
Жергілікті бюджетке түсетін салықтың сомасы 100,8 млн теңгені құрды.
Аудан аумағында 3000 нөмірден тұратын 49 мейманхана кешендері қызмет етеді. «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін өткізу қарсаңында ауданда 6 жаңа үлкен мейманхана кешендері («Hilton Garden Inn Astana», «Wyndham Garden Astana», «The Ritz Carlton», «The St.Regis Astana», «Best Western Plus Astana», «Union Plaza») ашылды.
«Astana» ӘКК» ҰК» АҚ-мен «Көше саудасына арналған 1000 орын» бағдарламасы шеңберінде Есіл ауданында көше саудасын жүргізу үшін кәсіпкерлермен 105 келісімшартқа қол қойылды. Қазір ауданда 23 павильон орнатылып, 66 маусымдық сауда орындары қызмет етеді.
Тұрғындарды қолжетімді бағамен және сапалы тағам өнімдерімен қамтамасыз ету үшін Есіл ауданы әкімдігінің автотұрағының аумағында Целиноград ауданының тауар өндірушілерінің ауылшаруашылық жәрмеңкесі ашылды. Осылайша, 2017 жылдың қараша айынан бастап демалыс күндері ауылшаруашылық жәрмеңке өтеді.

АҚПАРАТТЫҚ-НАСИХАТ ЖҰМЫСЫ

«Рухани жаңғыру» ұлттық бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында ауданның ақпараттық-насихат топтары халық және еңбек ұжымдарымен үлкен жұмыстар атқарып келеді. 2017 жылы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Президент Жолдауының басты бағыттарын және Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын талқылау мақсатында және республикалық, қалалық деңгейдегі іс-шараларды қосқанда 3977 адамды қамтыған 52 кездесу өткізілді.
Сонымен қатар, «Нұрлы жер» бағдарламасын түсіндіру және атаулы әлеуметтік көмектің жаңа форматын енгізу бойынша 4 кездесу, халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру және зейнетақы қорының қызметтерін ұсыну мақсатында 5 кездесу өтті.

МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ СПОРТ

Есептік мерзім аясында Есіл ауданы әкімінің аппараты Астана қаласы әкімдігінің спорттық шаралары өткізу дирекциясымен бірге 1300 адам қатысқан 12 спорттық іс-шаралар өткізді.
2017 жылдың желтоқсан айында халықтың демалуын қамтамасыз ету үшін «Керуен» СОО, «Пригородный» т.а., №24, 45, 69, 71, 76 мектептерінің аумағында 7 мұз айдыны іске қосылды.
Ауданның мәдениет және спорт нысандарымен қамтамасыз етілу – жоғарғы деңгейде. Бүгінде қызмет ететін 23 мекеменің 9-ы – спорттық кешендер.
Жыл барысында мемлекеттік және кәсіптік мерекелерге орай мәдени және спорттық іс-шаралар өткізілді.
«ЭКСПО-2017» көрмесін өткізу кезінде 2 шығармашылық жоба сәтті жүзеге асты. «Қолөнершілер аллеясы» – «Ғашықтар» саябағындағы шеберлер қауымдастығымен біріккен қолөнер туындыларының жәрмеңкесі және «Work in progress Astana» – тәжірибелік қоғамдық кеңістігі, Урбанистика орталығы және Astana Art Fest-пен біріге отырып, қала бірлестіктері, белсенділері және қарапайым азаматтарды біріктіру орнын құрды.
Ауданның аула клубтарында 400-ден аса бала қатысады (Сау­ран көшесі, 12/1, «Есіл» клубы; Сығанақ көшесі, 18/1, «Уют» ТК, «Арлан-ТКD» клубы; Е-319/2 көшесі, «Family Town» ТК, «Family» аула клубы). Үйірмелер мен секциялар тегін және ақылы түрде жүргізіледі.

ДІНИ ЖӘНЕ ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІКТЕР ЖҰМЫСЫ

Ауданда 4 діни бірлестік қызмет етеді. 50-ден аса үкіметтік емес және 3 этномәдени ұйым, 4 саяси партия жұмыс істейді.
2017 жылы діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу мақсатында 600 адамға жуық қатысқан 9 кездесу өткізілді. Кездесулерге ақпараттық-насихат тобының мүшелері, Астана қаласы әкімдігінің дін проблемаларын зерттеу орталығының, аудандық мемлекеттік құрылымдардың өкілдері қатысты. Іс-шаралар ПИК, сауда-ойын-сауық орталығының, бизнес-орталықтарының, мейманхана, мейрамхана қызметкерлеріне, мектеп және колледж оқушыларына, еңбек ұжымдарына арнап өткізілді.
Есіл ауданында жергілікті өзін-өзі басқару аумақтық кеңесі қызмет етеді.
2018 жылы аумақтық кеңесті 5 шағын аудандары: «Центр», «Жағалау», «Үркер», «Пригородный», «Заречный» кеңестеріне бөлу жоспарланды. Онда санитарлық жағдай, абаттандыру, қоғамдық қауіпсіздік мәселелері және басқа да сұрақтар талқыланатын болады.

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ

Есіл ауданы әкімінің аппаратымен 10 түрлі мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Туу, қайтыс болу, неке қию, әке болуды анықтау, бала асырап алу, атын, әкесінің атын және тегін ауыстыру туралы куәлік беру, азаматтық хал актілерін тіркеу туралы қайталама куәліктер, спорттық разрядтар мен біліктілік санаттарын иелену туралы анықтамалар беріледі. Өткен есептік кезеңде 14861 қызмет көрсетілді. Яғни 2016 жылмен салыстырғанда 28 пайызға өскенін байқауға болады.

ҚОҒАМДЫҚ ҚАУІПСІЗДІК – БІРІНШІ ОРЫНДА

Есептік кезеңде Есіл ауданында 4060 (2016 жылы – 6245) қылмыс орын алды. Соның 400-і (2016 жы­лы – 774) – ауыр және аса ауыр қыл­мыс­тар. 2016 жылмен салыс­тыр­ғанда қылмыс 35 пайызға төмендеп, қылмысты әшкерелеу 13,8 пайызға ұлғайғанын атап өткен жөн.
Аталған қызмет жергілікті қоғамдастықпен тығыз байланыста бірлесіп, ұсақ құқық бұзушылықтарға төзімсіздік тәртібін қамтамасыз етеді.
Жергілікті полиция қызметінің басшыларына жылына бір рет халық алдында есеп беру енгізілді. Осыған орай, учаскелік инспекторлар халық алдында 112 кездесу өткізді.
Сонымен қатар, жергілікті полиция қызметкерлері күнделікті ПИК, Ардагерлер кеңесі және басқа да қоғамдық ұйымдардың өкілдерімен тығыз жұмыс атқаруда.
2017 жылдың мамыр айында тұрғын алап тұрғындарының жыл сайынғы өтініші ескеріліп, демеушілер қаражаты есебінен «Үркер» т.а., Ақтамберді жырау көшесі, 9 мекенжайында орналасқан полиция бөлімі ашылды. Жөндеу жұмыстары жүргізіліп, кеңсе жиһазы мен ұйымдастыру техникасы сатып алынды.

ӘРДАЙЫМ БАЙЛАНЫСТА

Тұрғындармен кері байланыс орнату және Есіл ауданы әкімі аппаратының жұмысы мен іс-шаралардың өткізілуі жөнінде ақпарат тарату мақсатында www.esil.astana.kz ресми интернет ресурсы, Facebook (@esilakimat) және Instagram (@esilakimat) әлеуметтік желілерінде ресми парақшалары бар. Сонымен қатар, +77025210979 телефон нөмірінде тіркелген WhatsApp қосымшасы іске қосылды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды