«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Ешкі сүті – ем

1 215

Елордада тұрып-ақ мал шаруашылығынан нәпақа тауып отырғандар жоқ емес. Солардың бірі – ешкі шаруашылығымен айналысатын жеке кәсіпкер Болат Қасенов.

Оның бұл кәсіппен айналысып жүргеніне жеті жылдан асыпты. Әзірге шаруа адамының қорасындағы Сексек ата түлігінің саны 30-ға жуық болса, оның он шақтысы – лақтар. Бұлардың жартысы ет бағытындағы қазақы тұқым болса, қалғаны – швейцариялық асылтұқымды сүтті ешкілер. Күніне кем дегенде 10-15 литрлік ыдыс сүтке толатын көрінеді. Ал нарықтағы бір литр ешкі сүтінің бағасы – 800, 1000 теңге.
– Сүтті дүкендерге, базарға апарып әуре болмаймыз. Күнделікті тұрақты тұтынушыларымыз бен көршілеріміз сатып алады. Қалғанын өзіміз ішеміз. Шынын айтқанда, содан артылмайды да. Дегенмен сұраныс жоқ емес. Сондықтан алдағы уақытта шаруашылығымызды кеңейтсек деп жоспарлап отырмыз. Бірақ ол үшін жеке жер алып, қора салмасақ, үй­дегі 20 сотық жер тарлық ете­ді, – деген Болат Қасенов мал ша­руашылығы әкесінен мирас болып қалған кәсіп екенін айтады. – Марқұм әкеміз ежелден мал бақты. Мен бала күнімнен әкеме көмектестім. Ата кәсіптің тізгінін ұстауға сол кезден аңсарым ауды. Жалпы, үйде бес ағайындымыз. Әпкем мен іні-қарындастарымыз – бәріміз осы үйде (Лесозавод ықшам ауданы – ред.) туып-өстік. Қазір олар түрлі салада қызметте, қалада тұрады. Мен қарашаңырақтың түтінін өшірмей, осында қалуды жөн көрдім. Қазір үш балам бар. Алды оқушы. Өзімнің негізгі мамандығым – технолог. Бірақ жеті жылдан бері ешқандай жерде жұмыс істемеймін. Бар жұмысым – осы шағын ша­руашылығым. Осымен отбасымды асырап отырмын. Ешкілерден бөлек екі сиырым мен 4-5 жылқым бар.
Күнделікті өріске шығып, шөпті жерден жұлып жемей, қорада қамаулы тұрған малдың күтімі, әлбетте, оңай емес. Еңбек адамының айтуынша, қаланың ішінде орын тар болғандықтан, қала сыртындағы жайы­лымға тек анда-санда ғана шығаруға мүмкіндік болады екен.
– Ешкінің сүті ғана емес, еті де диета­лық тағам ғой. Онымен қоса, тоқыса, жүні де – жылы киім. Бірақ төрт түліктің бұл түрі мәпелеп ұстамасаң, әсіре талғампаз. Жазда ыстыққа, қыста суыққа шыдамсыз. Алдындағы кез келген жем-шөпті де талғамай жей бермейді. Сондықтан жусан сияқты бірқатар таңдаулы шөптің түрлері мен сұлыны үзбей әкеліп отырамыз. Қала сыртында шағын шабындығымыз бар. Қорада тұрғанда малдар қыс бойы 4-5 машина шөп, аптасына 10 қап жем жейді. Жақсы күтімнің нәтижесінде ешкі малы жылына екі рет төлдейді. Соның арқасында жыл он екі ай сүті дастарқанымыздан әсте үзілген емес. Әзірге шаруашылықта бір адам ғана жұмыс істеп жүр. Сабақтан тыс уақытта балаларым да көмектеседі. Келешекте мемлекеттік бағдарлама арқылы кәсібімізді кеңейтсек, бірнеше адамды жұмыспен қамтысақ деген ойымыз бар, – дейді ол.
Ғалымдардың пайымдауынша, ешкі сүтінің құрамында адам ағзасына пайдалы дәрумендер өте көп. Мысалы, онда кальций, магний, фосфор, марганец, мыс, А, В, С және Д дәрумендері, аскорбин қышқылы бар. Онымен қоса биологиялық құндылығы мол, емдік қасиеті ерекше тағамның асқазан ауруларын, анемия, көздің нашар көруін, диатез сияқты дерттерге шипа екенін айтады мамандар. Швейцарияның таулық шипажайларында туберкулез, анемия мен рахит ауруына шалдыққандарды ешкі сүтімен әу бастан-ақ емдеген деседі. Өйткені ешкі малына туберкулез бен бруцеллез және сиырда кездесетін басқа да аурулар дарымайтын көрінеді. Канадалық дәрігерлердің мәліметінше, ешкі сүті тері мен буын ауруына да шалдыққандардың сауығуына жақсы әсер етіп, сол сияқты өтке тас жиналу мен фибромиома, балалар эпилепсиясын емдеуде де пайдасы зор. Жалпы, педиатрлардың басым көпшілігі ешкі сүтіне ерекше ықылас білдіруде. Себебі мұны 6 айдан асқан балалар тұтынса, іш өтуден сақтайды екен.

 

  1. Айгүл :

    Пайдалы дүние жазылған. Рақмет. Расымен ешкі сүтінің пайдасы көп, ем.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды