«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Есепке жүйрік министр ескерер деп отырмыз

5 50

«Астана ақшамы» білім саласындағы берекесіздікті бірнеше мәрте жазды. Өкінішке қарай, еліміздің бас мұғалімінің назарына ұсынған мәселелерімізге мардымды жауап ала алмадық. Тағы да сұраймыз, қазақ мектептеріне деген қамқорсыздық қашанға дейін жалғасуы мүмкін? Онсыз да қоғамымызда қазақ мектептерінің беделі төмен, баласының ертеңіне елеңдейтін ата-ана қазақ мектебінің біліміне сенбейді. Сенетіндер – қолы қысқалар мен сондай  биікке шығуға жолы қысқалар. Сенбесеңіз, кез келген қалталының баласы қайда оқып жүргенін қарап көріңіз. Жә, әңгіме ол туралы емес. Әңгіме осындай идеологиямызға иланып, баласының болашағынан үміт күтіп жүрген қарапайым халықтың қалтасын қағушылар жайында болмақ.

МЕКТЕП ОЛҚЫ БОЛМАСА, ОРТАЛЫҚТА НЕСІ БАР?

Бүгінде «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» дегенді ұраны етіп ұстанған белгілі бір топ пайда болды. Бұл топтың өкілдері баланы мектепке дайындайды, үй тапсырмасын орындатады, сабағына көмектеседі, тіл үйретеді, олимпиада ұйымдастырып, білімдерін сынатып, мақтау қағаздарын береді… Тек, мұның бәрі ақылы! Бір сыныпқа әрең сыйып отырған 40 баланың ішінде өзінің баласына көңілдің қалай бөлінетінін білетін ата-ана баласын осындай ақылы орталықтарға амалсыз апарып жүр. Ақысы 30-50 мың тұратын мұндай оқыту орталықтарында да орын тапшы екен. Демек, «балам үшін» дейтін ата-ана аянып қалып жатқан жоқ. Тапқан-таянғанын санап берсе де көштен қалып қоймаудың қамын жасау­да. Бұл да бүгінгі білім жүйесінің бағытын айқындап беріп отыр емес пе? Балаға орын жеткілікті болса, бір сыныпта 20 баладан артық отырмаса, бастауыш сыныптың мұғалімдерінің біліктілігі талапқа сай болса… ата-ана аузындағысын жырып беріп несі бар?! Орталықтың көбейгені мектептердің олқылығынан болып отыр демеске амалың да қалмайды.

АҚЫЛЫ ОЛИМПИАДАЛАРДЫ КІМДЕР ӨТКІЗЕДІ?

Кезінде Асқар Жұмаділдаев халықаралық оқушылар олимпиадаларында орын алып жүрген ат төбеліндей ғана балалардың барын айтқан болатын. Сол 20-30 оқушылардың жартысы бұрынғы қазақ-түрік лицейі­нің, бүгінгі білім-инновация лицейлерінің оқушылары. Қалғандары – қарапайым мектептеріміздің білім алушылары. Ал одан қалғандары ше? Олар қандай жарыстарда бақтарын сынайды? Ара-тұра өткізілетін, мемлекеттің бюджетінен қарастырылған тегін олимпиадаларды айтпағанда, мұндай оқушыларымыз үшін де түрлі жарыстар жиі ұйымдастырылып тұрады. Тек олардың тегін өтпейтіні өкінішті.
Астанада отырып алып, сонау еліміздің түкпір-
түкпіріндегі барлық мектептерге хат жіберіп, ондағы оқушыларды да, оқытушыларды да әбігерге салатын бұл қандай олимпиадалар? Бақсақ, мұның астарында талай құйтырқылық жатыр екен. Ол былай. Ақша тапқысы келген адам өзіне жеке сайт ашып алады. Осы сайты арқылы оқушылар арасындағы олимпиада, конкурс, байқауларды еркін ұйымдас­тыра алады. Ақылы, әрине. Мәселен, мына бір «tarim.kz» сайтындағы кез келген конкурсқа қатысу құны 1500 теңге тұрады. Ал IQ – интеллектуалды білім порталының республикалық оқушылар байқауының жарнасы – 500 теңге. Міне, осылай тізсек кете береді, кете береді… Барлығының талаптары да бір. Қатыстырған оқушы саны ең көп мұғалімге арнайы сыйлық бар. Мұның астарынан оқушының сапасы емес, жинайтын жарнасы маңызды болып тұрғаны көрініп тұр.

ЛОГИКАҒА СЫЙМАЙТЫН САЙЫС

Қала бойынша өткізілгелі отырған «Зерделі тұлға» олимпиадасын алайық. Қалалық №9 «Зерде» мектебімен бірігіп ұйымдас­тырып отырған «Зерделі тұлға» оқу әдістемелік орталығы бұл сайыста бақтарын сы­найтын әрбір оқушыдан екі кезең үшін 1000 теңгеден алуда. Біздің түсінігімізде олимпиада деген сыныптың ішіндегі оқу озаттарын үкілеп қосатын дода болатын. Жоқ, бұл жарысқа мың теңгесін төлей алатын кез келген бала қатыса алады екен. Бір сыныптың 30 баласы қатысса да шектеу жоқ. Кем дегенде мың бала қатысатын бұл олимпиаданың қаржысы қайда кетеді? Белгіленген үш орынға құны осынша тұратын сыйлық беріле ме? Мұны неге қалалық Білім басқармасы бақылауында ұстамайды? Сайысты ұйымдастырушы Тердікбай Күшайдың айтуынша, бұл олимпиаданың өтуіне басқарманың рұқсаты берілген. Бұған қоса, олимпиадаға қатысамын деп жарнасын төлеп, тіркелуге келген ата-анаға жоба авторының логикалық есептер жинақтары сатылды. Оның құны 1200 теңгеден басталады. Сапасы сын көтермейтін оқулықтарды сайыс өткізу арқылы ашық саудаға салған бұл шараның да түпкі мақсаты түсінікті болып тұр.

БҰЛ ЖАҢҒЫРУ ҚАЙ ЖАҢҒЫРУ?

Сірә, мұндай «пысық­тарға» дауа жоқ екен. Жа­қында ғана «Bilim-orkenietу» ұлттық инновациялық-ғылыми орталығының ұйымдастыруымен «Үздік ғылыми жоба» рес­­публикалық байқауы жа­рияланды. «Рухани жаң­ғыруды» алдына салып, қатысу жарнасын 40 000 теңгеге жеткізген бұл байқау қандай ғылым ашуға бет алды екен? Атағы дардай орталық болып көрініп, оны рухани жаңғырумен байланыстырып, жарнамасын жақсылап жасап, елімізге таратып жатқасын бұған кім қызықпасын? Жетістіктерін жинап жүретін ұстаздар бұған қалай ұмсынбасын? Сондай деймін-ау, бір жас маманның жалақысымен пара-пар ақшаны алып, оны қайда құймақшы?
Сауалымызды ұйымдас­тырушыларға қойғанымызда, жөні түзу жауап ала алмадық. «Болды. Біз жеке қор едік. Министрлікке тіркеуге тұрып алайық, сосын өткіземіз. Енді өткізбейтін болдық. Жазбаңыздар» деді де, телефонның тұтқасын қоя салды белгісіз жауап берушіміз. Содан кейін тұтқаны алмай қойды. Дың.. дың…
Өздері министрліктің ішінде отырған ұйымдас­тырушылардың бұл жұмысынан министр неге хабарсыз? Бәлкім, онсыз да дайын ғылыми жұмыс­тарды сатумен айналысатын біздің қоғамда жарыс­тардың осылай өту үлгісі таңсық емес те шығар?!

 P.S: Білім және ғылым министрлігі мұндай білім додаларының өтіп жататынынан хабары болмауы да мүмкін. Соны пайдаланған белгілі бір «пысықтар» білім саласымен «біте қайнасып» кетті. «Қазақ мектептеріне бәрі де бола береді» деген немқұрайлылық бәзбіреулердің қалтасын қампайтып жатыр. Олардың бәрі бала жүрген жерде ата-ананың ақшаны аямайтынын біліп алған. «Ауылдағының аузы сасық» деп қарайтын мұндай «алаяқтарға» министрліктің бір тоқтауы неге болмайды?
Білім мен біліктіліктің деңгейін бір жапырақ қағазбен өлшейтін жүйе тоқтамайынша, біздегі білімнің жайы еш өзгермейтіні ақиқат. Қаладағысы да, даладағысы да «олимпиада» деп аузын ашып, көзін жұма сенетін сайыстарының сыры қашан ашылмақ?

Гүлжан РАХМАН

  1. Ербол :

    Сәлем, Гүлжан. Нағыз өзекті проблеманы жазыпсың ғой. Расында да мектепке бұл проблема еніп барады. Оны тезірек қооға алу керек. Баланы платный олимпиада қатыстырған деген не сұмдық?

  2. Ербол :

    Салем Гулжан. Өзекті мәселені көтеріпсің. Шынында да платный олимпиада мектептерге еніп бара жатыр. Бұған тоқтау болуы керек. Мәселені дұрыс қойыпсың. Енді бұдан нәтиже болса екен

  3. Сәуле :

    Бұған рұқсат беріп отырған Білім басқармалы мен директордаң өзі ғой. Мұғалімдер солардың тапсырмаларын орындаушы. Бір қағаз болса болды оларға)))

  4. Алмагүл :

    Олимпиада балалар үшін өте пайдалы. Бірақ осы сіздер жазып отырған деңгейдегідей олимпиадалардың көк тиынға да қажеті жоқ. Өзім ұзақ жылдан бері осы білім саласында еңбек етемін. Бұрын олимпиада деген әр сыныптан іріктелген, одан әр мектептен үкіленген, одан ауданнан шығып, одан облыстан өтетін үздіктердің арасында ғана жүретін еді. Қазір кімнің ақшасы бар солар кез келген жарысқа қатысатын болып кетті. Шыны керек, жүлделі орындардың сатылып жататын жағдайы да аз емес. Бұл енді ел арасындағы білімге деген көзқарасты әбден бұзып біткен көрініс болып отыр. Қазір ешкім балам жарысқа барып орын алып келді дегенге онша сенбейді. Сатып алған шығар деп ернін сылп еткізе салады. Сондықтан адамдарға сондай ойды қалыптастырып, ел арасында тайраңдап, оыйна келгенді жасап жүрген мұндай ақша табуды көздегендерге жазған мақалаларыңыз маған ұнады. Ардагер ұстаз ретінде менің бүгінгі білім жүйесінің осылай майдаланып кеткеніне жүрегім ауырып отырады. Білім осындай хал кешсе басқамызға не болады. Менің осыған жаным ауырады. Айналайындар, жұмыстарыңыз жандана берсін. Журналист болмасак та, ұстаз болмаса та, бұндай мәселеге әірбір балалы отбасы басын ауыртса артық емес деп ойлаймын.

  5. Asia :

    Мектептер аз, оған бала сыймай жаста да мұғалім кінәлі заман. Мұғалімге құрмет жоқ заман. Мұндай олипиадаларға қатысуға нұсақау бізге мектеп басшылығынан келеді. Сіздер бізді де соған кінәлайсыздар. Балаға сөйлеп қойсақ та жаманбыз, балаларымыз сабаққа келмей қалса да біз кінәліміз. Бәріне тек мұғалімді жаман қып көрсетудің қажеті жоқ. Біз бар білген тергенімізді балаларға береміз деп жүрген еңбеккерлерміз. Түсініңіздер осыны…

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды