«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Есенқұлдың ескі домбырасы

Жақсыдан қалған жәдігер

0 49

Ұлттық музейдің төрінде айтулы ақын, суырып салма өнердің дүлдүлі Есенқұл Жақыпбековтің домбырасы тұр.

Бұл жәдігерді мұражайға былтыр Алматы облысында Ұлттық музейге сый тарту шарасы аясында ақынның жары Меңсұлу Нағашыбекова тапсырған.
Ақындар мен батырлар елінде туған талантты тұлға алдымен халыққа айтыскерлігімен белгілі болды. «Менің даңқым айтыста қисық сөйлеп, жеңілумен шықты. Сөйте жүріп бір сөзім болса да елдің аузында қалды» деген ағамыз өткен ғасырдың сексенінші жылдардың басынан бастап ел ішінде ұмытыла бастаған айтыс өнерінің жандануына бір кісідей үлес қосты. Сол кездері республикалық деңгейде ұйымдастырылған айтыстарда Қонысбай Әбіл, Әселхан Қалыбекова, Әсия Беркенова секілді ақындармен сөз қа­ғыс­тырып, айтқыштығымен, тапқырлығымен танылды. Телевизиялық айтыстың тұңғыш жеңімпазы атанды. Қысқасы, Есенқұл ақын отыз жыл бойы сахнада осы домбырамен айтысып, дүйім елді қызыққа бөледі. Сондықтан елі ардақтаған асыл азаматтың қолының табы қалған жәдігер өте қадірлі.
Кейінірек ақын жазба поэзияға бет бұрып, қазақтың көркем сөз өнеріне жаңа леп, өзгеше өрнек әкелді. Шайыр­дың «Бастау», «Біз екеуміз», «Ағымнан жарыламын», «Жерге табын», «Жанқисса», «Есіл дүние-ай», «Біздің елдің жігіттері», «Бұл жаз да өтер», «Жетісу жырлайды», «Сарғайған сары терезе», «Тау басында кәрі қар», «Тазқара құстың тағдыры» секілді жарық көрген кітаптары оқырман жүрегінен жол тапты. Автордың екі жүзге жуық өлеңдеріне ән жазылған.
Түйіндей келгенде, көзі тірісінде қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің біріне айналған Есенқұл ағамыздың артында мол мұра қалды. Соның ішінде ақынның көзі ретінде домбырасы бас қаладағы ұлттық музейде сақталып тұрғаны көңілге жылылық ұялатты.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды