«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Есенберлин музейі

0 16

Халқымыздың сан ғасырлық көркем шежіресін жазған көрнекті жазушы Ілияс Есенберлин Атбасар қаласында өмірге келген. Осы шағын шаһарда әке-шешесінен ерте айырылған суреткердің балалық шағы өтті.

Қаламгер өз өмірбаяны туралы жазған дүниелерінде туған жерін сағынышпен еске алады. Бүгінде көркемсөз зергерінің туған үйі әлі күнге дейін сақталған, осы үйді әкесі Есенберлі інісі Жұппаймен 1895 жылы салыпты.
Ардақты азамат туған қаласында да ескерусіз қалмады. 1999 жылы Атбасарда Ілияс Есенберлиннің әдеби музейі ашылды. Биыл бұл мұражайға 20 жыл толып отыр. Музейдің ашылуына осы өңірдің аяулы перзенті, өлкетанушы Клара Әмірқызы көп еңбек сіңірді. Сондай-ақ мұражай ашылған жылы қаламгердің баласы Қозы Көрпеш пен інісі Раунақ жазушыға қатысты біраз жәдігерлерді мұражай қорына тапсырған.
Қазіргі күнде музей қорында 3000-ға жуық жәдігер бар. Оның негізін Есенберлиннің өмірі мен шығармашылығы және оның отбасы туралы фотосуреттер, кітаптар, сондай-ақ портреттер, қолжазбалар, мерейтойлық медальдар және жеке заттары қамтиды. Музей қорында қаламгердің жанды дауысы сақталған бейнежазбасы бар. Сонымен бірге «Мұхиттан өткен қайық» романының түпнұсқа қолжазбасы, қаламгердің жеке кітапханасы, оның ішінде әріптестерінің, замандастарының қолтаңбаларымен сыйлаған кітаптары, отбасымен және әріптестерімен түскен фотосуреттері сақталған. Және қаламгердің өмірі мен шығармашылығы туралы деректі фильмдер де жинақталған. Қозы Көрпеш Есенберлиннің әкесі туралы айтқан сұхбатын тыңдауға болады.
Мұражайдың екінші залында Ілияс атамыздың жеке кабинеті орналасқан. Онда сіз жазушының үстелін, қолданған шамын, қаламын және отыратын орындығын көресіз. Бұл бөлмеде қаламгердің төсек орны мен бас жағында домбырасы ілініп тұр. Сонымен қатар Дильфруза апай мұражайға әкесінің пальтосы мен бас киімін сыйлаған.
2015 жылы суреткердің 100 жылдық мерейтойы туған жерінде тойланып, шаһардың орталығында жазушының еңселі ескерткіші бой көтерді. Осы жылы әдеби музейге күрделі жөндеу жұмыстары жүріп, жаңа экспозициямен толықты. Былтыр Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдас­тыруымен өткен мәдениет және өнер саласындағы ұйымдар мен қызметкерлердің бірінші фестивалінде Ілияс Есенберлин мұражайы еліміздегі қала және аудандар арасында «Ең үздік музей» аталымы бойынша жеңімпаз болды.

Айжан Қамбатырова,
Л.Гумилев атындағы Еуразия
ұлттық университетінің студенті

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды