«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

«Ертісті» есінен тандырды

0 81

ҚПЛ-дың төртінші турында «Астана» сырт алаңда Павлодардың «Ертісін» 6:1 есебімен ойсырата ұтты.

Алдыңғы ойында «Ақжа­йық» ұпайдан айырған «Ертіс» бұл кездесуге жақсы-ақ да­йындалыпты. Басында қонақтардың қарқынына айтарлықтай қарсылық көрсетіп, Ненад Эричтің шеберлігін бір сынап көрді. Бірақ азулы «Астана» 42-минутта дегеніне жетті. Есеп ашқан Бақтияр Зайнутдиновтың бұл гол тынысын аша түсті.
Ойынның екінші жартысында «Ертісті» өз үйінде толықтай қонағы биледі. Сол Зайнутдинов 50-минутта есеп айырмасын екі голға жеткізді. Бұл есептің тағы үш еселенетінін бұрын осыншалық ірі есеппен жеңіліп көрмеген павлодарлықтар бағамдай да алмаған болар. Араға он минут уақыт салып, Зайнутдинов хет-трик жасады. Бақтиярдың бұлай бақытқа бөленуіне Роман Мұртазаевтың да үлесі болды. Екі рет нәтижелі пас шығарған оны 65-минутта Зайнутдинов қақпашымен бірге-бір шығарып берді. Мұртазаев болса мүлт кетпеді.
Ойынға ортасынан қосылған Юрий Перцух бесінші голды өз атына жазды. Бұл «Астананың» «Ертіс» жерінде салынған 20-сыншы гол болды. Осы тұста екі рет дәлме-дәл пас берген Марин Томасовтың да еңбегін атап өткен жөн. Кейін Мариннің өзі де құр кетпей, алтыншы голды салып кетті.
Есеңгіреген «Ертіс» матч соңына тақағанда жұбаныш голын салды. Бұл – «Астананың» Павлодар жеріндегі 16 матчтың ішінде 8-інші жеңісі. Қалған 8 ойынның үшеуінде тең есеп, бесеуінде «Ертістің» жеңісі тіркелген.
Елордалық команда келесі ойынын 14 сәуірде өз алаңында Алматының «Қайратына» қарсы өткізеді.

Орынбек ӨТЕМҰРАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды