«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Ертегітерапия елжандылыққа тәрбиелейді

0 45

Биыл ақын, аудармашы, филология ғылымдарының кандидаты Маржан Ершудың «Кітапхана педагогикасы: ертегітерапия» атты кітабы жарық көрді. Бұдан бұрын бірнеше ертегі жазып, ертегінің балаға әсерін зерттеген кітап авторымен жақында жаңа еңбегі жайлы сұхбаттастық.

– Маржан, бір сұхбатыңызда ертегі жанрына келуіңізге ініңіз Нұрсұлтанның бірауыз сөзі себеп болғанын айт­қан едіңіз. Енді тереңдеп, бұл жанрдың ғылыми жағына барып отырсыз. Ертегі мен ертегітерапияның айырмашылығы, бірінің екіншісінен ерекшелігі қандай?
– Баланың ақылы мен жүрегіне кітап арқылы, әсіресе, ертегі арқылы жарық сәуле түседі. Ертегі бала жанын қозғаушы сиқыр­лы кілт тәрізді. Мәселен, фантастикалық образға толы көрініс қиялының дамуына әсер етсе, мәнерлі айтылған метафора ойлауы мен әдемі сөйлеуіне ықпалын тигізеді. «Жан тұрмысы өркендеу үшін, яғни ойы, ақылы кеңейіп, құлқы түзеліп, тілі баю үшін жас балаға ертегі тым қымбат нәрсе» деп Мағжан Жұмабаев айтқандай, ертегінің бала тәрбиесінде алар орны ерекше. Бүгін де, ертең де. Өйткені бала – қай заманда да бала.
Ертегілер балаға батылдық пен күш береді. Эмоциясын да шығара алады. Ертегі – халық педагогикасының қуатты тәрбиелік құралы. Ертегілерде ақыл-ой тәрбиесі ғана емес, адамгершілік, эстетикалық дене тәрбиесі, отансүйгіштік және еңбек тәрбиесі қатар жүреді.
Ертегітерапия сол тәрбие арқылы баланы жөнге салу, көзқарасын бағдарлау және ішкі әлемінен хабардар болу тәсілі. Әдебиет, сөз өнері, психология, педагогика, психотерапия, тарих, логика, мәдениеттану мен философияның жинақталған синтезі. Ертегітерапия – халық ауыз әдебиеті үлгілерімен үндесіп, фантастикамен байытылған шығармашылық әдіс, жан-жақты білім беру мен тәрбиелеу үрдісінің озық үлгісі. Бүгінде ертегітерапия Батыс елдерінде, Ресей мектептерінің іс-тәжірибелерінде методикалық әрі шығармашылық әдіс ретінде кеңінен қолданылуда.
– Мен дұрыс түсінсем, ертегітерапия баланың ертегі оқу арқылы алған ақпаратын бойына сіңдіру ме сонда?
– Ертегітерапия – адамның ақыл-ой байлығын жүзеге асыру тәсілі. Тиісінше қамтитын аудиториясы да ауқымды. Оны тек балаларға арналған деп қарастырмаған жөн. Ертегілерді көптеген атақты психологтар мен педагогтар, психотерапевтер өз зерттеу еңбектерінде қолданып, ертегітерапия­лық сабақтар барысында балада уақыт пен кеңістік жайлы, табиғат пен адамның байланысы туралы алғашқы түсініктер қалыптасады. Ертегідегі оқиғалар бала санасына көшеді. Қиял-ғажайып оқиғалар немесе мейірімділік пен қатыгездік, жақсылық пен жамандық туралы сөз болғанда, ол ең алдымен баланың жүрегінен өтеді. Бала айналаны ақылымен емес, жүрегімен таниды. Жақсы мен жаман кейіп­кердің арақатынасы арқылы баланың өзіндік көзқарасы қалыптасады.
– Ертегітерапия сонда санаға әсер ету ғылымы ма?
– Ертегітерапия – психотерапияның құрамдас бөлігі. Батыстың дәрігерлері ертегітерапияның бала денсаулығына пайдалы әсері барын жазуда. Бұл біздің халық үшін жаңалық емес. Қазақ баласының дүниетанымы ертегімен жетіледі. Бұл – ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан халықтық үрдіс, халықтық дәстүр.
Бауыржан Момышұлының «Ертегі айта алмаған ата мен әжеден қорқамын» деп уайым қылғаны бекер емес. Ертегінің мағынасын түсінген балаға болашақта сөз қадірін ұғу, әдемі шешен сөйлей білу, көркем ойлау қасиеті даритыны сөзсіз. Сондықтан тәрбие ісінде ертегітерапияның маңызы зор.
Еуропаның атақты психолог-психотерапевтері, педагогтары бүгінгі бала тәрбиелеу мәселесінде құр айғай мен ақыл айтудың, жазалау мен дауыс көтерудің тиімсіз екендігін айтады. Қатал тәрбие – ескірген әдіс. Ертегітерапияның маңызы баланың санасын дамыту мен ой-өрісін биіктету, қиялы мен сезімін тәрбиелеуде жатыр. Психолог мамандар ертегітерапияны қолдану аясында ертегіге балалар түгілі, үлкендерді де қызықтырып қояды.
– Сөзіңізден ертегітерапияның Еуропада жақсы дамығанын байқап отырмыз. Ал елімізде бұл жағы қалай?
– Ертегітерапия бұл күнде еліміздің оқу мен тәрбие саласына таныс болғанмен, кең қолданысқа енген жоқ. Жиырма бірінші ғасырда өркениеттің жаңа сатысына шықтық. Егер баланың сана-сезімі, дүниетанымы дұрыс бағытта дамысын десек, оның жан дүниесінің иммунитетін яғни рухани иммунитетін күшейтуге тура келеді. Ертегі, соның ішінде өз халқының төл ертегілері – баланың бойында рухани иммунитет қалыптастырудың, елжандылыққа тәрбиелеу­дің алғашқы сатысы. Ертегі – біздің әдеби, рухани, мәдени мұрамыз.
Рухани жаңғыру кезеңінде ертегітерапия­ны тек мектепте ғана емес, балалар кітап­ханасының оқу-тәрбие саласына енгізу арқылы да бала санасын жетілдіру, кітап әлеміне қызықтыру ең абзал міндеттердің бірі болмақ. Жасыратыны жоқ, көптеген мұғалімдер мен тәрбиешілер баланың рухани болмысын бағамен, балмен есептеуге құмар. Бұл тәрбие емес. Тәрбие – ең алдымен баланы тану, баланың жан дүниесін түсіну. Педагогикалық-психологиялық мәдениетті айқындаушы фактор – балаға деген бауырмал сезім. Соған жетудің бірден-бір құралы – ертегітерапия.
– Әңгімеңізге рақмет!

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды