«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Ерлік сабағы

0 108

Астанадағы Орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты №3 көпшілік кітапханасында Жеңіс күніне арналған «Ұлы жеңіс жолында» деп аталған ерлік сабағы өтті. Оған Ауған соғысының ардагері Қайрат Елубаев пен №5573 әскери бөлімінің қызметкерлері Нүкеш Сартабай мен Ержан Маратов  қатысты.

454345

Шара барысында аға кітапханашы Запура Дайрабаева екінші дүниежүзілік соғыста өшпес даңқтың үлгісін көрсеткен қазақтың қаһарман ұл-қыздары туралы сөз қозғады. Әсіресе, биыл туғанына 95 жыл толып отырған екі мәрте Кеңес Одағының батыры, әйгілі ұшқыш Талғат Бигелдинов пен Кеңес Одағының батыры, пулеметші Мәншүк Мәметованың сұм соғыстағы ерлік жолдары көбірек айтылды. №40 Әлкей Марғұлан атындағы орта мектебінің 8-ші сынып оқушылары майдан даласынан шағын көрініс қойды. Жеткіншектер әзірлеген қойылым көз алдымызға қанды қырғынды елестетті. Қасық қаны қалғанша жаумен шайқасқан батыр бабалары туралы ақындардың жазған жырларын оқыды. Серікбол Аяжан ақын Әбу Сәрсенбаевтың «Сен құрметте оны!» атты өлеңін шынайы жеткізді. «Наз» мемлекеттік театрының әншілері майдан әндерін шырқады.

Одан кейін интернационалист-жауынгер Қайрат Елубаев сұрапыл соғыс кезіндегі аталарымыздың ержүрек қасиетін айтып, солардың батырлығы ауған соғысында үлгі болғандығын жеткізді. №5573 әскери бөлімінің әскери қызметкерлері Нүкеш Сартабай мен Ержан Маратов оқушыларға Отан туралы ұлағатты ой шертіп, ротадағы сарбаздардың өз өмірлерін қатерге тігіп, өрттен 8 адамды алып шыққан ерліктерін баяндады. Бір сөзбен айтқанда, ерлік сабағы оқушыларға тағылымдық ой салар мағынада өтті.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды