«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Ерлік ескерусіз қалмады

0 58
Қызметтік борышын атқару үстінде көрсеткен ержүректігі мен жанқиярлығы үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК Орталық өңірлік филиалының инспекторы марқұм Ерлан Нұрғалиев пен оның әріптесі Петр Ницык III дәрежелі «Барыс» орденімен наградталды.

Осынау ақжолтай ақпаратты кеше akorda.kz сайты таратты. Президент бұл қаулыға 31 қаңтар күні қол қо­йыпты.
Естеріңізге салсақ, 13 қаңтарда Toyota Land Cruiser көлігіндегі белгісіз адамдар инспекторлар Ерлан Нұрғалиев пен Петр Ницыкке қарсылық танытып, оларды соққыға жығып, артынша із жасырған. Ауыр жараланған екі инспекторды кейін өзге әріптестері тауып алып, оларды Астанадағы №1 қалалық ауруханаға жеткізген. Бір тәуліктен артық ес-түссіз жатқан Ерлан Нұрғалиев 15 қаңтар күні қайтыс болған еді.
Жер бетінде жойылып бара жатқан киелі аң ақбөкендерді жанын сала қорғаймын деп браконьерлердің қолынан қаза тапқан Ерлан Нұрғалиев­тің ерлігі туралы және қарақшылардың тиісті деңгейде жазалануы керектігі жайлы әріптесіміз Төлен Тілеубай «Екі аяқты айуанмен арпалыс» атты тақырыппен газет бетінде талай мәрте бастама көтерген болатын.
Бейбіт күнде табиғатты қорғау жолында жанын қиған Ерлан Нұрғалиев­тің ерен ерлігі туралы мақалалар алдағы уақытта ағылшын, неміс, испан, поляк тілдеріне де аударылып, әлемдік баспасөз беттерінде жарияланбақ.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды