Четверг, 22 Июнь 2017
-->

Ерлан ТӨЛЕУТАЙ: «АЛМАС ҚЫЛЫШ» – қазақ көптен күткен фильм

Алдағы жылдың 5 қаңтарынан бастап «Қазақ елі» сериалының кинонұсқасы – «Алмас қылыш» фильмі жалпыұлттық прокатқа шығады. Тәуелсіздіктің ширек ғасырлық тойына тарту болған кинотуындының тұсаукесері мереке күндері Астана және Алматы қалаларында өтті. Алғашқы көрермендердің бұл фильмнен алған әсері әртүрлі болды. Көрген адамдардың арасында мақтағандар да, сынағандар да табылды. Анық-қанығына жету үшін біз осы кинодастанның түсіру тобында болып, диалогтарын жазған өнертанушы Ерлан ТӨЛЕУТАЙМЕН сұхбаттастық. Өнертанушы кейінгі жылдары үлкен экранға жол тартқан «Аманат», «Анаға апарар жол» сынды фильмдердің жарық көруіне де сүбелі үлесін қосты. Бірақ бұл жолы «Алмас қылыштың» төңірегінде ғана әңгімелесуді жөн көрдік.

33

erlan-toleutaj

Фильм экстремалды жағдайда түсірілді

– Ерлан аға, «Алмас қылыш» сәтсіздеу болған «Көш­­пенд­ілер» фильмінің олқы тұстарын толтыратын сияқты. «Алмас қылыштың» ұтымды тұстарын атап өт­сеңіз. Көпші­лікті ол несімен тартуы мүмкін?
– Әрине, көрерменнің «Алмас қылышты» «Көшпенділер» фильмімен салыстыратыны түсінікті жайт. Екеуі де көшпелілер тарихынан сыр шертеді, яғни тарихи драма жанрына жатады. Алайда, екі фильмнің түсірілу барысы жер мен көктей. Салыстыра айтсақ, «Көшпенділер» фильмін түсіруге 40 миллион доллар шамасында қаржы жұмсалды. «Жау жүрек мың бала» 11 миллион долларға түсірілді. «Алмас қылыш» 3 миллион долларға жетер жетпес қаражатты қанағат тұтты. Оның өзі үздік-создық бөлініп тұрды. Әйтсе де режиссер Рүстем Әбдірашев осындай аз қаражатпен бұған дейін түсірілген тарихи фильм­дерден ауқымдырақ, сапалы кино түсіре алды деп ойлаймын. Идеялық қуаты, идеологиялық мазмұны жағынан аталған фильм «Көшпенділер» сияқты тарихи фильмдерден көш ілгері. Бұл фильмде осыдан бес жарым ғасыр бұрынғы көшпелі бабаларымыздың мемлекет құру тарихы ұлттық көзқарас тұрғысынан шынайы таспаланды. «Алмас қылыш» – қазақ көптен күткен фильм.

– Жалпы осы фильм ре­жиссері Рүстем Әбдіра­шевтің жұмысы туралы не айтасыз? Сіздің ойыңызша ол өзіне жүктелген міндетті алып шыға алды ма?
– Рүстем Әбдіраш – қазақы ортада өскен, әлем һәм көшпелілер тарихын көп оқыған, көп тоқыған білімді азамат. Өмір жолын суретші болып бастаған. Бұл –режиссерге аса қажет мамандық. Биылғы жылы Оңтүстік Кореяда, атақты Пусан фестивалінде Азияның 100 үздік режиссерінің есімдері аталып, арнайы кітап болып шықты. Осы беделді тізімге қазақтың төрт режиссерінің есімдері айшықталып жазылды. Олар: Шәкен Айманов, Дәрежан Өмірбаев, Рүстем Әбдірашев және Әділхан Ержанов.
Рүстемнің есімі әлемге танымал режиссерлер Ясудзиро Одзу, Акира Куросава, Хоу Хся-Хсиен, Сатьяджит Рей, Аббас Кияростами сияқты даңқты киногерлермен қатар аталғанына қуандық. Аталмыш тізімге киноиндустриясы дамыған Жапон мемлекетінен – 18, бір жарым миллиардқа жуық халқы бар Қытайдан – 11, Индия мен Кореядан – 10, Иран мен Филипиннен 9 режиссер кірді. Ал біздің туыстас Орта Азия мемлекеттерінен, Қырғызстаннан – 2, Өзбекстан, Түркіменстан, Тәжікстан республикаларынан жалғыз режиссерден ғана аталмыш тізімге ілікті. Осы тұрғыдан алғанда, бұл – қазақ киносына берілген үлкен баға.
Рүстем «Алмас қылыш» фильміне тұлға ретінде толыс­қан, режиссер ретінде пісіп жетілген дер шағында келді. Сосын Рүстемнің бойында режиссерге керекті табандылық, қажырлы қайрат мол. Ел ал­дындағы, көрермен алдындағы жауапкершілікті терең сезіне біледі. Нар тәуекелдің адамы. Фильмді түсіру кезінде адам айтқысыз қиындықтарға кезіктік.
Мәселен, түсірілімді 2015 жылдың шілде айында бастауымыз керек еді. Министрлік уәделі қаржыны көп кешіктіріп, тек қыркүйек айында ғана бере алды. Түсірілім жұмыстары Алатаудың 1800-2000 метрлік биік белдеуінде жүргізілді. Суық түсіп кетті, артынан қылышын сүйретіп қыс келді. Еріксіз етекке түстік. Осы қара суықта ақпан айына дейін далада бүрсеңдеп жүріп кино түсірдік. Фильмді көрген кезде байқаған боларсыз, салқар көш даланы дүбірлетіп кетіп барады, ал адамдардың үстінде жаздық киім, мұздай құрсанған сауытты әскер. Темір сауыт адамның денесін қарып жібереді ғой. Фильм – осындай экстремалды жағдайда түсірілді. Мұндай сәттерде Рүстем идеолог бола білді, түсірілім тобына жігер беріп, демеп қайрап отырды.
Әрине, түсірілім тобына, киногер қауымға мың алғыс. Қиындықтарға шыдас берді, қажымай төзді, бұл орайда бәрімізге Қазақ мемлекетінің іргесін қалаған данышпан хандарымыз бен сайыпқыран ерлеріміздің елдік мұрат жолын­дағы қиян-кескі күресін жас ұрпаққа паш етіп жатырмыз деген биік жауапкершілік, патриоттық сезім дем берді деп ойлаймын.

Қаржы жағы қолбайлау болды

– Осының алдында тарихымызды әлемге танытады деген «Көшпенділердің» сәтсіздікке ұрынуының себебі неде деп ойлайсыз?
– Өз басым «Көшпенділер» фильмін мансұқтаудан аулақпын. Оның көрермен көңілінен шықпай қалуының екі-үш қана себебі болды. Біріншіден, фильмді бірнеше режиссер түсірді, оларда бірауыздылық, ортақ мәміле, берік концепция болмады. Аққу көкке, шортан көлге, шаян шөлге тартқан жағдай орын алды. Масқара болғанда, фильмнің Америкадан аттай қалап алдырылған бас режиссері түсірілім алаңын тас-тап, еліне кетіп қалды. Сол кезде «Қазақфильмде» шетелдік мамандармен юрисдикциялық құжат жасай алатын білікті мамандар да болмаған сияқты. Келісімшарттағы олқылықты сезіп қалған америкалық ақ­шасын алып алған да, түсірілім алаңынан тайып тұрған.
Екінші кеткен бір ағаттық – кинодағы басты рөлдерді сом­дау­ға тағы да сол америкалық ак­тер­лардың шақырылуы. Бұл – өрес­кел қателік болды. Абылайдай кемеңгер ханымызды қандай жағдай болғанда да ұлттық акте­ріміз сомдау керек еді. Осы фак­торлар көрерменнің наразы­лы­ғын тудыруға себеп болды.
Десек те, «Көшпенділер» фильмінің жақсы жақтарын айтқан жөн. Біз тек сынауға, мінеуге келгенде алдымызға жан салмаймыз. Сын – әділ, кәсіби болуы керек. Мәселен, «Көшпенділермен» бірге қазақ киносына америкалық жүйе келді. Бұл – әлемдегі ең озық, ең жетілген жүйенің бірі. Қазір қазақ киносында бірнеше департамент жұмыс істейді. Әр департаменттің басшылары өз ісінің маманы болып алған. Қай жағынан болсын ұтымды. Сосын «Көшпенділермен» бірге қазақ киносына озық технология келді. Ол кезде ішімізде бұл технологияны меңгерген мамандар жоқтың қасы болатын. Фильм түсіріліп біткеннен кейін бұл техниканың бәрі «Қазақфильмде» қалды. Осының негізінде жаңа техно­логияның сырын білетін, оны тәуір меңгерген жас мамандар өсіп шықты.
Ал «Алмас қылыш» фильмін­де жоғарыда аталған келеңсіздіктер орын алған жоқ. Фильмді ұлттық режиссер түсірді, ұлттық мамандар жұмыс істеді, өзіміздің актерлер ойнады. Тек бұл жолы қаржы жағы ғана қолбайлау болды. Еркін көсілуімізге мүмкіндік бермеді, адымымызды аштырмады.
Әрине, кинода қаржысыз еш мәселе шешілмейді. Барлығы да сол қаржыға келіп тіреледі. Бірде түсірілім алаңында жұмыс жүрмей торыққанда «Көшпенділерге» бөлінген 40 миллион долларды «Алмас қылышқа» бергенде ғой деп Рүстем екеуміздің арман­дағанымыз бар…

Жас ұрпақты ата-баба тарихынан адастырғымыз келмеді

– Фильм сценарийінің авторлары Есенберлиннің романынан қаншалықты ауыт­қыды, жалпы олар жаңа­лық енгізе алды ма?
– Фильмнің сценарийін Тимур Жақсылықов пен Смағұл Елубай және Рүстем Әдірашевтің өзі жазды. Кино драматургиясының өз заңдары бар. Ол өзіне бағындырмай қоймайды. Осы тұрғыда ауыт­қушылық болды.
Дегенмен аталмыш роман фильмге лейтмотив етіп алынды. Романдағы тарихи тұлғалар, үлкен оқиғалар түгелдей дерлік кино тіліне айналдырылды. Тіпті, мен кейбір диалогтарды романнан сөзбе-сөз алуға тырыс­тым. Кейін одан бас тарттым. Өйткені, кітаби тілді киноға толық қолдана алмайсың. Бұл жерде сценаристер тек қана Ілияс Есенберлиннің деректе­ріне сүйеніп қойған жоқ, белгілі, беделді тарихшылардың жазған еңбектеріне де сүйенді.
Рүстем Әбдірашевтің алдында бұл кітаптар тау-тау болып үйіліп жатты. Оның ішінде Ақсақ Темірдің ғұмырнамалық кітабына дейін болды. Менің өзім Мұхамед Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашиди», Захир ад-дин Бабырдың «Бабыр-нама» тағы да басқа атақты тарихи еңбектерге жүгініп отырдым.

– Өзіңіз айтқан еңбектерден қандай деректерді пайдалан­дыңыздар? Енді фильмдегі тарихи шындық мәселесіне келсек…
– Негізгі мамандығым тарихшы болғандықтан, ол заман оқиғалары мен сырларын бір кісідей білемін. Бірақ, тарихи дәлдік үшін бәрін қайта қарауға тура келді. Мәселен, Моғолстан, оның билеушісі Есенбұға хан туралы деректерді сол заманның куәгері Мұхамед Хайдар Дулатидің еңбегінен алдық. Этникалық құрамы әркелкі Моғолстан мемлекетін Шағатай тұқымынан шыққан хандар билеген. Олар дулат әмірлерінің ықпалында болған. Ал, дулаттар – қазіргі қазақтар. Моғолстанның көп халқын қазіргі қазақ рулары құраған.
Күнгей жағын қырғыздар мекендеген, қалаларында оты­рықшы тараншылар көп бол­ған, сарайларында кәнизәк күңдер ұсталған. Режиссер бұл кәнизәктарды билету арқылы – Моғолстан заманындағы хан сарайының атмосферасын беруге тырысты. Моғолдар ісләм дінін қатты ұстанған. Сәлдесі жоқтардың бірден басы шабылатын болған. Осы себепті біздің костюм суретшілері моғолдарға көкшіл сәлде кигізді. Бір қызығы, дін күшейіп тұрған шағында Моғолстан халқы ішкілікке салынады, хандары тіпті ішкіш болып, ішінде арақтан өлгендері болады.
Керей мен Жәнібек бастаған қазақтар жер сұрап келгенде Есенбұғаның хәлі мүшкіл еді. Мәуеренаһрдағы Ақсақ Темір тұқымдары Есенбұғаның ағасы Жүніске Моғолстанның тағын алып беруге әрекеттеніп жатқан болатын. Шығысында ойраттардың шабуылы күшей­ген сәт. Қырғыздар да бағынбай бара жатқан. Осы қысылтаяңда қазақтар келіп жер сұрайды. Есенбұғаның бермеске амалы қалмаған еді. Фильмді көрген біреулер қазақтар өзбектерден қорлық көріп бөлініпті деген сөз таратып жүрген көрінеді. Бұл – үстірт пікір. Ол кездегі өзбектердің бұл өзбектерге еш қатысы жоқ, олар көшпелі өзбектер, яғни біздің ата-бабаларымыз – қазақтар.
Түсінікті болуы үшін әуелі өзбек атауының қайдан шыққа­нына келейік. 1313-1342 жылдары Алтын Орданы Өзбек есімді хан билеген. Өзбек – ислам дінін алғаш қабылдаған Алтын Орданың тұңғыш ханы. Өзбек хан билігінен бастап, Дешті Қыпшақ жұрты өзбек атала бастаған, қыпшақ-өзбек боп жүрген кездері де болған. 1428 жылы Әбілқайыр Шайбани билікке келгеннен кейін бұл көшпелі өзбектер мемлекеті, тарихи әдебиеттерде Әбілқайыр хандығы немесе Өзбек ұлысы аталды. Ақ Орда ұлысының орнында орнаған көшпелі өзбектер мемлекеті батысында Жайық өзенімен шектесті, оңтүстігі Арал теңізі мен Сырдың төменгі ағысына дейін, солтүстігі Тобыл мен Ертіс өзендерінің орта ағысына дейін созылып жатты. Хандықтың астанасы Сібірдің Төмен жазығындағы Тұра қаласы болды. Кейінірек Сығанақ шаһарына көшірілді. Әбілқайыр ханның «сартқа» яғни бүгінгі өзбекке қайырылуы осы кезден басталады. Өйткені қол астындағы көшпелі өзбектер біртіндеп, 1460 жылдардан бастап, Керей мен Жәнібек сұлтандарға еріп, Моғолстанға қазақ шығып кете бастайды. Бұл үрдіс бірнеше жылдарға созылады. Ақырында көшпелі өзбектер – қазақтардан айырылып халықсыз қалған Әбілқайыр қарамағындағы қалған-құтқан көшпелі өзбектерді Әмір Темір тұқымдарының ұлысы – Меуеренаһрды жаулап алған соң, сол ұлыстың отырықшы сарт, соғды, тәжіктерімен араластырып Шайбани мемлекетінің негізін салады. Кейін бұл ұлыс Бұқар хандығына айналады.
Бұқар хандығы негізінде Қоқан, Хиуа, Хорезм хандық­тарын біріктірген Совет үкіметі 1920 жылы оған Өзбекстан республикасы деген атау берді. Ал Әбілқайыр билеген Көшпелі өзбектер мемлекеті 1469 жылы Әбілқайыр өлген соң, Қазақ хандығының құра­мына қосылды. Сондықтан бұл жерде «өзбектерден қорлық көру» деген мәселе атымен жоқ. Мәселе көшпелі өзбектерді әділ билей алмаған, сөйтіп қол астындағы халықтан айырылып қалған Әбілқайыр Шайбанида. Ол Ақ Орда билеушісі Барақ ханды өлтіртіп, тағын тартып алған адам. Билікке келген соң, Жошының Орда Еженнен тарайтын тұқымдарына күн көрсетпеген. Өйткені Әбілқайыр Жошыдан тарайтын Шайбан тұқымы, ал Барақ хан, оның ұлы Жәнібек сұлтан, Болат сұлтанның ұлы Керей сұлтан – барлығы Жошының үлкен ұлы Орда Ежен тұқымдары, Ақ Орданың заңды мұрагерлері. Тақ үшін күресте бұлар Ақ Орданы құлатқан Әбілқайырға ата жау.
Ақ Орда тағын заңсыз иеленген Әбілқайыр өз заманының озбыр билеушісі болған адам. Әбілқайыр заманында соғыс көп болып, халық жаугершіліктен қажыған. Осындай аласапыранда Әбілқайырдың айдап салуымен қарақыпшақ Қобыландының арғын Ақжол биді өлтіруі жағдайды одан әрмен ушықтырып жібереді. Сөйтіп, бұл оқиға көшпелі өзбектердің қазақ шығып, Әбілқайырдан бөлініп кетуімен аяқталады. Ол заманда ұлыс құрамынан шығып, орданы, ханды тастап, еркіндікке кетіп қалуды «қазақ шығып кету» деп атаған. Көшпелі өзбектер де Әбілқайыр ханмен ат кекілін кесісіп, Моғолстанға қазақ шығып кетеді. Осы оқиғаны «Ақ Орда» ұлысын қайта жаңғыртуға тырысып жүрген Керей мен Жәнібек сұлтандар ұтымды пайдаланады. Сөйтіп Шу бойына келіп, Қазақ хандығының шаңырағын көтереді. Былай қарасаңыз, барлығы қазақтың тарихы, мемлекет құру, ұлт болу жолындағы жанкешті күрес тарихы. Сол кездің оқиғаларына бажайлап қарасақ, Әбілқайырдың қол астындағы халықтың дені – қазақтар, Моғолстанды жайлайтын елдің де көбі қазақтың ру тайпалары, Керей мен Жәнібектің соңына ерген ел де – қазақтар. Тек әр ұлыстың құрамында тарыдай шашырап, ұлт болып ұйыса алмай жүрген шағы. Бұған Ноғайлыдан ірге айырған ру-тайпаларды қосыңыз. Барлығының бір-ақ мұраты бар, ол – көшпелілік дәстүрмен халық сайлаған қамқор ханы бар еркін ел болу. Осы мұратты арман бір арнаға тоғыса келе, Қазақ хандығының шаңырақ көтеруіне негіз болады. Бұрынғы «қазақ шығып кету» – енді киіз туырлықты алаш ұранды көшпелі жұрттың ортақ атауына айналып, нәтижесінде қазақ ұлты, қазақ мемлекеті тарих сахнасына шығады.
Кейін Моғолстан да күйреді, Көк Орда да құлады. Ноғайлы заманы да тарих сахнасынан кетті. Олардың қарға тамырлы халқы, тілі бір, діні бір, арман-мүддесі ортақ жұрты Қазақ хандығына қосылды. Атырау мен Алтайдың, Алатау мен Арқаның арасындағы көшпелілердің алтын бесігі қазақ халқына мәңгілікке мирас болып қалды. Фильмде осы оқиғалар кино тілімен баяндалды. Әрине, кей жерлерде көркем шындыққа кезек бердік. Онсыз кино болмайды. Бірақ, тарихи шындықтар, хронологиялар сақталып отырды. Өйткені жас ұрпақты қазақ мемлекеттігінің іргетасын қалаған ата-баба тарихынан адастырғымыз келмеді.

Сұхбаттасқан:
Аманғали ҚАЛЖАНОВ
(Жалғасы бар)

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*