«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Еркектердің ғұмыры неге қысқа?

0 314

Әншейінде өзімізді еуропамен салыстыруға келгенде алдымызға жан салмаймыз. Дәл осы ретте осының артығы жоқ сияқты. Еуропаның дамыған елдерімен салыстырғанда қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығы 8 жарым жылға қысқа екен. Қазақстанда орташа есеппен адам 72 жас өмір сүрсе, Еуропада бұл көрсеткіш 80,6 жасты құрайды.

Ishemicheskaya bolezn serdca ibs kardiologiya lechenie min

Енді еркектер мен әйелдер арасындағы өмір сүру ұзақтығын салыс­тырайық. Қазақстанда еркектер әйелдерден гөрі 9 жылға кем өмір сүреді.

Қазақстанда еркектердің орташа өмір сүру жасы 67,5 жас болса, әйелдердің жасы – 76,5 жас. Өмір сүру ұзақтығынан Батыстан көш ілгері кейін қалуымыздың басты себебі айтпаса да түсінікті. Өркениетті орта, жанға не керектің бәрі дайын болса, жоғары сапалы медицинаны қоссаңыз, неге жүз жасамасқа?!

Адамдардың ғұмыр-жасын зерттеушілер жаратылыстың мына бір заңдылығын мойындапты. Дүние есігін ашқан ер балалар қыздардан он пайызға артық туылады екен. Алайда «жылқы бағарларымыз» түрлі аурудан шетінеп, бір жылдың ішінде қыз бен ұлдың саны теңеседі екен. Бұл тепе-теңдік ұлдардың ер жеткен шағында тағы бұзылады. Яғни, 15 жас аралығындағы жеткіншектер түрлі қатерге жиі ұрынса, 35 жасқа дейінгілер түрлі жол апатына ұшырап, суицид кеселінен өмірден өтетіні тағы дәлелденіп отыр. Одан аман қалған ер-азаматтың денсаулығына қатысты мына жайттарды ескермесе болмас.

Басты жауың – жүрегің

Осыдан екі жыл бұрынғы Қазақстан Республикасы бойынша өлім себептері бойынша өлім-жітімнің стандартталған коэффициенттеріне сай, 100 000 адамға шаққандағы қайтыс болғандар санын есептепті. Мысалы, қан қысымы ауруларынан 349,65 еркек көз жұмса, осы дерттен 180,48 әйел дүниеден өткен екен. Жүрек ишемиясы ауруынан 140,42 еркек өлсе, 60,16 әйел дүниеден кетіпті. Тағы да ауыр кеселден қиылып жатқан еркектер саны нәзік жандылардан асып түскен.
№2 қалалық аурухананың кардиолог-дәрігері Бауыржан Ешмұратовпен сөйлескенімізде, ерлердің жүрек-қан тамырлары ауруымен жиі ауыратынын айтты. «Соның ішінде жүрек ишемиясымен 40 жастан асқандар шалдықса, бүгінде 20-30-дан асқан жастар да алдымызға келіп жатыр. Ұрымталдан соғатын жүрек талмасымен түскендер бұрын-соңды бұл ауру туралы естіп-білмегенін айтуда. Бұл ретте аурудың алдын алу туралы насихат жұмыстарын жүргізіп, ауырмайтын жол іздеуге мән беруіміз керек, – дейді дәрігер.
Жүрек – адамның ең күшті де әлсіз мүшесі. Сол себепті де 35 жасқа келгенде дәрігерге тексеріліп, қайда қатер барын біліп, алдын ала білген жөн. Холестерин деңгейі қандай, демігіп жүрсіз бе, соңғы кезде қарын байлап, семірдіңіз бе? Сүлесоқ тартып еңсеңіз бір көтерілмей қойды ма? Алпысқа жетпей қайтыс болған туыстарыңыз неден қайтты, оны да ой елегінен өткізіп көрген абзал.
Иә, кардиологтың сөзіне құлақ түруге болар еді. Ауырмаудың жолын іздеу, саламатты өмір салты, дәрігер кеңесіне құлақ салып, күтініп жүру деген салт біздің азаматтарға мүлдем жат нәрсе деуге болады. Еркектердің өз денсаулығына деген жеңіл көзқарасы оны қаперге де алдыртпайды.
Оның себебін психолог Айқын Дүйсенбаев былай деп түсіндіреді: «Медицина ғылымдарының докторы Марианна Легато «Еркектер неге алдымен өледі: өз ғұмырыңызды қалай ұзартуға болады?» деген еңбегінде осы мәселеге алғаш рет көңіл бөлінді. Расында да, ерлер жалпы әйелдермен салыстырғанда ауыра қалғанда дәрменсіз, қауқарсыз болып келеді. Әйелдер денсаулығына ұқыптылықпен қараса, еркектер «өзінен-өзі тәуір болып кетеді» деп, дәрігерлердің кеңесін жүре тыңдайды.
Себебі «жылама, шыда, сен жігіт емессің бе?!» деп о бастан баланың санасына құйып, тәрбиелегенбіз. Тәжірибеге қарағанда, ерлердің дені зайыбының немесе туыстарының айтқанымен, яғни, зордың күшімен ғана дәрігерге көрінеді. Оның өзінде де төсектен тұра алмай әлсіреп, әбден титығы жеткенде ғана. Демек, денсаулығына немқұрайлы қараудың себебін бала тәрбиесінен іздеген жөн.

Әйел ашуланса, қазан қайнатады, ал ер-азамат ше?

Ерлердің тағы бір әлсіз тұсы – мінез-құлқында. Олардың күйзелісі әйелдердің жағдайымен салыстырғанда қауіптірек. Нәзік жандылардың жүрегіндегісі қабағынан көрінсе, ер-азаматтар соңына дейін сыр бермеуге тырысады. Кеудедегі күйікті басу үшін ішімдікке салынып кетіп жатады. Енді бірі айналасындағылардан безініп, теледидарға телміріп, не басыбайлы интернет­ке байланады. Күйзеліс (депрессия) емделмесе, салдары ауыр. Әйелдер «өлем» деп жай қорқыта береді, ерлер ширыққан күні морт сынып, бір сәтте арқанға асылып қалады. Бұл да – статистика. «Сөз сүйектен өтеді» дейді психолог Мөлдір Сыздықова. Адамның психо-соматикалық жағдайы көп факторларға байланыс­ты. Егер әйелі таңнан кешке дейін, ерін табалап, кемшілігін тізіп, мінеп отырса, онда күндердің күнінде азамат дәл сондай қалыпқа келеді. Еркектің басын төрге де, көрге де сүйрейтін – жанындағы таңдап алған жары. Ерінің мезгілімен тамақтанып, жұмыстан шаршап келгенде алдынан жадырап шығып жағдайын жасау қажеттігі жай айтылған сөз емес. Ер-­азаматтың табиғи жаратылысына мән беріп, қал-қадерінше денсаулығына да қарайлап, қамқорлай білу де әйелдің бір міндетіне айналғаны жақсы».

Ауруын  жасырған…

Жаратылысынан болар, әйелдер дәрігерлердің алдына келгенде ауруының белгілерін түрін түстеп айтып беруден жалықпайды. Бірақ, ер-азаматтың бұлай ашылып сөйлеуі – неғайбыл. Тіпті, өзін мазалап жүрген науқасының кейбір белгілеріне аса мән бермейді. Ерлердің дәрігер алдында ашылып айта бермейтін тақырыбы өздерінің жыныс мүшелерінің саулығына қатысты. Мамандар ерлердің иммунді жүйесі әйелдерге қарағанда төмен дейді. Статис­тика, көп тараған оншақты инфекциялық аурудың жетеуінен өліп жатады екен. Бұның бірі – жіңішке аурулары. Сол үшін боз­бала жыныстық жағынан жетілгенде жыныстық қатынас арқылы берілетін аурулар туралы ақпараттанып, сақтану жолдарын да білгені жөн. Ерқанат Бекмұратов – уролог-андролог. «Ерлерді уақытынан бұрын қартайтатын жайттардың басты себебі – ағзадағы тес­тостерон деңгейінің төмендеуі. Алайда бір бұл ғана емес. Айта кету керек, жасы келген сайын, ерлердің көпшілігі еріншек келеді, қимыл-қозғалысқа мән бермей, диванда жатқанды тәуір көреді. Аз қимылдап, тамақты көп ішеді. Осыдан семіздік пайда болып, ақырында қан қысымы көтеріліп, холестерин деңгейі артып, жүрек-тамыр аурулары, қант диабеті пайда болады. Одан басқа шылым шегу, алкоголь, ұйқысы қанбауы да кәрілікті жылдамдатады. Бұл – ерлердің ерте солуының себептері. Ал оның белгілері қандай? Отызға жетпей қарын байлағанның шашы да сирей бастайды. Тестос­теронның төмендеуінен өмірге қызығушылығы бәсеңдейді. Үнемі шаршаңқы жүріп, беймаза хәл кешеді.
Орда бұзар жасқа жеткенде ағзаның тестостеронды өндіруі бәсеңдеп, оның деңгейі жыл санап төмендей бастайды. Әрине, бірден күрт төмендейді деген сөз емес. Оның динамикасы жылына 2 пайызды құрайды. Белгілі бір жасқа жеткенде ерлердің жыныстық белсенділігі де төмендейтіні шындық. Соған қарамастан эректильді функциясының төмендеуіне байланысты ерлердің 10 пайызы ғана дәрігерге көрінеді. Ал тестос­терон деңгейі ерлердің жалпы сау­лығына, психо-эмоционалдық жағдайы­на әсер етеді. Егер қамал алатын жасқа жетпей қартаюдың алдын алғымыз келсе, онда өзінің өмірлік қағидаттарын, өмір сүру салтын қайта қарау керек.
Ең бастысы, дұрыс тамақтану, дене шынықтырып, түрлі жаттығуларға, салауатты өмір салтына мән беру ер-азаматтың денсаулық деңгейін көп жақсартады. Егер осы белгілерді байқасаңыз, онда дәрігер-андрологқа көріну қажет».

Айгүл УАЙСОВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды