Четверг, 17 Август 2017
-->

ЕРІКТІЛЕР АНТ ҚАБЫЛДАДЫ

«ЭКСПО-2017»  ХАЛЫҚАРАЛЫҚ  МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН КӨРМЕДЕ ЖҰМЫС ІСТЕЙТІН ЕРІКТІЛЕРДІ ҚАБЫЛДАУ РӘСІМІ ӨТТІ. ОҒАН «АСТАНА ЭКСПО-2017» ҰЛТТЫҚ КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ АХМЕТЖАН ЕСІМОВ, ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРІ  ЕРЛАН  САҒАДИЕВ ЖӘНЕ ҚАЛА ӘКІМІ ӘСЕТ ИСЕКЕШЕВ ҚАТЫСТЫ.

Ұлттық компания басшысы Ахметжан Есімовтің айтуынша, көрмеге 4500-дей ерікті атсалысуға дайын. Осыдан бір-екі күн бұрын елордаға Алматыдан – 300, Қарағанды облысынан – 250, Павлодар және Қостанай облыстарынан 100-ге тарта ерікті табан тіреді. Тағы бір айта кетерлігі, 150 шетелдік ерікті арнайы 46 мемлекеттен келіп, көрмеге қатысуда. Бұған қоса, Астана қаласы атынан 1500 ерікті бар.

erm_8585
Біз көрме кезінде қазақы қонақжайлығымызды танытып, жүктелген істі адал атқарсақ, еліміздің мәртебесі асқақтай түседі. Ерікті атану – сіздер үшін зор мәрте, жауапкершіліктің жүгі де ауыр. Еріктілер «ЭКСПО» көрмесін абыроймен алып шығады деген үміттемін, – деп жастарға сенім білдірді Ахметжан Смағұлұлы.
Ал Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев тілегін қазақша бастап, ағылшынша аяқтады.
Кезекті сөз көрмені қабылдап өткізгелі отырған қаланың әкімі Әсет Исекешевке берілді.
– Қазақстанда ЕҚЫҰ саммиті, әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі сияқты маңызды шаралар өткізілді. Бірақ олар небәрі үш-төрт күнге ғана жалғасты. Одан кейін екі аптаға жалғасқан Универсиаданы өткіздік. Ал «ЭКСПО-2017» көрмесінің жалауы 93 күн бойы желбірейді. Кем дегенде 2 миллион шетелдік турист келеді. Сондықтан да айтулы шараға барынша дайындық жүрді. Елбасымыздың тапсырмасы бойынша, жаңа әуежай, жаңа теміржол вокзалын салып, көптеген қонақүйлердің есігін аштық. Атап айтсақ, 200 қонақүй мен хостел, 900 мейрамхана мен кафе меймандарды қарсы алуға дайын.
Алдыңғы жылы Астанаға 800 мыңға жуық адам келсе, үш айдың ішінде миллиондаған туристі күтіп отырмыз. Бұл – үлкен жауапкершілік. Сол себепті сіздерге күш-қайрат пен денсаулық тілей отырып, жұмыстарыңызға табыс тілеймін. Сәттілік серік болсын! – деп Әсет Өрентайұлы жастарға игі тілектерін білдірді.
Кеш барысында жастар салтанатты түрде ант қабылдап, көрменің еріктісі атанды.

Гүлдана ТАЛҒАТҚЫЗЫ

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*