«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Ерік Құрманғалиевтің жалғыз ізбасары

0 226

Өмірден ерте озған опера әншісі Ерік Құрманғалиев сирек кездесетін дауыс иесі еді. Контратенор деп аталатын бұл дауыс опера өнеріндегі ер орындаушылардың ең жоғары дауысы болып саналады. Кейбір мәліметтер бойынша Ерік Құрманғалиев Кеңес Одағындағы алғашқы контратенор болды. Жас шағында Мәскеуге оқуға кетіп, сол жақта әнші ретінде қалыптасқан ол Ресей астанасында өмірден өтті.

«100 жаңа есім» жобасы екінші кезеңінің жеңімпазы Батыр­жан Смақовты Еріктің ізбасары деп атасақ, қателеспеспіз. Контратенорлар қазір әлемде көбейсе де, Қазақстанда Батыр­жан жалғыз.
Қарағанды гуманитарлық колледжінің музыка факультетін үздік дипломмен бітірген жас дарын фортепьяно маманы болып шықты. Білімін жетілдіру мақсатында Астанаға келіп, Қазақ ұлттық өнер университетінің «хор дирижері» мамандығын оқып, тәмамдады.
Ал әншілік жолы Италияда басталды. Озимо қаласының халықаралық опералық ән айту академиясында, одан кейін Пезаро шаһарының Джоакино Россини консерваториясында оқыды. Италия магистратурасын қызыл дипломмен бітірді. Осыдан үш жыл бұрын Сирия балаларына көмек көрсету мақсатында бірнеше қайырымдылық концертін беріп, ­«ЮНЕСКО Бейбітшілік әртісі» атағын алды.
Астананың өзінде «Орфейдің оралуы» атауымен екі концерт өткізді. Концерт бағдарламасына барокко дәуіріндегі ұлы композиторлар – Иоганн Себастьян Бах, Георг Фридрих Гендель, Кристоф Виллибальд Глюк, Клаудио Монтеверди, Антонио Вивальди, Джоаккино Россини, Луиджи Боккерини секілді музыка корифейлерінің шығармаларымен қатар, операдағы Ор­фей жай­лы аңыз­дың ария­лары енгізілді. 1660 жылғы көне жазбалардың негізінде дүниеге келген туынды сол кезде Қазақстанда алғаш рет орындалды.
«Орфейдің оралуы» тақырыбы кездейсоқ таңдалған жоқ. Ән айтатын жартылай құдай, жартылай адам кей­­­піндегі образ көне грек мифологиясына тән. «Орфей» ең алғашқы опералар қатарына жататындығын да ұмытпаған дұрыс. Мен осы концерт арқылы музыкадағы ертегінің мазмұнын жеткізгім келді» дейді кейіпкеріміз. Контратенор дауысының иелері, негізінен, барокко дәуірінің әуендерін, Қазақстанда жиі
орындалмайтын көне музыкаларды шыр­қайды. Әншіліктің қыр-­сырын Батыржанға Италияда халық­аралық деңгейдегі танымал педагог Джемм Бертаньоли, басқа да тәжірибелі профессорлар үйретті. Батыржанның Коммунада опера хорының дирижері болғаны да бар.
Шетелдегі оқуын аяқтаған соң кейіпкерімізді Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры Айман Мұсақожаева елге шақырды. Батыржан сол оқу орнында оқытушылық қызметпен қатар аралас хордың көркемдік жетекшісі мен дирижері болып жұмыс істейді. Бұған қоса, «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйы­мының әншісі, «Ас­тана Опера» театрының шақырылған солисі қызметтерін қоса атқарып жүр.
Шетелмен де байланысын үзген жоқ – Италиядағы «Coro lirico Perla Verdе» хорының шақырылған дирижері. Италия, Грузия, Франция, Египет, Иордания, Ресей, БАӘ, Польша сынды әлем елдеріне концерттермен барып тұрады. «Жас дарын» (Қазақстан), «Tanysu» (Сан-Марино), «Jumeirah Sounds» (БАӘ) халықаралық байқауларына қазылар алқасының мүшесі ретінде шақырылады.
Батыржан «Санкт-Петербург гран-приі» және Турин қаласында өткен «Concorso della Musica Sacra» байқауларының лауреаты екенін айта кету керек. Өнер иесі Бибігүл Төлегенова, Роза Жаманова, Ермек Серкебаев, Әлібек Дінішев секілді еліміздегі белгілі әншілердің өнеріне бас иеді. Медет Шотабаев, Галина Чеплакова, Татьяна Вицинская, Дина Хамзина, Сүндет Байғожин, Азамат Жылтыркөзов сынды әріптес­терінің өнеріне тәнті.
Оның айтуынша, хор дирижері мен солист – бір-бірінен ажырағысыз, бір-бірімен тығыз байланысты мамандықтар. «Жастық шағында бәрін үлгеріп қалу керек. Өзім меңгерген осы мамандықтардың бірін екіншісінен жоғары қоя алмаймын. Өйткені адамға дауыс Құдайдан беріледі. Ал оны әрі қарай шыңдау орындаушының өзіне, ұстаздарына байланысты. Маған өнер жолымда жақсы ұстаздар кездес­ті» дейді Батыр­жан.
Өзінің жоспары жайлы: «Қазір ғылымға бет бұрудамын. Ойымда көп жобалар бар. Хор музыкасының антологиясын жасағым келеді. «Венеция карнавалы» атты бағдарламаны әзірлеп, тиісті атаумен күні кеше ғана концерт те өткіздік. Оқытушы болған соң жас орын­даушыларды насихаттау­мен, олардың өнерін дамытумен айналысамын. Өнер адамына қолдау әрқашан қажет. Сол мақсатпен жас дарындардың концерттерін ұйымдастырамын» дейді Батыржан.
Жас дарынның дискографиясында әзірге төрт жеке альбом бар. Жоспарлары, жобалары көп дарынға олардың сәтті орындалуын тілеп, қоштастық.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды