«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Ерекше базар салынып жатыр

0 94

Астанада жаңа форматтағы гастрономиялық базар салынып жатыр. Құрылысы енді басталып жатқан базардың басқалардан ерекшелігі – сатып алған азық-түлік өнімдерінен сол жерде-ақ кез келген тағамды дайындатып, тамақтануға да барлық жағдай қарастырылады.

Мәскеулік Данилов базарының қағидатымен жұмыс істейтін жаңа форматтағы базарда алдағы уақытта түрлі жәрмеңкелер, гастрономиялық фестивальдер мен белгілі бас аспаздардың шеберлік сабақтары да жиі өткізілмек.
– Данилов базары – Мәскеу тұрғындары мен туристердің де шаһардағы сүйікті орындарының бірі. Ол – адамдар тек сауда-саттық жасайтын жер ғана емес, жаңа піскен әрі сапалы азық-түлік алумен қатар, дәмді тағам жеп демалатын, дос-жарандармен кездесіп, уақытты көңілді өткізетін орын. Яғни бұл сауда орталығы тұтынушының менталитетін тұтас өзгертеді деген ойдамыз, – дейді Астана қаласы Инвес­тициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Рысгүл Қауғабаева.
Айта кету керек, Мәскеудегі Данилов базарында азық-түлік сатып алумен қатар, 30-дан аса мейрамхана мен дәмханада түрлі ұлттардың асханасынан дәм татуға болады. Астанада ашылатын жаңа гастрономиялық базарда да түрлі өнімдер мен тағамдар болады деп жоспарлануда. Онда келушілерге үздік фермерлік өнімдер мен әлемнің түкпір-түкпірінен әкелінетін делика­тестер ұсынылмақ. Жаңа форматтағы сауда орталығында азық-түлікті сақтауға қажетті тоңазытқыштар мен қоймалар, тауар түсіретін, өнімдерді бөлетін, тұздайтын орындар қарастырылмақ. Сатушылар заманауи сауда сөрелерімен қамтылмақ.
Сарыарқа ауданында, Ш.Айтматов көшесі мен 189-көше қиылысындағы жер учаскесінде салынып жатқан жаңа гастрономиялық базар жоспар бойынша келер жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды