«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Ер қазақ еді Ераға

Президент сыйлығының тұңғыш лауреаты Ержұман Смайыл туралы сыр

0 249

Түр тұлғасы, жүріс-тұрысы, көп желпіне қоймайтын, бәрін орнымен атқаратын, мінезге бай, жүрегі мейірімге толы, көңіліне қонбайтын сөзге «кім білсін» дей салатын, абыр-сабырдан құтылып, жайдары сәтінде, ағынан жарылар тұста «шынымды айтайын» деп бүкпесіз әңгіме тиегін ағытатын Ераға – Ержұман Смайылдың да мына жалған дүниеден жол үстіндегі жолау­шыдай өте шыққанына бір жыл болыпты-ау! Осы бір жыл ішінде Ерағаң аңыз адамға айналғандай болды. Алдыңғы толқын ағалары, кейінгі толқын інілері төгілтіп жазып, «Азамат еді, жалт бермейтін турашыл еді, атаққа жығылып, лауазымдыдан именбейтін еді» деп аты аталған жерде «өткінші өмір-ай!» дейтіндер аз емес.

Сөзіміз жалаң болмасын, дәйек келтірелік. «Күнде таңертең серуенге қатар шығушы едік. Есіл өзенін бойлай жүріп, саябаққа өтетін көпірдің тұсына келгенде Кенесарының ескерткішіне қарап, ұзақ тұрушы еді. Не ойлады, нені толғанды… кісі баласын ғайбаттамай, ешкімді сыртынан сөкпей, ақырын жүріп, анық басып, абайлап сөйлеп, жымиған қалпы …қазақ журналистикасының бір алып бәйтерегі, бір биік шыңы өте шықты мына фәни дүниеден» десе, Мырзатай ағасы Жолдасбеков, Шәмша әпкесі (Беркімбаева) «…Ерекше бір жылылықпен «әпке» деп кішілігін жасап, кісілігін көрсетіп, жағдай сұрап, мерекелермен құттықтап, әр кезде көңіл сыйлап тұратын Ержұман да өтті өмірден… Ержұманның артында жоқтаушылары көп екен. Сол ел-жұрты аман тұрғанда Ержұман Смайыл естен кетпейді» дейді. «Егеменнің» отыз шақты ардагерін Астанадан телефон шалып, мерекелер кезінде құттықтауды қапы жіберген емес. Кеше Ержұман қайтқанда, оны естіген апалары мен ағалары, замандастарының күңіренгендерін де естідік. «Енді бізді кім құттықтайды?!» деп Тұрсынкүл Дайрабаева замандасының дауыс салғанын естіп, жүрегім езілді» депті көз алдында өскен інісі туралы Мамадияр Жақып ағасы. Ал Ерағаң 60-қа келгенде (2008) Мархабат Байғұт бүкіл болмысын жыраулардай жырға сыйғызып, біз тақырып етіп алған «Ереке! Ераға! Ер қазақ» деген сөздермен тілегін түйіндепті.
«…Адамгершілік формуласына негізделген» мақаласында зерек шәкірттерінің бірі Қали Сәрсенбай: «Қысқасы, біздің ұлық ұстазымыз қанша талпынып көрсе де өтірік өмір сүре алмады» дейді. Сексеннің сеңгіріне шыққан ағаларынан бастап, ұстаз деп ұққан іні-қарындастары, серіктестері осылайша ілтипат білдірсе, Маңғыстаудағы курстасы Маңдайлы (Қосымбай) көзінің майын, көңілінің отын қазақ журналистикасына, оның ішінде бас басылымға арнаған Ерағаның өткен жылдарын түптен қозғап, түгел айтуға тырысыпты. Сол секілді қызметтес болып, қамқорлығына қанықпаса да, бұрын сырттан танып, арагідік жүздесіп қалғанда жылы сөзіне жүрегі жылитын, «Егеменге» соңғы жылдары келген жас толқынның ішінде талантты ақын жігіт Мирас Асан Ерағаң мына өмірден қайтпас сапарға аттанған күннің ертесінде: «Егемендей» кеменің, Ескегіндей ер едің!.. Сұм ажалдың жебесі, Бұзды оның да беренін… Ергені кіл − жампоз-ды, Жақсы еді – кіл ерткені… Қос буынның арасын, Қосып жатқан көпірім. Сәлемі де баладай, Әлемі де баладай. Сұңқар сөзге салбуырын, Тұлпар сөзге тағадай… Көңілдің от көрігі, Бұқпады онда дені бой! Қорамсағы сай кез оқ – Қаламсабы еді ғой. Жағар жұлдыз көктегі, Бізге аманат көп тегі! Шерағаңның шекпені, Ерағаңның мектебі!» деп толғанады. Ер азамат, ер қазақ екенін осы мысалдардан аңғаруға болатын шығар.
Болмысы бүтін азаматпен біз абитуриент кезімізде, матрос формасымен жүрген шағында, көріп таныстық. Шымыр біткен денесі құрыштан құйылғандай жұмыр көрінетін. Нық жүрісі сапта келе жатқан сарбазды көз алдыңа әкелетін. Жауырыны қақпақтай, қолы қарулы еді.
Аяқ алысы сәл шабандағанмен, Ерағаң осы қалпынан танбай кетті. Ол сыртқы келбетімен ғана емес, адами қасиетімен де ерекше болатын. Азаматтық парыз, ел алдындағы қарыз дегенде қулыққа бармай, бұра тартпай, Құдай жаратқан қалыбын сақтады. Қандай істе де адалдыққа бағынды, қара жұмысты да апырып-жапырып істейтін. Оны біз оқуға түсіп, ауылшаруашылық жұмысына барғанда аңғардық. Таңның атысы, күннің батысына дейін, темекі жұлып, еңбекқорлықпен озат атанды. Атақты темекі өсіруші, соғыс жесірі, Социалистік Еңбек Ері Алтынбике Бертаева Ерағаңның қимылын көргенде «Қарағым-ай, нағыз Еңбек Ері болатын сен екенсің ғой» дегені есте.
Университеттегі сабаққа келгенде тағы да оза шапты. Оның қалың дәптерге жазған ұстаздар дәрісі біз үшін оқулық секілді болды. Емтиханға дайындық кезінде әр сұрақтың жауабын содан алатынбыз. Орынды жерінде қоғамдық жұмысқа да белсене араласты. Үздіктер қатарында Лениндік стипендиат иегері атанды. Ерте отау тігіп, өздері жалдамалы пәтерде тұрса да сынақ тапсыратын күннен бір күн бұрын жатақханаға келіп, бәрімізді жинап алып дайындайтын.
«Қазір әкем туралы көп жайды білетін сияқтымын. Ойлап қарасам, бәрі – апамның, екі ағамның айтқандары. Әкеміздің де, анамыз­дың да тәрбиесінен болар, ағайынды үшеуміз өте тату болдық» деп өзі айтқандай, 5 жасында әкеден айырылып, анасы Күләшпен бірі 12-де, екіншісі 7-де жетім қалған екі ағасы – Өзібек пен Байжұманның жетегінде өскен Ерағаң студенттік өмірге біраз шыңдалып келгенін, үш жыл әскери-теңіз флотында азаматтық борышын өтеп, Мәскеу мемлекеттік университетінде білім алсам деген арман жетегінде жүргенін де естіген едік. Амал не, қысқа жіп байлауға келгенмен, күрмеуге келген емес.
Өмірлік тәжірибе бар, білім-білігі толысқан, тындырымды, әр іске жауапкершілікпен қарайтын, жүрдім-бардымы жоқ Ерағаңды оқу бітірген жылы ұстаздарымыз университетке мұғалімдік қызметке алып қалды. Журналист болуды мақсат еткен Е.Смайыл алты айдан кейін «СҚ»-ға жұмысқа ауысты. Алдыңғы толқын ағалары оның алғыр­лығына тәнті болып, сенгендері сонша, қорытқан мақалаларына, жазған дүниелеріне басшылары қол тигізбей, баспаханаға жіберетін болған. Іскерлігі мен ісмерлігі арқасында ол зиялылар зердесінен ерте орын алды. Талап пен талғамды тел қоңырдай ұстаған, сеніп тапсырған жұмысты аяғына жем түскен жабыдай кібіртіктемей, бойдағы бар күш-жігерімен атқаруы, арды аттамай, барды бағамдай алуы оған көп абырой әкелді. Қандай жұмысқа да белін бекем буып, тастүйін тұратын. Газеттің қара жұмысында да, шығармашылық дара жұмысын да Ерағаң тыңғылықты атқарды. Сөйтіп, журналистика саласындағы қазақтың қабырғалы қаламгерлеріне ерте танылды. Ұлт дегенде аттан түсіп аттанатын Сейдахмет Бердіқұлов­тың қалауымен, ол кезде даңқы дүркіреп тұрған «Лениншіл жас» газетіне редактордың орынбасары болып ауысты. Ол тұста бұл екінің бірінің басына қона бермейтін бақ, біз үшін де мақтаныш еді. Одан соң өзін түлеткен «СҚ-ға» табан тіреп, «Егемен» газеті басшыларының бірі болып қана қоймай, екі рет, нақтылап айтсақ, бас редактор, акционерлік қоғамның президенті болды.
Жалпы өмір жолы, басқан баспалдағы, ағалары мен замандастары туралы, өзінің сөзіне де кезек берелік. «Шерағаңа орынбасар, бірінші орынбасар болғанға дейін «Лениншіл жас» газетінің редакторы, алғыр да алымды жазушы, абзал аға Сейдахмет Бердіқұловтың орынбасары, Шерағаңнан кейін Қазақстанның Еңбек Ері, ел ағасы, үлкен тәлімгер Әбіш Кекілбаевтың, ақкөңіл де ақжарқын зияткер, көрнекті ақын Нұрлан Оразалиннің, қажырлы да қағылез замандас, ақ адал қайраткер Уәлихан Қалижанның бірінші орынбасары болдым, өзім де бас редактор, акционерлік қоғамның президенті болып көрдім, танымал басшы Сауытбек Абдрахмановтың вице-президенті болдым» деуі алдағы айтқанымызға дә­йек. Қазақтың жақсыларынан үйренген үлгіні, алған тәлімді тілге тиек етуі де білгендік. Кісілік пен кішіліктен ауытқымау, басшыға қосшы болу міндеті де абыройлы іс екенін, қоқырайып, қыр көрсетіп, «көсемдікке» ұмтылу адамдыққа жатпайтынын, түсіністіктен кішіреймейтініңді ескертіп отыратын. Басшыға қосшы болу ісінде жетекке ере бермей, ойыңды бүкпесіз ашық айту, өз тұсыңнан атқарған шаруаны баяндау да азаматқа тән қасиет екенін әр кез естен шығармайтын. Содан болар, Шерағаңнан бастап, Әбекең қоштап – бәрінің де Ерағаңа жылы қарап, зор сенім артып Ерекең деп ілтипат танытқаны.
Әрине, мінезі жіптей дей алмасақ керек. Мінез де жақсы. Өйткені мінезді адамның тас-талауы сыртында болады. Томпиған тымырсық қылық оған жат. Ол саусағын бүгіп, бар мен жоқты іштей санамаламады. Барды бар, жоқты жоқ деп түбі түссе де тура айтты. Ал Ерағаңның мінез көрсетуі де өз орнымен болатын. Өзі адал адам басқаның бас бағып тұрғанына, ішіне қыл-қыбырды жасырып, орынсыз оспақтап, айтсаң көнер деген жұмбақтауға, аңғара қоймас деп жалт беріп кетуге бейімдер – ол кісіге жаға бермейтін. Бетің бар, жүзің бар демей, айтып салып, қарап отыратын.
Ерағаң ел ісімен бірге досқа да адал, қамқор еді. Курстастарды қойып, олардан өсіп-өнген ұл-қыз­ға, кейін өмірге келе бастаған немерелерге де жүрек жылуын, көңіл шуағын аяған жоқ. Қолы босай қалса, шүпірлетіп қаланы аралатуды да естен шығармайтын. «Біздің достық бірте-бірте осыларға жалғасуы керек» дейтін. Бұл тұрғыда аяулы азамат парызын адал атқарды. Көп жағдайда Ерағаң бар деп еркін жүрдік. Бар баланы өз баласындай көрді, бөлмеді, бөлінбеді.
Ерағаң қасиетті қара шаңырақ «Егеменнің» де жақсылығын да өз қуанышындай көрді. Қыз-жігіттердің ортақ қуанышының төрінде отыруға әр кез дайын жүретін. Тіпті уақыт тауып, аудан-облыстарда өтетін жастар тойын да елеусіз қалдырмай барып қайтушы еді. Иә, жұмысты талап еткенде тәртіпке бағынып, былайғы кезде әзілін айтып, «балам, қызым» деп жадырап жүретін.
Қазақ елінің қай түкпірінде өмірден озған курстастарымыздың бәріне дерлік барып қана қоймай, отбасыларының жағдайына қарайласып, көмек қолын созып отыратын.
Адамдар арасына адал дәнекер болудың ұйытқысы да, үлгісі де Ерағаң еді. Ол ешкімді алаламайтын. Ұлттың ұлына, жұрт кісісіне ғана тән қасиет иесі еді. Жайшылық кезде біреудің сыртынан бір ауыз сөз қозғалып қалып, Ерағаңа көз салсаң, «кім біледі» дей салатын. Кейде бір шешілген сәтінде «шынымды айтайын» деп ағынан жарылып, көңілге кірбің түсірмейтін өткен-кеткенді есіне түсіріп, тек ақиқат сөзді бабымен қозғап отырушы еді-ау! Қызыл-жасылға, дүние құмарлыққа жоқ еді. Жұмыстан басқа нәрсе оны қызықтырмайтын. Мал-дәулет жайы айтыла қалса, «Әй, ондайға бармаңдар, қалады ғой. Осы күндеріңе тәубе десеңдерші» дейтін. Үйренер үлгі, алар тәлім көп еді-ау Ерағаңда. Тәлімгер Ерағаңдай-ақ болар.
Зейнет жасына келген күні, яғни 5 қаңтарда бұрынғыдай алшаңдай басып қабылдау бөлмесіне барсақ, хатшы қыз Ерағаңның кілтті тапсырып «Ертеңнен бастап мен зейнеткермін» деп буынып, түйініп кеткенін жеткізді. Күнде айқара ашық тұратын есік жабық. Телефон соғып «Пайғамбар жасыңыз құтты болсын!» дейміз. «Рақмет! Енді зейнеткер шалды осылай құттықтап тұрсаңдар болады» деді. «Біраз демалып алып, қайтадан келетін шығарсыз?». Сәл үнсіздіктен соң: «Менің сөзімде тұратынымды, екі сөйлемейтінімді білесің ғой. Жұмыс істеген кезде істедік. Демалатын кезде демалуым керек емес пе?» Ағаның бұл сөзі ойландырды. Кез келгеннің қолынан келетін батылдық емесі рас. Мұнысы бейнеттің зейнетін көрейін дегені шығар. Ол да жөн. Осы сәтте тәуліктеп көз шырымын алмай, жұмыста жүретін Ерағаң туралы жары Жақан жеңгеміздің кейде аяғандықтан болар, «Сенің көзің тас емес қой» дегені ойға оралды. Газет жұмысында ол өзін де, көзін де аямады. Әлденеше рет көзіне ота жасатты. Осы күні Жақан жеңгей алаңсыз жеті жыл қатарынан қатар жүріп демалғанына шүкіршілік етіп отырады. Әкелерінің басына Маңғыстаудың ақ тасынан күмбез тұрғызған, кісілігі кемелдене бастаған ұлы Ержанға, келіні Айнашқа, ақықтай қызы Айжанға, жаны жайсаң күйеу баласы Жанатқа, Ерағаң алақанында өсірген сары баласына ризалығы шексіз. «Маған Ержұман көп жүк қалдырды. Ол жүк – осылардың тілеуін тілеу, бірлігін сақтау. Ынтымағын арттыру. Өлмес үлгісін жалғап, сыйласқан адамдарынан қол үзбей, достарының ортасында болу» дейді.
70-ке келген күні кернейлетпей, сырнайлатпай, киелі санайтын «Егеменіне» өз әулетімен келіп, ұжымымен дидарласып, аз-кем мақтаулардың шеті шыққанда шекесі тырысып «Ондай артық сөздің керегі не?» деп, немерелерінің өнерін тамашалатты. Соңында «Шынымды айтайын, бәріңе ризамын» деді дидары нұрланып.
Бір ерекше тоқталар нәрсе, Ерағаң зейнетке шыққаннан кейін де қол қусырып қарап жатпады. Рухани дүниемен айналысты. «Өзге емес, өзім айтам өз жайымда» деп Қасым ақын (Аманжолов) айтқандай, бірге оқыған 50 журналистің өмір жолын, олардың отбасын, ұрпағын қамтыған «Өзіміз туралы өзіміз шерткен сыр» деген жинақ шығарды. 460 бет кітапты құрастыру оңай болмағаны анық.
Әр іске ыждаһаттылықпен зейін қоятын азаматтың артында төрт кітап қалды. Алғашқысы Президенттің бұқаралық ақпарат құралдары саласында 1997 жылы тағайындаған сыйлығының тұңғыш лауреаты атанғаннан кейін газетте жарияланған мақалалары топтастырылған «Өмір деген – жол үсті» кітабы болатын. Онда келмес­ке кеткен дәуір мен азат елдің тірлік-тынысы қамтылды.
Курстастар шежіресін, достар шежіресін, туған ауылы Туғанбай шежіресін жазып қалдырған Ерағаң «Әулет» деп Смайыл ата мен Күләш анадан тараған ұрпақ жайлы сөз бен суретті ұштастыра отырып, альбом-кітап жариялады. Бір әулеттен тараған ұл мен қыз, олардан өсіп-өнген немере, шөбере, шөпшек − бәрі қамтылған. Кімнен кім тарағаны түгел көрсетіліп, тіпті әрқайсының байланыс телефондарын да жазып қойыпты. Мұндай үлгіні кез келген азамат қағып алып қалыптастырса, бір атаның балаларының жат болып кетпеуіне, жақын болып жүруіне мүмкіндік туғызары сөзсіз.
Біз бұрын Ерағаң жұмыста ғана тастай тәртіп иесі ме десек, былайғы кезде де сол қалыптан таймаған екен. Соңғы үш кітап – соның дәлел-дәйегі. Әр азамат елге адал қызмет етумен бірге, артына осындай ұрпаққа қажет рухани мұра қалдыру жолында талмай қызмет етсе, бар қазақ, әсіресе, ұл мен қыз алдыңғы тарихты біліп, тұстасын танып, әулетін әспеттеп, тек тамырын ұғып, жат қылықтан аулақ жүрер еді. Тексіздік тегіңді танымаудан шығады. Ерағаң осыны редакция қызметкерлерінің, әсіресе жастардың санасына сіңіріп жүретін. Тіпті оны талап та ететін.
Адамның ойға алғанының бәрі орындала бермейді. Курстас­тар, дос­тар, ауыл тарихы, әулет ту­ралы қалам тербеген Ерағаң «Егемен» туралы кітап жазсам, онда басылым кезеңдері, оған куә болған адамдар – бір сөзбен айтқанда, газеттің бір ғасырлық тарихын шамам жеткенше хатқа түсірсем» деп еді. Фәниге аттанарынан санаулы күн бұрын сол ние­тін орындау үшін өткен жылдың 19 ақпанында 4 бет қолжазбасын қыздарына бастырған болатын. Бастырып отырғанда «Егеменім» туралы қолға қалам алдым. Енді өмір болса, соның басын қайырсам» деп біраз естеліктердің тиегін ағытқан. Кітабының атын «Ғасырлық ғұмыр: жылдар және адамдар» деп алғанын алға тартып, «Алдағы жылы беретін материалдарға осы тақырыпты айдарға шығарсаңдар болады» деп еді. Енді бұл іс жалғаса ма, әлде қаға берісте қала ма, оны уақыт, азаматтардың азаматтығы көрсетсе керек.
Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің «Қай істің болсын алға басуы, іске асуы үшін ең алдымен ниет, содан соң күш және тәртіп керек» деген аталы сөзін қалқан етіп ұстаған, оны бұлжытпай орындап өткен Ерағаң – Ержұман Смайыл туралы әлі де айтар естелік баршылық. Айтыла да береді…

Сүлеймен МӘМЕТ, жазушы-журналист

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды