«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Ер есімі – ел есінде

0 105

Алдағы жылдың 15 ақпан күні кеңес әскерінің Ауғанстаннан шыққанына 30 жыл болады. Осыған орай Қазақстан Республикасының Үкіметі Ауғанстан соғысына қатысқан жауынгер-интернационалистерге тиісті құрмет көрсетуді, айтулы күнді атап өту жөнінде шешім қабылдады.

Ауғанстан соғысында қаза тап­қан қазақстандық жауынгерлерге тағзым ету және бүгінде бейбіт өмірде жүрген ардагер азаматтарға құрмет білдіру ісін үйлестіру Парламент депутаты, жауынгер-интернационалист Бақытбек Смағұл жетекшілік ететін Ауғанстан со­ғысы ардагерлері ұйымдарының «Қазақстан ардагерлері» қауымдас­тығына жүктелді. Бүгінгі таңда рес­публика бойынша түрлі пат­риоттық шаралар басталып кетті.
Астана қаласының «Ауғанстан соғысы мүгедектері мен арда­герлері одағы» қоғамдық бір­лестігі елорда мектептерінде «Ерлік сабағы» акциясын бастады. Мәселен, қаладағы №1, №7 және №15 мектептерде оқушылармен кездесулер ұйымдастырылды. Бұл мектептерде оқып, әскерге аттанған, кейіннен Ауғанстан соғысында болып, қаза тапқан Әділ Даулетбаев, Александр Халявка, Владимир Ким, Василий Нестеров, Анатолий Каюкин, Фанус Адилов, Александр Шанц сынды жауынгерлерге естелік тақталары орнатылған. Алдағы уақытта басқа мектептерде де осындай шаралар жалғаспақ.
– Ауғанстан соғысына қатысқан 17 астаналық жауынгер ерлікпен қаза тапқан болатын. Осы аза­маттардың отбасыларына қолдау көрсету және сол майдангер дос­тардың есімін еске алуға ар­налған шаралар ұйымдастыру – біздің ұйымның басымды мақсаттарының бірі. Сондықтан осы бағытта әскери-патриоттық жұмыстарды бастап кеттік. Сонымен қатар қаза болғандардың ата-аналарына көмек көрсету жос­парланып отыр, – дейді Астана қаласының «Ауғанстан соғысы мүгедектері мен ардагерлері одағы» ҚБ төрағасы Серік Кенжебеков.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды